Уақыт — емші

Баяғы заманда Ғашық, Қызғаныш, Байлық және Бақыт төртеуі бір аралда өмір сүріпті. Қызғаныш байлықтың тұрмысына іштарлықпен қараса, ал Байлық Бақыттың өміріне қызығып та, қызғана қарайды екен.
Осы төртеуінің ішінде ең арманшыл, да келешекке үмітпен қарайтын, тек жақсы жақты ғана көретін, кешірімді де кішіпейіл және ең аңқауы — Ғашық еді. Күн артынан күн, ай артынан ай, тіпті жылдар өтіп жатыпты-мыс. Бір күні жел келіп:
— Аз күнде дауыл тұрады, — деген суыт хабар жеткізеді. Оны естігендер бірден қашудың амалын ойлап, өздеріне қайық жасауға кіріседі. Бірақ, бір қызығы Ғашық:
— Әй, сол дауыл не істейді дейсің? Ештеңе де етпейді, мен қорықпаймын! — деп отыра береді. Айтып ауыз жиғанша, дауыл да жетіп келеді. Ғашықтан басқа арал тұрғындары қайықтарын жасап үлгерген еді.  Тек қана, «дауыл не істейді?» деген Ғашық бейшара жүрегі аузына тығыла, не істерін, кімнен көмек сұрарын білмей сасады. Сонда долдана жылаған Ғашық, қасынан Байлықты көріп:
— Байлық, Байлық, өтінемін, маған көмегіңді бере көрші, — деген еді, оған Байлық:
— Менің көп ақша табуым керек, саған жәрдем етер уақытым жоқ, — деп теріс айналады. Дәл сол мезетте Ғашық жанынан Қызғаныштың өтіп бара жатқанын байқап қалып:
— Қызғаныш, маған көмек ете көр! — деп жалбарынады. Сонда өзімшіл, өркөкірек Қызғаныш:
— Жоқ! — деп кесіп айтып, бұрылып кетеді. Көзінен мөлт-мөлт аққан жасын сүрткен Ғашық, жүрегі қан жылап, қараңғы түнде қиналып отырып қалады. Кенет әлде бір жарықты көреді. Сөйтсе ол қуанышында шегі жоқ, екі езуі құлағына жеткен Бақыт екен. Ғашық оған да жалбарынып, жылап тұрып:
— Бақыт, Ба-қыт, өті-не-мін… — дейді. Жауап жоқ, Бақыт бұрылды да кетті.
Үмітін үзген Ғашық:  «Болды өлген жерім осы екен ғой» дейді…
Ақыры барлығы өз жөндерімен кетеді де, қатты шаршап, қалжыраған Ғашық есінен танып құлайды.
Бірақ, ол айы оңынан туып, ұйқылы-ояу қайықта келе жатқанын сезеді де, «Осы маған көмек бергенге, егер аман болсам, қарымтасын қайтарамын ғой…» деп ойлайды. Сөйтіп, Ғашық, жағалауға шығады, яғни аман қалады. Сонда өзіне кімнің көмек бергенін білмек болып, Білімнен сұрайды. Білім болса:
— Саған тек қана Уақыт көмек берді, — дейді. Сөйтіп, қиындық көрген Ғашықты  ақыры Уақыт құтқарған екен. Иә, «уақыт — емші» — деген осыдан қалса керек….
Түрік тілінен аударған
Данилия ҚЫПШАҚБАЕВА

ПІКІР ЖАЗУ