Туған өлкенің тарихын тани түсейік

Қазақ хандығының 550 жылдығы 11-13 қыр-күйекте Астанада, қазан айында Жамбыл облысында аталып өтілетін болды. Мұны біз Алматы қаласының мұражайлар бірлестігінің директоры Айбек Жексеналыұлы Сыдықовпен әңгімелесудің барысында білдік.

— Сіз жетекшілік ететін мекеме еліміздің тарихымен байланысты болғандықтан, әуелі осы айтулы мерекеге сай қандай іс-шаралар өткіздіңіздер?
— Біздің мұражайлар бірлестігіміз Таңбалы тас қорығы, Жамбыл мұражайымен бірлесіп үстіміздегі жылдың 27 қаңтар — 6 ақпан аралығында көрме өткізді. Көрменің атын «Тарихтың түп қазығы — Таңбалы» деп атадық.
Наурыз айында Орталық саябақта тағы бір
көрме өткіздік. Қазақ хандығының 550 жылды-ғына, Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай 28 панфиловшылар саябағындағы Халық аспаптары мұражайында айтыс ұйымдастырдық. Алматыдағы іргелі жоғары оқу орындарының студенттері қатысқан бұл айтыста 12 ақын өз баптары мен бақтарын сынады. «Заңғар» сауда орталығы ғимаратының кіре берісіндегі 1-қабатта тағы бір көрмеміз бір ай тұрды.
Енді міне, 24 тамызда ашылған көрмеміз жылдың аяғына дейін жалғасады. Келіп, көремін деген ұстаздар мен оқушылар бұл жерден көп тағылым алып, туған ел тарихымен жете таныса түседі. Мекен-жайымыз Алматы қаласындағы «Искра» кинотеатрының ғимаратында. Жамбыл көшесі мен Достық даңғылының қиылысындамыз.
— Астанада , Жамбыл облысында өтетін үлкен тойға сіздер қандай үлес қосасыздар?
— Астанада өтетін мерейтой шараларына әр облыс өз жерінің ерекшеліктерін танытуына күш салатын болды. Әр облыс 3 киіз үй құрады, жеке концерттік бағдарламасы болады. Алматы қаласының Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен біз де үш киіз үй құрамыз. 12 қанатты 2 киіз үйіміз, 8 қанатты 1 киіз үйіміз дайын. Ол киіз үйлерде XIX-XX ғасырларға тән бұйымдар мен әшекейлер, заттар болады. Ол жерде де үлкен көрмеміз болады. Өзімізбен бірге зергерлерді,ұсталарды, шеберлерді де апарамыз. Ұлттық қару-жарақтарды жасап жүрген ұсталар әулеті Махмұт, Айтмамбет Құлмановтар да бармақшы. Әр шебер ол жерде халыққа шеберлік сабақтарын өткізіп, өз қолдарынан шыққан дүниелерді таныстырып, қалай жасағандарын көрсетеді.
— Сұхбатыңызға рахмет, істеріңізге сәттілік тілейміз! Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?
— «Мөлдір бұлақтың» ұжымына шығармашылық табыстар, оқырмандарына мықты денсаулық, өнегелі тәрбие, парасат пен білім тілеймін. Туған өлкенің тарихын тани түсіңдер!

Сұхбаттасқан — Саят Қамшыгер

ПІКІР ЖАЗУ