«Үйлесім» торты
Құрамы: 100 г сары май; 2 стақан қаймақ; 2 стақан қант; 2 шәй қасық сода; жарты лимон; 4 стақан ұн; ванилин; жарты стақан мейіз (изюм); жарты стақан жержаңғақ; жарты стақан көкнәр (мак); 1/4 стақан какао; қант ұнтағы;
Дайындалу тәсілі: Шұңғыл ыдысқа қантты, қаймақты, ерітілген сары майды, ванилинді, қантты салып, 3-4 минут миксермен араластырамыз. Содаға лимон сығындысын қосып, ұнмен бірге тағы да миксермен қоймалжың болғанша араластырамыз. Дайын болған қамырды бірдей мөлшерде бөліп, төрт ыдысқа саламыз. Жержаңғақты орташа көлемде ұсақтап, бірінші қамырға салып араластырамыз. Мейізді жақсылап жуып, кептіріп алған соң, келесі ыдыстағы қамырға саламыз. Көкнәрді үшінші қамырға қосамыз. Төртінші қамырға какаоны саламыз. Әр ыдыстағы қамырға қоспаларын салып болған соң, жақсылап жеке-жеке араластырып шығамыз. Енді 20 минут 180 градуста қыздырылған пешке торт пісіруге арналған қағазды сары маймен майлап, дөңгелек пішінде төрт түрлі қамырымызды пісіреміз. Піскен қамыр суығанша, кремін дайындаймыз. Алдымен қаймақты қант ұнтағымен қосып, көпіршігенше миксермен араластырамыз. Кремін қоюлатылған сүт пен сары май, сливкиді араластырып та жасауға болады. Дайын қамырларды бір-бірлеп, арасына крем жағып, орналастырып болған соң, сыртын безендіреміз. Ол үшін жаңғақты ұсақтап, торттың жан-жағына сеуіп шығамыз. Бетін көкнәрмен, мейізбен, т.б сәндеуге болады.
Асыңыз дәмді болсын!