Тәуелсіздік тірегі – бірлік пен келісім

«Бірлігіміз – әр алуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. 
Сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның  мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді.
Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі  қолдайды. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы.
Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез-келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз».      
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар –
ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан

 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау және іске асыру бойынша республикалық дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.
Дөңгелек үстел барысында жиынға қатысушылар Президент Жолдауының негізгі міндеттерін, ҚХА-ның оларды іске асыруға қатысу сұрақтарын, сондай-ақ Ассамблеяның қо-ғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі жұмысын талқылады.
ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі М. Әзілханов: — «Былғы Жолдау – қоғамның бірлігін сақтау және Тәуелсіздікті нығайту қажеттілігін ұғындыратын, татулық пен достықтың бірегей жолдауы. Баршамызды біріктіретін құндылықтардың арқасында біз 30 жыл татулық пен келісімде өмір сүріп келеміз, тәуелсіз Қазақстанды құрдық, Тәуелсіздіктің ұрпағын өсірдік. Халықтың бірлігі Жолдаудың атауында бірінші орынға қойылған. Мұның терең символикалық маңызы бар және бізге – Ассамблея мүшелеріне, Ассамблеяның әр өкіліне, әр құрылымына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Тәуелсіздігіміздің тарихи тәжірибесі көрсеткендей, бірлік пен келісім экономикадағы, әлеуметтік саладағы, саясаттағы барлық жүйелі реформаларды жүргізудің іргетасы болды, әрдайым солай болып қала береді.  Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын-да атап көрсетілгендей, еліміз бен халқымыздың дамуының эволюциялық қағидаты осы аксиомаға негізделген. Біздің әрқайсымыз осы қағидаттың дұрыстығына өз тәжірибемізде көз жеткіздік. Биылғы Жолдау әлеуметтік-экономикалық және саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге нақты да тұщымды жауап ретінде бүгінгі таңда ел азаматтарын толғандыратын мәселелерді қамтығаны баршаңызға аян. Президенттің Қазақстан халқына 2021 жылғы Жолдауы –  Мемлекет басшысының бұрынғы Жолдауларында берген тапсырмаларының жалғасы, сондай-ақ олардың ойдағыдай жүзеге асырылғанының нәтижесі болды», – деп, биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі — бірлікті, тәуелсіздікті, халықты біріктіретін құндылықтарды сақтау және нығайту қажеттілігі туралы қоғамға беріліп отырған белгі деп атап өтті.
Ал ҚР Ақпарат және қоғамдық даму Вице-министрі С.Егізбаев министрліктің этносаралық қатынастарды дамыту және үйлестіру жөніндегі қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Спикерлер Президент өз Жолдауында әрбір қазақстандық-тың елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі маңызды екенін атап өтті.
Қатысушылардың пікірінше, Жолдау күн тәртібіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзекті мәселелерге тәжірибелік және халықты толғандыратын өзекті мәселелерге тікелей жауап болды.
Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен барлық құрылымдарының қатысуымен Мемлекет басшысының Жолдауын одан әрі түсіндіруге және тиімді іске асыруға бағытталған нақты ұсынымдар әзірленді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ