Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Қадірлі ұландар!

3bet_f111Елімізде көптеген мерекелер аталып өтіледі. Әр мейрамның адам өмірінде алатын орны бар. Қай-қайсысын алсақ та, жанымызға ерекше сезім ұялатып, қайталанбас сәттерімен есте қалады. Солардың бірегейі деп айтуға болады, 16-желтоқсан Тәуілсіздік күні. Барлықтарыңды, ата-аналарың мен ұстаздарыңды айтулы мерекемен құттықтаймын!
Міне, биыл тәуелсіздігімізге 18 жыл толып отыр. Еліміз, халқымыз үшін тәуелсіздіктен артық бақыт бар ма? Сол тәуелсіздікке қол жеткізу үшін жанкешті батырларымыз бастап, еліміздің нұрлы болашағын аңсаған халқымыздың асыл ұлдары мен қыздары қостап, 300-ге тарта ірілі-ұсақты көтеріліске шықты. Халқымыздың болашағы үшін қам жеген зиялыларымыз да атылды, шабылды, ит жеккенге айдалып отырды. Кеңестік дәуірде тарихымыздың терең зерттелуіне жол бермей, тіпті ауыз әдебиетіміздің, фольклорымыздың ғажайып туындыларын жарыққа шығартпай, халқымызды надан, қараңғы етіп ұста-ғысы келді. Табиғатынан таза халқымыздың өсуінен қорқып, қолдан ашаршылықтар жасап қырып отырды. Тілімізден де айырып, ұлт ретінде жойып жіберудің аз-ақ алдында қалдық. Міне, осының бәрінен құтылып, тәуелсіздігіміздің  Көк Туын желбіреткеніміз ең басты бақытымыз емей немене?
Еліміздің алға қойып отырған жақын жылдардағы  мақсатымыз – ең дамыған елу елдің қатарына қосылу.  Бүгінде еліміз аршындап алға басып келе жатыр. Ал сендер қаршадайларыңнан сабақтарыңды жақсы оқып, болашақта қай-қай елдің ғалымдарынан да, мамандарынан да асып түсетіндей азаматтар болып өсулерің керек екенін өздерің де сезіп жүрген шығарсыңдар.
Біз, үлкендер сендерді мен айтқан деңгейден көрінеді деп сенеміз.
Сұлтан ҚАЛИҰЛЫ,
көрнекті балалар ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының балалар әдебиеті жөніндегі хатшысы.

ПІКІР ЖАЗУ