Тоққожаның тұлғаттық туындылары
— Тоққожа мырза! Біздің жас оқырмандарымыз елімізге танымал, әйгілі адамдар мен қайраткерлердің сурет бейнелері мен портреттерін салып, редакцияға жиі жібереді. Бірақ, біз ол суреттердің ілуде бірін болмаса, жіберген барлық суреттерді журналға жариялай алмаймыз. Өйткені, олардың негізі кітап, альбомдарда қалай бейнеленсе, соны айнытпай көшіріп салып, бізге жібереді. Сол дұрыс па?
— Жоқ, дұрыс емес. Тұлғатты, мен «портретті» қазақшалап «тұлғат» деп беріп жүрмін. Көпшілік жұртта тұлғаттың түпнұсқамен ұқсастығы маңызды деген жаңсақ ой қалыптасқан. Бірақ бейнені сол көрген қалпында көзді жұмып отырып көшіру мақсат болмау керек. Бейнелеуге деген мұндай көзқарасты кәсіпқой суретшілер «дөрекі реализм» дейді. Яғни, натурализмді өнерге санамаған. Ци Байши деген данышпан: «Живопись құпиясы – ұқсамау мен ұқсау арасындағы шекті табу. Өте қатты (артық) ұқсату – өткінші ойын, ұқсамаса — алдау» деген екен. Тұлғаттағы сыртқы ұқсастықты ішкі мазмұнмен толықтырып, байытып отыруы тиіс, берілген көркем дүниенің мәнін ашуы ләзім.
— Біз де сол, редакция қоржынына келіп түсіп жатқан суреттер тұлғатқа мүлде келмегендіктен, мұрағатқа жинаймыз. Балалар мұны жадында сақтасын. Жалпы елімізге танымал тұлғалар мен батыр бабалардың тұлғатын оқушының салуына бола ма? Тұлғат салуды қалай бастаған жөн?
— Тұлғат салуға ұмтылған бала ең алдымен құжат материалдарымен жұмыс істейді. Олардың өмірдегі бейнелеріне үңіледі. Тек өзіне керекті, жанын тебіренткен мұрағат суреттерді мұқият зерттеп-екшейді, композиция нұсқаларын талмай іздейді, осыдан кейін ғана көңілге түйгендерін қағаз, не кенепке түсіреді. Сондай-ақ суретші түпнұсқада барды ғана тауып қоймай, тұлғат-кейіпкердің жеке мінез-құлқын, типтік ерекшеліктерін, шығармаларындағы, еңбектеріндегі болмыс-типтеріне де үңіледі. Тұлғат кейіпкердің сәтті шығуы суретшінің өзіндік дүниетанымы мен өмірден түйген ойына, қиял тереңдігіне, дүниені қабылдау ерекшелігіне де байланысты. Сонда ғана оның типтік жеке бейне жасауға мүмкіндігі болады.
— Сіздің тұлғат суреттеріңіз сатылымға түскен бе? Еңбектеріңізді көпшілік көрерменге қалайша танытып, насихаттап жүрсіз?
— Еңбектерім 1984 жылдан облыстық, республикалық, халықаралық көрмелерге үзбей қатысып келеді. Шығармаларым республикалық, халықаралық басылымдарда, энциклопедия, кітап, журнал газеттерде басылып, теледидардан тұрақты беріліп тұрады. Жекелеген туындыларым Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мұражайларына қойылған. Сондай-ақ Ресей, АҚШ, Түркия, Алмания, Балтық жағалауы елдері мен Қазақстан азаматтарының жеке қорларында да сақтаулы. Былтыр тұлғатты шығармаларымды жинақтап, «Тұлғат» атты альбомды шығардым.
— Суретші болуды армандап жүрген балаларға қандай кеңес бересіз?
— Суретші болам деген баланың сурет салудан жалықпағаны жөн. Ал, тақырыпқа келсек, айналадағы құбылыстың, табиғаттың, көрген-түйгендерінің бәрі тақырып емес пе… Тек талмай іздену, кітап, альбомдарды тауып, зерттеп, зерделеп оқып, табандылықпен еңбектенсе ғана, іс нәтижелі болады. Болашақ суретшілердің шығармашылық талабы шыңдала берсін деп тілеймін.
Сұқбаттасқан
К. КӨКТЕМҰЛЫ.