Тынымбай Нұрмағамбетов: Мен армандаған белесебет

«Елу төртінші жылдың қысқы демалысында аудан орталығында тұратын ағамдыкіне қыдырып барып, белесебет тебуді үйреніп қайтқан соң-ақ, менің бар арманым сол болды.
Ұйықтасам — түсіме кіреді. Оянсам — елестейді. Кейде сабақта отырып та, тіпті отын жарып, әлде өзеннен су әкеле жатып та ойлайтынымды қайтерсің… Ойлайыншы да демеймін-ау, ойыма өз-өзінен түсе кетеді. Ойлап қана қоймай, Мақпыр ағамдыкіне барғанда белесебет тебуді үйреніп алдым… Енді соны сатып әперіңдер — деп талай рет таңертеңгі шәй үстінде, кейде кешкі еттен кейін сарнап арманымды да айттым ғой. Бірақ оған құлақ асатын кім бар. Әкем-шешем елең еткен жоқ.
— Құдай-ай, қол-аяғым сырқырап, оған басымның сақинасы қосылып отырғанда, мынау да зарлай берді-ау, — деп, әжем тіпті ұрсып тастады.
Белесебет туралы алтыншы әлде жетінші рет жырлап отырғанымда:
— Соның не нәрсе өзі? — деп мән берген атам ғана болды. Өзімнің де ендігі үмітім сол кісіде ғана қалған.»

«Атамның беті бері қараған соң-ақ:
Ата-ау, астымда белесебетім болса, қайда жұмсасаңыз да бас тартпаспын. Дүкеннен қант-шәйді өзім барып әкелер ем… ана ауыл, мына ауылдарды да той-жиынға шақырушы болар ем. Етікшіге берген мәсіңіздің біткеніне бір жеті. Көлігіңіз жоқ болған соң, бара алмай отырсыз. Ал, менің белесебетім болса, сізді мінгестіріп алып құстай ұшып…
— Өзі қанша адам көтереді? — деді атам белесебеттің суретіне қарап алып.
— Үш адам, — дедім мен ойланып жатпастан. Солай дедім де: — Мына … мына жерлеріне деп саусағыммен жүк көтергішін, ерін, ердің алдындағы белдеу темірді түрттім.
Атам тағы ойланып қалды.
— Балам-ай, бәрі де дұрыс-ау… Бірақ ақшаны қайдан табамыз. Әкеңнің айлығы ішіп-жемге керек… Менің пенсиям да болымсыз бірдеңе. Мал сатып жаритын да уақыт емес. Бәрі қыстан әзер шыққан арық-тұрақтар.
— Қарыз алсаңызшы, ата.
— Е, сені мен маған қарыз ақшаны кім берейін деп жатыр.
Мен шыдай алмай: «Осы кісілерден сұрап көрсеңізші» деп, ақшасы бар-ау деген үш-төрт кісінің аттарын атай қойдым.»

«Әлден уақытта сатушы да келіп, дүкенді ашты. Ең бірінші болып мен кірдім. Әзірге менен өзге адам да жоқ еді. Есіл-дертім су жаңа белесебеттерде болып, солардан көз алмай тұрғанмын.
— Бала, саған не керек? — деді сатушы.
— Белесебет алатын едім, — дедім, халатын да киіп үлгермеген сатушыға ентіге сөйлеп.
— Ақшаң бар ма? — деп сатушы маған сенімсіздеу көз тастады.
— Бар.
Атамның көк орамалына оралып, әжемнің ескі жаулығының бір шетіне байланған бір уыс ақшаны оған ұсына бердім.»

«Әр белесебетті бір ұстап қанша тұрғанымды кім білсін.
— Бәрі бір зауыттан шыққан ғой, — деді сатушы шытына сөйлеп. Одан әрі тағы таңдап жатуым ыңғайсыз көрінді де, сол кезде қолыма ұстап тұрған біреуін көтеріп сыртқа шығардым да, орауын асығыс жыртып, дәріден босаған шыныға салып әкелген қарамаймен шынжырын майлай бастадым…
Белесебеттің екі дөңгелегіне тырситып желді де бердім. Менің белесебетке деген осынша өлермен ықыласыма сатушының өзі де таңғалды ғой деймін, белесебетпен дүкенді бір айналып шығып, енді Мақпыр ағамның үйіне қарай бұрыла бергенімде, дүкеннің терезесінен қарап тұрып, сатушы басын шайқады.»

«Темір-терсек тиелген ауылдың машинасына мініп жарты жолға дейін келдім де белесебетіммен түсіп қалдым. Ондағы ойым үйге белесебетпен бару еді. Ауылдың одан арғы жолы ылди. Әншейін… белесебеттің рулін ұстап отырсаң болғаны…
Бұл арманыма да жеттім-ау! Атам күншуақта таспа тіліп отыр екен. Мен жанына жете бере белесебетімнің қоңырауын сылдыр-сылдыр еткізгенімде:
— Астапырал-ла-а! — деп шошыған ол мені көріп есін жинады.
Мұнан өткен қызық бар ма? Күлкіге қарық болдым да қалдым. Әншейінде қабағы ашылмайтын әжем де еріксіз езу тартып:
— Қонысжан-ау, атаң талып қала жаздады ғой, — деп жатыр.
Біздің ауылдың топырағын басып тұрған тұңғыш белесебет менікі еді. Сондықтан көршілер де келіп құтты болсын айтып жатты. Тең-құрдастарым, әрине, маңымда жүр. Су жаңа белесебетті қолдарымен ұстап көргеннің өзіне мәз-мейрам.»

«Белесебетімді мінгелі бір рет дүкенге барып қант-шәй әкеліп, екі рет тойға шақырушы болдым.
Біздің үйдің сиыры жыл сайын кеш қашып, жаз ортасында туады. Биыл да сол әдетінен жазбаған соң, әжем мен атамның шайға қататын сүтін көрші ауылдағы Байыр атамның үйінен алып тұратынбыз. Менің белесебетім оған да жақсы болды. Екі ортаны сүт пісірім ғана уақыт жүріп, бір бидон сүтті алып келіп, есік алдына жете беріп, «мен келдім» дегенді үй-ішіндегілерге естірту үшін белесебеттің қоңырауын сылдырлатып қоятыным бар. Ондайда атам сыртқа жүгіріп шығып:
— Ойбай-ау, келіп-ақ қалғаның ба? Мына белесебет деген бізге рахат болды-ау. Бұл жоқ кезде қалай күн көргенбіз? — деп, менің көңілімді көтеріп, өзі де қуанып қалады.»

Үзінділер жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Белесебет» әңгімесінен алынды.

ПІКІР ЖАЗУ