Ұлттық идеологияны қалыптастырамыз десек, ұлттық тәрбиенің маңызын арттыру керек
Соңғы жылдары еліміздің білім саласына енгізілген соны өзгерістер өте көп. Ақпараттық технологияның қарыштап дамыған өркениетті ғасырда оқушылардың білім көкжиегін кеңейту басты мақсат екені белгілі. Сондықтан оқу-ағарту жүйесі заманауи жаңалықтарға бейімделіп, сәт санап жаңарып отыруы заңдылық деп білеміз. Жаңартылған бағдарламаның мектептерде қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде Ақмола облысы Білім басқармасының Астана қаласындағы №2 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры Рысжан Шерниязқызы Шамұратовамен сұқбаттасқан едік.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары еліміздің білім саласын дамыту бойынша біршама реформа жүзеге асып жатыр. Әсіресе мектеп бағдарламасы жаңартылған оқу жүйесіне, яғни критериалды бағалау жүйесіне көшіп, біршама өзгерістер болды. Жаңартылған бағдарламаның артықшылығы қандай? Жалпы 2021-2022 оқу жылын қалай қорытындыладыңыздар?
– Өзіңіз білесіз, жаңартылған оқу бағдарламасына 2016 жылдан 2021 жылға дейін кезең кезеңмен көштік. Мұндағы негізгі мақсат – заман талабына сай халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып, 12 жылдық білім жүйесіне көшу, білім сапасын арттыру болатын. Жаңартылған бағдарламаның дәстүрлі оқытудан айырмашылығы: бұрын тек қана кітапқа сүйеніп, оқулық шеңберінде білім беріп келген болсақ, қазір мұғалім оқушыға бағыт-бағдар беру арқылы, оқушының өз бетінше үздіксіз ізденуіне жол ашты. Критериалды бағалау – бұл жаңартылған білім бағдарламасымен бірге келген жаңалық. Бұл бағаның және оқушы білімін әділ бағалау айқындылығына, ашықтығына көз жеткізу үшін тиімді тәсіл. Оқушы білімінің деңгейін нақты анықтауға мүмкіндік беретін халықаралық әдіс. Жаңартылған бағдарлама негізінде оқушылардың ғылыми ізденісін артыру, зерттеу, табу, сараптау, қабілетін дамыту, ойын еркін жеткізе білу, сын тұрғысынан ойлана білу секілді мәселелерге басымдық берілді. Тақырыптар да жаңартылған бағдарламалардың негізінде дайындалды. Оқушылардың оқу-білімге құштарлығын оятумен қатар, өмір дағдыларына бейімдеу, фунционалдық сауаттылығын арттыру бағытына көбірек назар аударылды. Оқу жоспары да сол бағытта бекітілді. Қазір оқушылар жаңа бағдарламаға дағдыланды, үйренді. Топпен, жұппен, жеке жұмыс жасауға бейімделді. Тек жұмыс жасау ғана емес бірге ойлап, бірге талқылауға машықтанды.
2021-2022 оқу жылын жоғары деңгейде қорытындыладық. Көптеген оқушыларымыз ғылыми жобалардан үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Мектебімізде Жұмат Шанин атында театр жұмыс істейді. Осы театрымыз облыстық байқаудан бірінші орын алды. Абай оқулары олимпиадасынан бір оқушымыз бірінші, тағы бір оқушымыз үшінші орын алды. Республикалық олимпиадаға облыс деңгейінде қатысып жатырмыз. «Оқуға құштар» мектеп жобасы аясында оқырман отбасылардың белсенділігін арттыру, кітап оқитын оқушылардың санын көбейту мақсатында түрлі жобалар қолға алынып жатыр. Мектепте өзіндік орны бар өзімнің жеке жобам – директор сағаты апта сайын танымал адамдармен кездесу ретінде ұйымдастырылады. Жобаның мақсаты – оқушылар мектебімізге келген қонақтардан еңбек жолы, өмір тарихы, жеткен жетістіктері мен білімі, принциптері мен ізденістері, арман-мақсаттары жөнінен мотивация, үлгі-өнеге алса екен деген ниет.
Сонымен қатар «Қара шаңырақ» және «Сеніммен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігімен сенімді қарым-қатынас орнатқанбыз. Оқушылардың адами болмысын қалыптастыру барысында ұлттық тәлім-тәрбие беруге қатты мән беріп жатырмыз. Яғни құндылыққа бағытталған білім беру бағытына назар аударамыз. Мектебіміз дарынды балалар мектебі болғандықтан оқушыларымыздың ойы да деңгейі де сол статусқа сай болуы керек. Сондықтан мектебіміздің алдағы жоспары өте ауқымды. Бірінші мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және республикалық деңгейдегі олимпиада қатысушыларының саны мен сапасын, жеңімпаздар санын арттыру. Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті саналы, білімді, зерделі, сауатты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу басты мақсаттарымыздың бірінен саналады.
– Еліміздің білім жүйесіне енген тағы бір жаңалық – инклюзивті білім беру жүйесі. Ос тұрғыдан алғанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету талаптары барлық мектептерге қатысты ма? Сіздер мұндай жаңашылдықты қалай қабылдадыңыздар? Мектептеріңізде осы талаптарға сай қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Бұл үрдіс қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Ата-аналар қалай қабылдады?
– Мектебіміз дарын мектебі болғандықтан, қазір мектебімізде ерекше білімді қажет ететін балалар білім алып жатқан жоқ. Бірақ қоғамның талабына сәйкес кез келген мектеп ерекше балаға білім беруге дайын болуы керек. Кез келген өзгеріске, өмірдің кез келген талабына, оқытудың кез келген қолжетімділігін қамтамасыз етуге әр мектеп дайын болуға тиісті. Өйткені инклюзивті қоғам үшін арнайы категориядағы балалар деп, оларды бөлек мектепте оқиды деп жеке қарастыруға болмайды. Инклюзивті білім беру түсінігі – жалпыға бірдей білім беруге кез келген мектеп ұжымы жағдай жасауы керек деген мағынамен айқындалады.
Мен былтыр Астана қаласының N65 орта мектебінде жұмыс істедім. Ол мектепте 250-ге жуық бала арнайы және инклюзивті білім алады. Ол балаларды кәдімгі балалармен бірдей, бір сыныпта оқытып жатыр. Мектеп мұғалімдері де арнайы курстардан өткен. Ерекше балалармен жұмыс барысында оқу жоспарын қалай құру керек, балалардың қабілетіне қарай қалай бейінді оқыту керек деген мақсатта тәжірибеден өтіп, сертификат алған ұстаздар жұмыс істейді. Бұл мектепте «Бәріміз» деген ұранның айналасына бірігіп, ата-аналар да мектептің талап-тілектеріне сай қолдау білдіреді. Демек кез келген оқу мекемесі ерекше балаларды қоғамнан тыс қалдырмай білім беруден шеттетпей, жалпыға білім беру стандартындағы ерекшеліктерді, ондағы оқу-жоспарлары мен оқу бағдарламаларын назарда ұстай отырып, білім беруден қашпай, керісінше тең білім берумен қамтамасыз етуге жағдай жасайтын болса, жаңа бағдарламадағы мақсат-талаптардың орындалғаны.
– Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды қолдау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Жоғарыда айтқанымдай, мектебіміз дарынды балаларға арналғандықтан, әлеуметтік осал топтағы балаларды қабылдау бойынша биыл оқу жылының басында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 15 пайыз квота алуға мүмкіндігіміз болды. Бұл квотамен биыл мектебімізге әлеуметтік осал топтағы отбасынан шыққан 5 баланы қабылдадық. Өйткені олар арнайы дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығының конкурсына қатысып, электрондық жүйе арқылы тіркеліп, конкурстан өтіп, мектебімізге қабылданды. Оларға басқа оқушылармен бірдей жағдай жасалды, жіті назарымызда. Бұл оқушылардың да болашағының жарқын болуына, өздерінің қабілет-қарымымен жетістіктерге жетуіне барлық мүмкіндіктер бар. Яғни барлық бала тең құқылы, мемлекетіміздің назарында десек болады. Бұрыннан қалыптасқан «Мектепке жол» акциясы бойынша балаларды мектепке, оқуға дайындау, мектепте ыстық тамақпен тегін қамтамасыз ету, қаражат жағынан қолдау дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді.
– Мектепте оқу бағдарламасынан тыс оқушылардың зияткерлік қабілетін дамыту және басқа да қызығушылықтарын ояту мақсатында қандай жұмыстар атқарылады?
– Мектепте оқу бағдарламасынан тыс оқушылардың қабілетін дамыту үшін ең бірінші кәсіптік бағдар дұрыс атқарылуы керек. Кәсіби бағдар беру тек 9 немесе 11 сынып оқушылары арасында жүргізілуі маңызды емес. Оқушыларға лицей, гуманитарлық немесе гимназия бағытында оқу бағдарламасынан тыс зияткерлік қабілетін дамыту үшін сол бағыттағы қосымша білім беруді дамыту қажет деп ойлаймын. Мысалы: лицей бағытындағы оқушыға болашақ программисттер, болашақ техниктер, болашақ инженерлер ретінде техникалық мамандыққа баулитын әртүрлі қосымша білім беру жұмыстарын дамытсақ деген жоспар бар. Яғни, STEM, робототехника, бағдарламалау сияқты бір бағытта мамандандырылған мектеп жұмыс жасап жатыр ма, сол бағытта қосымша білім беруді дамытқан дұрыс деп түсінемін. Ол үшін мектептің ең бірінші техникалық-материалдық базасы мықты болу керек. Қазір көптеген мектептердің техникалық базасы толық жасақталмаған.
– «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз. Ұлт болашағын қалыптастырудың қайнар бұлағы – ұлттық тәрбие екені белгілі. Мектептердің жалпы оқу тәрбие жоспарында ұлттық тәрбиенің қандай да бір ғылыми негізі қарастырылған ба?
– Биылғы оқу жылының оқу-тәрбие тұжырымдамасында Абай Құнанбайұлының «толық адам» ілімі, яғни «толық адам» концепциясы басты бағдар болып белгіленген. Абай ілімінің бұл концепциясы бүкіл адамзаттың жан-жақты дамуын қамтиды. Оқу жылының ерекшелігі: бала болмысының ұлттық кодын оятуда Абай іліміне сүйене отырып, оқыту, тәрбиелеуді қолға алумен байланысты болып отыр. Жақында хакім Абайды зерттеп жүрген, мемлекеттік деңгейде Абай атындағы оқу орталығын ашу туралы ұсыныс тастап жүрген Алмахан Мұхаметқалиқызын шақырып, оқушыларға арнап адам болмысын қалыптастыру тақырыбында директор сағатын өткіздік. Менің апта сайын өткізетін директор сағаттарым бар. Осы директор сағаттарында оқушылардың ұлттық тәрбиемен сусындауына, ұлттық танымын арттыруға, ұлттық құндылығын ұғуға қатысты жұмыстар тұрақты жүргізіліп отырады.
Ең бірінші экономика емес идеологияны қалыптастыру мақсатында ұлттық тәрбиенің маңызын арттыру керек. Бұл менің ойымда жүрген тәрбие тұжырымдамасына енгізілсе деген негізгі ұсынысым. Тәрбие бір бөлім ретінде қарастырылуы керек деп ойлаймын. Әкелер, аналар ұйымы, әжелер, аталар мектебі, институты деген секілді әр тарап өзінің қал-қадірінше мектептерде жұмыс жасап жатыр. Бірақ еліміздің мектептерінде ұлттық тәрбие деген арнайы бөлім жоқ. Десек те, тәрбие процесінде Абайдың «толық адам» ілімі ішінде осы ұлттық тәрбие қамтылуы керек деген ойменен, хакім Абайдың ілімін қосып жатырмыз. Оқушыларға білімнен гөрі алдымен тәрбие берілгені дұрыс.
Тәрбиелеу ісінде кемшіліктердің бары рас. Балаларды қазір өзімізден гөрі, ақпараттық технология тәрбиелеп жатыр. Мойындауымыз керек. Сондықтан ұлттық тәрбиені мектеп бағдарламасына енгізу үшін алдымен тәрбие тұжырымдамасына қосу керек. Мысалы: «Қара шаңырақ» бірлестігімен оқу жылының басында басшысы Тұрар Саттарқызын шақырып, мектебімізде бірнеше қайтара іс-шаралар өткіздік. Балалар ұлттық бағыттағы іс-шаралар арқылы аз да болса құндылықтарды алады, бойына сіңіреді. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет, тыңдау, тілімізді ардақтау, салт-сана, дәстүрлерімізді қадірлеу секілді мәселелерді санасына тоқиды деп айта аламын. Алдағы уақытта тәлім-тәрбие бағытындағы бағдарламалар осындай бірлестіктермен бірлесе отырып жасалса, мектепте оқушылардың таным-талғамына, тәлім-тәрбиесіне үлкен бір үлес қосқан болар едік.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ