Тунгус метеориті

23bet_f321908 жылдың 30 маусымы күні жергілікті уақыт бойынша, таңғы 7:15-те Шығыс Сібірдегі Тунгус өзенінің аумағында не болғаны бүгінгі күнге дейін дəл анықталмай келеді. Бұл жұмбақты саяхатшылар ғана емес, ғалымдардың өзі қанша зерттесе де шеше алмады. Бірақ жорамалдаушылар өте көп. Дегенмен, осы өлкеде болған аса үлкен жарылыстан айнала 100 шақырым төңіректегі деревнялардың үйлері сілкініп, үйлердің шатырлары ұшып, сиырлары шатқаяқтап кеткен. Бұл жарылысты ғарыштан аса үлкен жылдамдықпен құлаған Тунгус метеориті деп болжайды. Кейбір куəгерлер жарылыс алдында көк жүзін болид сияқты аса жарық аспан денесі кесіп өткен еді, деп түсіндіреді. Жарылыстың дүмпуі 1000-даған шақырымдарға жеткен. Жарылыстың дүмпуі Иркутск, Петербург, тіпті Ұлыбританияға дейін жеткен. Содан бірнеше күн бойы Сібір аспаны, сонау қашықтағы Лондон көшелері де күні-түні айдай жарық болып, көше шамдарын жағудың қажеті болмаған.
Объектінің құлаған жері көп өтпей-ақ белгілі болғанымен, қиян түкпірдегі жер болғандықтан, оны зерттеудің сəті 1927 жылдары ғана туып, кеңес экспедициялары сапарға шығады. Зерттеушілердің айтуынша, жарылыс болған жердің төңірегіндегі жуан діңді ағаштар айнала жапырыла құлап, 15-30 шақырымдағы ағаштардың күйгені анықталған. Бірақ аса күшті жарылыстың орнынан не үңірейген шұңқыр, немесе аспан денесінің сынығы табылмаған. Сонда ол жерге не құлаған, метеорит, болид сияқты ғарыш денесі ме, не беймəлім ұшатын объект пе, не табиғи жарылыс па, əлі күнге дейін белгісіз.
Дайындаған:
К.ДҮЙСЕН.

ПІКІР ЖАЗУ