Ұлтты сүю ұлылық

Туған өлкеңді, ұлтыңды сүю – ақылдылықтың емес, жүректің қалауы. Талғампаз қазақ елінің ұстанған негізгі бағыты ата-бабалардың үлгі-өнегесі. 
Ұлттың тәрбиесі – ұрпақ тәрбиесінің негізгі құралы. Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігімен басқа ұлттарды танып, білуі керек. Айларды артқа тастап, жылдар жылжып, уақыт өткен сайын замана иірімі де өзгере түседі. Халық тұрмысы мен тіршілігі де өзгерері анық. Тек ел жадында сақталар естеліктердің өшпесі де, өзгермесі де бәріне аян. Ел естелігі – ерекше мұра, өшпес жалын, сарқылмас қазына. 

 

Ұлт жайлы толғанғанда ұлттық құндылықтарды алға оздырып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды көздеген ұлтжанды жандар еріксіз ойға оралады. Сондай ерекше тұлғалардың бірі және бірегейі – Бейсен Абайұлы Құранбек. Бұл есімді естігенде жүрек жылып, ерекше күйге бөленеріміз хақ. Ағамыздың есімі талай жанның дертіне дауа, еміне шипа бола білді. Заманның қара желінің өтінде қалған талай жанға шапағаты тиді, халқымен мұңдасып, елімен бірге қуанды. Қара бас қамын емес, қалың елінің қамын жеді. Ел басына күн туғанда, әркім өз жайын ойлайтыны анық десек де, Бейсен ағамыз елі үшін жанын қиятын жанашырдың, халқы үшін қамығатын қаһарманның шынайы бейнесіне айналды. Өз замана көшінде халықпен әрдайым бірге болды. Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі артылған.
Тал бесіктен тәрбие көріп өскен Бейсен ағаның бағдарламалары жүректі жылытатын. Дертіне дауа тапқан халықпен бірге қуанып, елдің хал-жағдайын сұрауды бір сәт естен шығармайтын. Халықтың жаны сыздаған жерде үнемі Бейсен ағамыз жүретін. Ол халықтың жан-жарасын, жай-күйін сезінетін, жараға ем болатын, халықпен қуанып, халықпен мұңдасатын жалғыз жан еді.
Халық қашанда өр тұлғалы ер азаматтарды жадында сақтайды. Бейсен ағамызды халқы ерекше жақсы көрді. Арыстай азаматтан айырылғанын естігенде, қазірге онан өзге елге жанашыр тұлғаның жоқ екенін сезінгенде, қалың қазақ жұртының көкірегі қарс айырылды. Еңіреген елдің көз жасы сағыныш пен қайғыға толы еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында өз өмірін еліне арнаған ағамыз, өз заманының аңызына айналды. Өзгеге жәрдем беріп, өзгенің қайғысын қуанышпен алмастырғанша дамыл таппайтын, әр қазақты бауырындай көретін жанашыр жанның ендігі жерде арамызда жоқтығы – қазақ халқы үшін орны толмас ауыр қасірет. Бейсен ағамыздың жалыны жабырқаған жандарды жылытқан шырағы өшті. Өмірде білімді, талантты адамдар көп болуы мүмкін. Бірақ, Бейсен аға секілді өз кәсібіне ыхласты, жұрттың жұмысын өз жұмысындай көретін жүрегі нұрлы, жаны таза кісілер көп бола бермейді екен!…
Оның жарқын бейнесі өзге жүректерде һәм өшпес оттай сөнбесі хақ, жалын шашқан сәулелер үміті жүректерде өшпес алау болып қалды. Ұлты үшін аянбай ғұмырын арнаған жан – бүгінгі ұрпақ үшін аңыз адам. Өз ғасырының қырлары мен сырларын қамтып өткен, ұлтты сүюдің ұлылық екенін түсіндірген дана тұлға бейнесі көз алдымызда, оның есімі мәңгі өлмек емес. Соңына өз ісімен, ізгі амалымен өлмес мұра қалдырған Бейсен бейнесі ұлтының ұлылығын ұлықтады. Өз ұлтын шексіз сүйе отырып, халқына өзін сүйгізе білді. Оның жарқын бейнесі өзі жүрегіне сыйдыра білген елімен бірге ертеңгі болашаққа сапар шеге береді.

 

 

Ақтолқын ИГЕРДІ, Жас тілші,  
Еңбекшіқазақ ауданы 
Бәйтерек атындағы орта мектебінің 
10-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ