Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы

Астана қаласында қазақстандық-тардың патриоттық сезімін арттыру мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен 21 қыркүйек күні «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» атты фестиваль өтті. «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» фестивалі қазақ халқының мәдениетін насихаттап, сәндік-қолданбалы өнер түрлерімен танысуға мүмкіндік беретін маңызды шара болды.

Шараға достық пен татулықты арқау еткен іс-шараға қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Олардың қатарында қазақтан бастап, орыс, украин, татар, қарақалпақ, өзбек, әзербайжан және өзге де этнос өкілдері болды. Ұлттық құндылықтардың халқымыздың өмірінде алатын орны өзгеше. Қазақтың салт-санасын жаңғырту еліміздің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, төл құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу – ұлттық идеяның негізгі бағыты. Ұлттық идея – қазақ халқы тудырған моральдық нормаларда және ұлттық құндылықтарда бекітілген патриоттық тәжірибені меңгеру, ұлттық этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану, тарихты құрметтеу арқылы іске асырылады.

«Бүгінгі іс-шараның мақсаты – қазақ халқының мәдениетін, оның ішінде дәстүрі мен өнерін паш ету, ұлттар арасындағы мәдени бірегейлікті айқындай отырып, этномәдени мұраны сақтау мен тарату. Өзге ұлт өкілдері қазақ мәдениетімен жақын танысу үшін ең алдымен ою-өрнек түрлерін білуі керек деп ойлаймын. Сондықтан фестивальге қатысушылар тақия басуды үйренеді және ұлттық мәдениетті айқындайтын сурет көрмесімен танысады»,-деді «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің төрайымы Тазабике Сәлиева.

Фестиваль аясында киіз басудан шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Қатысушылар киіз бұйымдарын жасаудың техникасымен танысып қана қоймай, оны білікті шеберлердің жетекшілігімен өздері де жасап көрді. Сонымен қатар іс-шара барысында қазақ халық аспаптары ансамблі өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Отансүйгіштік рух – Тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Осы жерде жас ұрпақ, ең бастысы – отбасында асқақ отансүйгіштік сезімде тәрбиеленуі тиіс. Ұлы Абай «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» дейді. Бала бойында отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана мен ауыл-аймағының ықпалы зор. Отанды сүю отбасынан басталатыны рас. Сондықтан да бала тәрбиесінің шешуші факторы – отбасы. Баланың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады.

Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ маңызды іс. Сондықтан да қоғам бұл жұмысқа парасаттылық танытып, байсалдылықпен жұмылуы керек. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағлымдарын, мәдениетін, тарихын, бұрынғы-соңғы ұлы ойшыл педагогтардың еңбектерін оқып, жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып, келер буынға дұрыс тәрбие сіңіру мүмкін емес. Жас ұрпаққа ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, оларды мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – қазіргі таңдағы өмір талабы және қоғам қажеттілігі.

Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы әр ұлттың өзіндік құндылықтары қалыптасады. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал, осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса, барлық салаға өзінің теріс әсерін тигізетіні шүбәсіз.
Бауыржан Момышұлы «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы санаған. Батырлық, ерлік ұрпақтан-ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі – тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық» деген екен. Расында, осынау кең-байтақ атырапты жауға бермей, қасық қаны қалғанша күрескен, жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреп өткен хас батырлар қаншама десеңізші! Олардың ерлігі кейінгі ұрпаққа қашан да өнеге болмақ.

Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ