Ұлттық құрылтай: балалардың болашағына бағытталған нақты шешімдер

Ұлттық құрылтай – мәселенің нақты шешу жолын ұсынатын ықпалды алаңға айналды. Бурабайда өткен жиында Мемлекет басшысы мен құрылтай қатысушылары елді алаңдатқан елеулі түйткілдерді басты назарға алды. Мәселен әр облыс, аудан орталығында, елдімекендер мен ауылдарда балалар футбол алаңдарын жабдықтау, балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру, ономастикалық жұмыстың бірыңғай ережесін бекіту сынды Президент тапсырмалары көптің көкейіндегі қалауларын дөп басқандай. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғау, олардың білім мен тәрбиесіне басымдық беру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселелерін қозғап, нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы әр облыста ерекше балаларға арналған оңалту орталықтарын ашуды, оларды заңнамалық деңгейде қолдау тетіктерін реттеуді тапсырды.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер беретін заң әзірленеді. Бұл құжатта өскелең ұрпақты зорлық-зомбылықтан қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы білім мен медициналық қызметке қол жеткізу мәселелері де қамтылады. Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың орындалу барысы жөнінде кеңес өткізді.

–  Президент мүгедектігі бар балаларын оңалту үшін ата-аналардың Астанамен екі ортада жүргенін, ұлттық орталыққа қаралу үшін кезек күтуге мәжбүр екенін баяндады. Мемлекет басшысы «Ерекше қажеттілігі бар, сондай ақ аутизмге шалдыққан балаларды оңалту, дамыту орталығы әр облыста ашылсын. Екі жылдың ішінде салынсын, есеп бересіздер», – деді әкімдерге. – «Жыл соңына дейін ерекше балаларды қолдауға арналған заң әзірленсін», – деді Президент. Баласын емдету үшін халықтан жылу жинап кеткен отбасы көп. Заңмен жүйеленіп, емдеу, оңалту тетіктері реттелетін болды. – Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу жоспарының мерзімі аяқталады. Осыған орай, Президент «Қазақстан балалары» атты ұлттық бағдарлама құруды тапсырды. – Біз мектептегі білімге баса мән беріп, тәрбиені уыстан шығарып алдық. Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайдың нәтижесінде мектептер үшін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жасалған еді. Кеше Президент бұл құжатты еліміздегі барлық білім ошағына енгізуді тапсырды. Жекеменшік мектептер де басшылыққа алсын деді. Мемлекет басшысы бұл бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынды. – Президент темір торға балаларымен бірге түскен әйелдердің жазасын жеңілдету қажет деді. «Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек», – деді Президент. Ата-анасы кінәлі болса да, балалар түрмеде өспеуі қажет. Кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді қылмыстық жауапқа тарту тәртібін қайта қарауды тапсырды. – «Әр ауданда футбол алаңқайлары салынады. Әлемдік спорт түрі барлығына қолжетімді болуы қажет», – деді Президент.

«Қазақстан балалары» бағдарламасы жас ұрпақтың мүмкіндіктерін теңестіруді көздейді. Ұлттық құрылтай кезінде Президент ерекше қажеттілігі бар балаларға барынша жағдай жасауды тапсырған. Атқарушы билік заң жобасын әзірлеуге кірісіп кеттік деп отыр.

Еділ Оспан, ҚР оқу-ағарту министрінің орынбасары:

Осы мақсатта сенат депутаттарымен бірлесіп, мүдделі мемлекеттік органдардың және сала мамандарының қатысуымен мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді қолдау көрсету жөнінде заң жобасы әзірленуде. Жаңа заң жобасында балалардың мүгедектігін алдын алу мақсатында ертең қолдау жүйесін және ведомсвтоаралық іс-қимылдың кешенді тәсілдерін іске қосу қарастырылуда.

Бүгінде ел бойынша дамуында ерекшелігі бар 235 мың бала есепте болса, 17 мың ұл мен қызға аутизм диагнозы қойылған. Қазір ел бойынша оларды емдейтін 11 орталық жұмыс істейді. Президент тапсырмасынан кейін Алматы, Ақмола, Атырау, Жетісу, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай облыстарында, Алматы мен Шымкент қалаларында жаңа орталықтар ашылмақ. Сондай-ақ премьер-министр Республикалық маңызы бар магистральдың құрылысы бойынша да нақты тапсырмалар берді.

Орталық пен батысты байланыстыратын жол салынады

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Көлік министрлігі осыған дейін әзірленген техника экономикалық негіздеме мен жобалау сметалық құжаттаманы жедел өзектендіріп, қаржыландыру көздерін анықтасын. Жол құрылысына биыл кірісу қажет.

Орталық пен батысты байланыстыратын дәліз Астанада басталып, Жантеке, Егіндікөл арқылы Арқалыққа жетеді. Одан әрі Торғайды басып, Ырғызға жалғанбақ. Дегенмен министрліктің жоспарына сай, бұл бағытта қазір қолданыста бар жолдарға тек жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мақсат Қалиақпаров, ҚР көлік министрінің орынбасары:

Астана Жантеке учаскесінде Қазақстан даму банкінің қаражаты есебінен орташа жөндеу жұмыстары осы жылы басталып, 2026 жылы аяқталады. Жантеке мен Егіндікөл арасындағы аудандық маңызы бар жолға да жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Егіндікөл-Арқалық және Торғай-Ырғыз аралығындағы ұзындығы 339 шақырымды құрайтын жаңа жол салынады.

Мемлекеттік органдарға штат санын көбейтуге тыйым салынады

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканың өсуіне жаңаша серпін беру, әділ және тиімді салық жүйесін дамыту және ретсіз шығындарды тежеу жұмыстары туралы баяндады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

Бюджет шығыстарын оңтайландыру және оларға басымдық беру мақсатында барлық мемлекеттік органдардың штат санын ұлғайтуға, әкімшілік ғимараттар салуға, көлік құралдарын сатып алуға және басқа да шараларға мораторий жарияланатын болады.

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бюджеттік жоспарлау саласына жасанды интеллектіні енгізу арқылы бірқатар тәуекелдерден құтыламыз деп сенеді.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Әкімдіктерді цифрландыру жұмыстары басталды. Орталық мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациясының 5 жылдық тәжірибесі қолданылатын болады. Әкімдіктердің бизнес процесстерін реинжинирингтеу нәтижесінде әрбір өңір үшін цифрлық трансформация карталары әзірленетін болады.

Алия Алмауытова, қала тұрғыны:

Ерекше балаларға көп көңіл бөлуіміз керек. Бұл мәселе Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қозғалып жатыр. Сондықтан еліміздің барлық өңірлерінде, аудандарда, ауылдарда шағын орталықтарды көбейту керек.

Дидар Асқаров, қала тұрғыны:

Былтыр да құрылтай да көтерген мәселе — елдімекенге атау беру мәселесі. Жалпы қазіргі таңда біз өткен тарихымызға қатты маңыз беріп жатқанымызбен тарихи фактілерге сүйенуге көп мән бере бермейміз. Көбі жергілікті халықтың келісуімен ғана сол адамның атын берейік дейді. Бұл жерде ғалымдардың пікірімен де санасу керек. Осы тұрғыда ел Президентінің бастамасын қолдаймын. Себебі кез келген ғылымның негізі түпдерек.

Отандық фильмдердің сапасы қатаң тексеріледі

Елімізде түсірілетін кинофильмдерге қатысты талап күшейеді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деді. Сондай-ақ балаларға арналған қазақ анимациясын дамыту жоспарланып отыр. Біртұтас тәрбие» бағдарламасы балалардың бойында дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған.
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, Ұлттық құрылтай мүшесі Динара Зәкиева бұл бағдарлама аясында құндылықтардың оқу процесіне енгізіліп, арнайы оқу-әдістемелік құрал әзірленгенін атап өтті. Бағдарлама шеңберінде алты негізгі бағыт бойынша жобалар жоспарланған.

Ұлттық құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырудың, қиын жағдайға тап болған балаларды қолдаудың және психологиялық көмек жүйесін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ұлттық құрылтай – 2025 балаларды қорғау бағытындағы маңызды қадамдарды белгіледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығы – мемлекеттің басымдықтарының бірі екенін ерекше атап көрсетті. Кешенді жоспар буллингпен күресуге, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға және мектептерде психологиялық тұрғыдан жайлы орта құруға бағытталған.

Ұлттық құрылтайда сонымен қатар идеологиялық саясатты күшейту, жиын-тойлардағы ысырапшылдықты тыю, шетелдегі жастардың бірлестігін құру мен жұрттан жылу жинайтын қорлардың жұмысын реттеу. Ұлттық құрылтай мүшелері отырыс барысында осындай түйдек-түйдек мәселелер көтеріп, ой-пікірлерін ортаға салды.  Қарағандыдан келген делегат Бекзат Алтынбеков жиын-тойлардағы ысырапшылдық пен даңғойлықты тыю үшін жаднама жасау керек дегенді айтты. Ал жастар қозғалысының жетекшісі шет елдегі жастарды ұйыстыратын бірлестік құруды ұсынды. Ол қазір сыртта білім қуып, еңбек етіп жүрген 72 мың жас азамат жүр деген есеп келтірді. Заңгер Айгүл Орынбек болса, жұрттан жылу жинайтын әр түрлі қоғамдық қорлардың жұмысын реттеуді қолға алу керек дейді.

Президент былтырдан бері мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынғанын, енді оған жалпыұлттық ауқым беру қажеттігін атап өткен еді. Ал құрылтай мүшелері бұл жобаны «Адал азамат» деп қайта атауды ұсынды.

Құрылтайдың былтырғы отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін 23 ақпан «Ұлттық кітап күні» деп белгіленген еді. Құрылтайлықтар мұнымен шектеліп қалмай, енді кітап индустриясына қатысты мемлекеттік бағдарлама қабылдауды ұсынып отыр.

Мемлекет басшысы ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны барлық нейрожүйе жасаушылары еркін пайдалана алуы керек деді. Себебі әзірге интернет кеңістігінде Қазақстан туралы әсіресе ағылшын тілінде ақпарат көп емес.

Шымкенттен келген делегат шетелдік туристер қызығатын жерлерде ұлттық келбетімізді айшықтайтын орындар ашылуы қажеттігін алға тартты.

Гауһар Тұрсынқожа

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ұлттық құрылтай қатысушыларына ауызашар берілді

Президент жиналған қауымды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтап, қасиетті Рамазан айында тұтқан оразалары қабыл болуына тілектестік білдірді. Сондай-ақ Көкше жерінде өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында көптеген салмақты ұсыныс айтылып, қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелер көтерілгенін атап өтті.
– Елдік істе күш біріктіру – біртұтас ұлтқа тән қасиет. Сіздер әрдайым азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін. Рамазан айы – «Айлардың сұлтаны». Осы кезде азаматтарымыз игі амалдар жасауға тырысады. Мұқтаж жандарға көмектеседі. Иман келтіріп, рухани жағынан тазарады. Түптеп келгенде, мұның бәрі жұртымыздың ынтымағын арттырады. Берекелі бірлігімізді бекемдей түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

«Біз біртіндеп барлық салада ауқымды реформалар мен нақты өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Оның бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалуда. Бұл жердегі түпкі мақсат – барлығын өзгерту емес. Ең бастысы – атқарылып жатқан шаруаны оңтайландырып, оның тиімділігін арттыру.

Алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі – жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік аппараттың жұмысын жүйелеп, ретке келтіру.

Өздеріңізге мәлім, елімізде түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарлар бар. Биыл осындай бірқатар құжаттың мерзімі аяқталады. Әрине, оның кейбірі жалғасады, кейбірі мүлдем тоқтатылады. Үкімет мұқият ойластырып, нақты шешім қабылдауы керек»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

ПІКІР ЖАЗУ