Тіл – әлемді тану моделі

Тіл тарих тағылымынан өтіп, тізбектелген заманның тікенегіне қадалған, ауыртпашылық пен қиындықта өз халқының мүддесі үшін қызмет қылған халық құралы.
Тіл ойдың жемісі екендігі әлімсақтан белгілі. Қай тілде сөйлесең, сол тілде ойлайсың. Яғни, тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, тіліміз ұлттың әлемді, дүниені тану моделі. Француз философы Эмиль Сьоран: “Адам мемлекетте емес, тілде өмір сүреді” — депті. Шынында да адам қай елде өмір сүрсе де, бір тілдің өкілі болып қалары анық. «Қай тілде сөйлесең, сол ұлттың өкілісің» деген де сөз бар.
Тілдің ұлттарды теңестіретін құрал екендігін осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын ұғынған Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілінің абыройы жоғары халық – тілінің абыройы төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдай анық ақиқат. Тілінің жігін жоғалтпай, өз жігін жоғалту оңай емес”, — деп жазған екен. Алаш көсемі айтқан осы ой әлі де өз күшінде, тіпті қазіргі даму заманында көкейкестілігі артпаса, кемімей тұрғаны өзегіңді өртеп, ішіңді қайнатып, жаныңды қынжылтады. ХХ ғасыр басындағы зиялы ұлт тұлғалары өмір сүрген дәуірден, қазіргі күніміз кемел дәуір емес пе?! Сондықтан дүниенің мәдени бәйгесінен қалмау үшін біз ең алдымен тіліміздің бәсекеге қабілетті болуына қарқынды қарымтамен назар аударғанымыз жөн.
Тілімізді әлемді тану моделіне айналдырудың басты артықшылығы бүгінгі заманның талабына сай, қоғамның сұранысына ие, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашуында, интеллегенция дәрежесіне көтерілуінде деп білемін.
Өзгелерді ұғыну өзіңді ұмыту емес. Еңселі ел болып қалыптасу жолында өз тіліміздің де абыройын асқақтатып, деңгейін көтеруіміз шарт деп санаймын. Өзге елдің тілін білуге деген құлшыныс ынтаны өз тілімізге де қолдана білсек, алып та алпауыт ғасыр бәйгесінде жүйрік аттай арындап, тіліміздің тізгінін қымтап ұстап, жалғастыра тізбектеуге мүмкіндік жасағандай болар едік.
Тіл-тірлігіміздің айғағы, болашағымыздың бағдар шамы. Бүгінгі ұрпақтың ұлт тіліне деген сүйіспеншілігі мен азаматтық ұстанымы, намысы мен жігері тілімізді төрге шығарарына кәміл сенімдімін. Өссе тілім, мен де бірге өсемін, көркейсе ұлтым, ғасырларға көшемін!…

Игерді Ақтолқын,
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы,
Бәйтерек орта мектебінің
11 сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ