Тегін зообақ

Айжан балабақшаға барады. Бірде құрбысы Айсұлу оған мынадай қызық айтты. Əкесі оны жексенбі күні зообаққа алып барыпты.
Ол жақта жан-жануардың неше түрі бар екен. Айжанның да зообаққа барғысы келді. Жалғыз бара алмайды. Жексенбі күндері ата-анасының басқа шаруаларымен қолы тимейді. Бір күні ауылдан Айжанның əжесі келді. Айжан əжесіне əке-шешесінің зообаққа алып бармайтынын айтып берді. Сонда əжесі:
— Ертең өзім алып барамын, — деп күлді. Айжанның қуанышында шек болған жоқ. Ертесіне олар автобусқа отырды. Ұзақ жүрді. «Хайуанаттар паркі алыс емес еді ғой», деп ойлады Айжан. Отырып-отырып қалғып кетіпті. Бір кезде əжесінің:
— Тұр, Айжан, — деген даусынан оянды. Ол:
— Əже, қайда келдік? — деп сұрады.
— Ауылға келдік, құлыншағым, — деп əжесі жауап қайтарды.
— Ал хайуанаттар паркі ше?
— Жүр, қазір бəрін көресің, — деді əжесі.Шынында да əжесінің үйінің айналасы хайуанаттар паркіне ұқсайды екен.Сыртта түйе, сиыр, жылқы, қой, ешкі жайылып жүр. Қастарында ойнақтап ала лақ , құлыншақ, қозы жəне бұзау жүр. Ауыл Айжанға өте ұнады.
Серік НҰРАСЫЛ. Тараз қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ