Туған күні екі рет тойланатын ақын
С. Бегалин атындағы балалар кітапханасында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай өткен әдеби-сазды жыр кешін көрнекті ақын Оразақын Асқар бастап берді. «Мұқағалидің туған күні екі рет тойланады. Негізінде оның нағыз туған күні 13-наурыз. Бірақ метіркесіне 9 ақпан деп жазылып кеткен. Сол себептен, 9-ақпанда республика бойынша тойланса, 13-наурызда өзінің туып-өскен жері Қарасазда аталып өтіледі. Келесі жылы Мұқағалидің 80 жылдық мерейтойы. Сол мерейтой қарсаңында Мұқағалидің 5 томдық толық шығармалар жинағы мен естеліктерін әйелі Лашын апай екеуміз дайындап жатырмыз.
Мен өзім Мұқағалимен 1954 жылы таныстым. Онда мен ҚазМу-дің 2-курс студентімін. Сол кезде шығатын «Әдебиет және искуство» журналына Мұқаметқалидың (Мұқағалидың шын аты солай еді) үш өлеңі шықты. Біз оны сол заматта-ақ жаттап алдық. Менің нағышыларым Нарынқолда тұратын. Соларға барған жолы мен Мұқағалиға жолығып, танысайын деп Қарасазға соқтым. Көшеде жүрген бір баладан сұрап едім, «Мұқағали деген мұғалімнің үйі анау» деп, бір үйді көрсетті. Жақындап барсам, ауласында бір кісі белуарынан шешініп тастап, отын жарып жүр екен. «Мұқағали деген кісі керек еді» деп едім, «Менмін!» деді. Сол жерде өлеңдерін айтып бердім. Риза болғаны сондай, «Лашын, қайдасың, саған арнаған өлеңімді мына кісі жатқа айтып тұр!» деді. Мұқағалимен алғаш солай танысқан едім», — деп, қызықты естелік айтты.
Ол кісіден кейін кешті ұйымдастырып, жүргізіп жүрген Нұрғазима Мұқанова қалалық Оқушылар сарайының қызметкері Роза Әбдіхалықова мен «Қайнар бұлақ» жыр сүйер балалар клубының жетекшісі, ақын Жақсыгүл Қалжановаға сөз кезегін берді.
Бұл кешке қаладағы № 143, № 33, № 43 мектептердің оқушылары айтудай-ақ дайындалыпты. М. Мақатаевтың жыр-әндерін нөсердей төгілтіп, көріністер қойды. Соңында өз шығармаларын да мәнерлеп айтып, тоқтайтын түрлері көрінбей, бізді риза етті.
Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.