Телефон менің, сенің, оның балалық шағын ұрлады!

Балалық шақ – бұл ештеңеге бас ауыртпай еркіндікте жүру деп білемін. Артқа шегініп, осы бір еркіндік жайлы естеліктерді бір шолып өтейін…
Кейде балалық шағымның ауылда өткеніне қуанамын. Көршінің қыздары біздің аулаға жиналатын. Таңғы шай, одан кейін кішкентай Алтынды түс ауа бір-ақ көресің. Ол кезде тек ойынды ойлайсың. Жатар уақытта да ойлайтының «ертең менің торттарым қатып қалмас па екен?» деген сұрақ. Бұндағы торт дегенім – топырақ пен суға араласқан балшық торт, үсті әр түрлі шөптер мен тастармен сәнделген, сен үшін тәтті әрі әдемі күлше. Оны пісіру үшін +30 +35 градустың астындағы күнге қоямыз. Күлшені күтіп біз де күйеміз. Күнге күйіп қарайып, қызарып денең күйіп жатса да бәрібір еді ғой. Бұл торттарды ұмытуыма екі себеп бар:
1. Ұлы бар, қызы бар – бәріміз балшықты бөлісіп алуға таласып жатырмыз. Қолымдағы шотпен алдымдағы балшықты өзіме тарту үшін күшпен бір соғамын. Жанымдағы ұлдың бір шыңғырмасы бар ма?! Ойбайлап жылап жатыр. Сөйтсем менің алдымдағы балшықтың астына өзінің қолын жасырып ойнап отырған екен. Қанды көрген, біреуді жаралаған мен енді басқа ойынға көше бастадым.
2. Біздің аулада отын қора болатын. Сол жерді үй қылып, достарымды қонаққа шақыратын күн еді. Отындардың бәрін бір жерге үйіп, даланы сыпырып, су сеуіп айналамды тазалап қойдым. Ендігі кезекте маған үстел және әртүрлі тамақтар керек. Далада жатқан ескі сандықты ортаға үстел қылып үстін шаңнан тазарттым. Балшықтан торт, балмұздақ жасап түскі асқа деп суға әртүрлі шөптер мен роза гүлдерін қосып сорпа жасадым. Ең жаманы, қоқыстан керек емес ыдыстарды тауып жаңағы үстелімнің бетіне қойғаным. Барлық достарым келді, енді ғана орнымызға жайғасып жатқан уақытта ағаларым келіп, «біз отын шабамыз, басқа жерге ойнаңдар! Мыналарың не бүкіл қоқысты жинап. Ертең ауырасыңдар» деп бүкіл істегенімді сайға лақтырып жіберді. Осыдан кейін қатты жылап енді ойнамастай болғаным әлі есімде.
Қалада жүргенімде сол теледидардың алдында балалық шақтың дәмін сезбей өсер едім. Мен дәл қазір «біздің балалық шағымыз осындай еді, осындай еді» деп айтып отырғаныммен бүгінде өзім де әлеуметтік желінің тұтқынымын. Себебі заманның талабы солай. Алайда заман солай екен деп 3-4 жастағы балаларға да айфонның түр-түрін ұстатып қоятын ата-аналардың жасап жатқандары дұрыс емес. Үлкендердің оларға айтатын ақылдары «көзіңді бұзасың» дегенмен шектеледі. Сонымен болды. Бұрынғыдай «Бүжәй келеді», «Укол салам», «Құлағыңды кесіп алам» дейтіндерге қазіргі тентектер пысқырып та қарамайды. Бұрын бізді ойынға барудан тежейтін ол әке-шешеміздің «сабағың нашарлайды, енді ойнауға бармайсың» деген ұрыстары еді. Оның өзінде ол ұрыс бізді көп дегенде үш күнге ғана ұстап қалатын. Қазір ше? Қазір кіп-кішкентай қара төртбұрыш балалардан бастап барлығын да үйге байлап қойды. Телефонда отырып таңның қалай атқанын, кештің қалай батқанын білмей қаламыз. Телефонға телміріп күні бойы күн көзін көрмей кететін, ас-суымызды да ішпейтін кездер болады. Иә, мен оның барлығын білемін. Басқалар да біледі телефонның зиянын. Бірақ неге? Неге біз біле тұра сол жаман дүниелерге өзімізді құрбан етіп жатырмыз? Неге заман талабы солай деп солай емес екендігін біле тұра өзімізді алдап жүрміз? Жарайды, бұрынғыдай доп қуып ойнамай-ақ қояйық, шаңғы-шана теппей-ақ қояйық, тым болмаса кітап оқиықшы. Иә, телефонның орнына кітапты өзіңіз де, балаларыңыз да серік ете білсеңіздер, дәл қазіргідей дүбәра күйге түспес едік.
Көбінің ойынша, техниканың тілін білген адамдар ғана ең ақылдылар. Ондай адамның тілін білмейтін ақылдылардың барынан жоғы артық. Балаларына ана тілінен бұрын техниканың тілін үйретуді жөн санайтын ата-аналардың бұл қылықтарының басты себебі де сол…

Алтынай Асанова, СДУ, қазақ филологиясы факультетінің 3-курс студенті.

ПІКІР ЖАЗУ