Тәуелсіздік – тұғырым!

Биыл еліміздің сан мың жылдар бойы армандаған тәуелсіздік алғанымызға 33 жыл толып отыр. Осы Тәуелсіздік күніне орай Амантоғай ауылдық кітапханасында «Желтоқсан ызғары» атты тарихи кеш өткізіліп, «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Мақсаты, қазақ елінің сан ғасырлар бойғы қанымен, жанымен келген азаттық таңын алу жолындағы бабалар ерлігін дәріптеу, ұлт тәуелсіздігінің қалай келгенін ұрпақ жадына ұялату, жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтына еңбек етуге тәрбиелеу.
Тарихи кешке қатысқан Амантоғай жалпы білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі Айнұр Ахметбекқызы тәуелсіздік үшін күрескен жастардың ерлігін атап өтті. Ал өскелең ұрпақтың қасиетті борышы – осыны есте сақтау, өз елінің тарихын білу, құрметтеу екенін айтты.
Іс-шара соңында кітапханашы тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты кітап көрмесімен таныстырды. Көрмеде Қазақстанның тәуелсіздігінің қалыптасуы мен дамуы туралы баяндайтын, олардың ішінде: Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі», Ә.Әуелбек «Болашағына қол созған Қазақстан», К.Адырбектың «Тәуелсіздікке талпыныс», М.Қозыбаевтың «Киелі Тәуелсіздік», М. Жолдасбековтың «Тәуелсіздік тағылымы», Қ.Аймахан «Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады», С.Досановтың «Тәуелсіздік толғауы», «Желтоқсан көтерілісі» көп томдық айғақ кітаптар ұсынылды.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!

Қойжігітова Айнұр Теміржанқызы,
Қостанай облысы, Амангелді ауданы,
Амантоғай ауылдық кітапханашысы

ПІКІР ЖАЗУ