«ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ»

Құрметті жас достар!

Республикалық «Мөлдір бұлақ» журналы танымдық байқауын жалғастырады. Ғұлама ғалым әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзатқа апат алып келеді» деген ұлы қағидасына сүйене отырып, жастардың тәлім-тәрбиесін күшейту, ұлттық патриоттық сана-сезім-дерін жоғарылату мақсатында ұлттық құндылық бағытында «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген тақырыпта эссе жазу байқауын өткіземіз.
Байқауға еліміздің барлық өңіріндегі 1-11 сынып арасындағы оқушылар тегін қатыса алады. Қазақтануды түпкі қазық етіп, Ел тәуелсіздігін қорғау, мемлекеттің іргетасын нығайта түсу, рухани қуаттылығымызды одан ары арттыру жолында күш біріктіруге шақырамыз.
Туғанына 150 жыл толып, ЮНЕСКО көлемінде аталып өткелі отырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Дұрыстық-бұрыстықты білмеген жұрт азады», «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек», «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», «Білімнің бас құралы – кітап», «Білімі көп адам – құралы сай ұста секілді» деген екен. Ол бір өлеңінде:
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес, бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», — депті.

 

БАЙҚАУДЫҢ ШАРТТАРЫ:
Байқау жылдағыдай эссе жазу формасында, ұлттық ерекшелікке басымдық беріліп, еркін форматта өтеді. Оқушы ой жүгірту, көркем сөз қолдану, қисынды жазу шеберлігі жағынан сынға түседі.
Осы жылдың наурызынан бастап байқауға қатысатын оқушылар редакцияның электрондық почтасына жазған шығармасын жіберу керек. Соңына аты-жөнін, мектебі мен сыныбын, мекенжайын, байланыс телефонын, жетекшісінің есімін толық жазады.
2022 жылы қараша айында іріктеу жүргізіледі. Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында бәйгеден озып шыққандарды марапаттау рәсімі Алматыда өтеді. Жалпы төрт дәреже бойынша 15-ке жуық үздікке арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар беріледі. Жетекшілік еткен ұстаздары Құрмет грамоталарымен марапатталады.
Байқауға қатысатын кез келген оқушы «Қазпошта» бөлімшесі-не барып журналға он екі айға (кемінде соңғы жарты жылдыққа жазылуы) тиіс. Жазылғаны туралы түбіртегін бізге қосып жолдайды.

 

БАЙҚАУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ:
Байқауға қатынасу үшін оқушылар кітап оқиды, дербес пікір жүргізеді, емін-еркін жазады, ұлттық сипатын барынша көрсетуіне мүмкіндік туады. Осылайша оқушының қабілеті мен тіл байлығы сарапталады.
Ұстаздарының сілтемесі арқылы тарихи, көркем, деректі, тәлім-тәрбиелік, этнографиялық, салт-дәстүрлік, қазақы мінезге байланысты әдебиеттерді оқу арқылы дайындалады.
Байқаудың аты айтып тұрғандай, ұлттық құндылық қалай болу керек екенін жеткізеді. Осылайша қазақ тілі мен ұлттық болмыстың шәкірт санасына сіңуіне назар аударылып, көзқарасы мен ұстанымы бағаланады. Білім не үшін керек? Білім алудың түпкі мақсаты не? Адам болу мен қабілетті болудың бірлігі қандай? деген мәселелер айқындалады.

 

Байланыс телефондары:
87073754041, 87776814391
электроды почта: moldir_bulak@mail.ru

«Мөлдір бұлаққа» жазылу жыл бойы жалғасады. Әр айдың 25-не дейін өзің тұратын мекен-жайға жақын «Қазпочта» АҚ-ның бөлімшелеріне барып жазыласың. Келесі айдан бастап журнал қолыңа тиеді.

 

 

ПІКІР ЖАЗУ