Таудай талабы барға тосқауыл жоқ

Балалар, сендердің араларыңда шекара мен шекарашылар туралы, олардың атқаратын қызметі жайында жақсы білетіндердің бар екеніне күмәніміз жоқ. Тіпті араларыңда болашақта шекарашы офицер атануды армандайтындар да бар шығар?! Ендеше, бүгін біз өздеріңді тағдырлары ерекше жандармен таныстырғымыз келеді. Екеуі де шекарашы. Бірі – иығына жұлдыз таққан офицер. Шекара аймағында туып, шекарашылардың ел шебіндегі қызметтерінің теперішін көріп өскен. Екіншісі – өзінің Отан алдындағы борышын басқа әскери салада өтеген соң біздің қатарымызға қосылған. Бүгінде қызметін келісімшарт негізінде атқарады. Жас жігітті біздің арамызға ең алдымен әскери формаға деген құштарлығы әкелген көрінеді. Сонымен:

Ағымдағы жылдың 18 тамызы жақындаған сайын әрбір шекарашының көңілі де алыстан естілген дүбірге елеңдеген бәйге аты секілді… Өйткені, Шекара қызметінің құрылғанына тұп-тура 30 жыл толады. Ал бұл дегеніміз, дүние есігін 1992 жылдың жазында ашқан шекарашы әріптестеріміздің орда бұзар шағы…
Жолымның болғаны, «Шекара қызметінің құрдастары» өз мамандықтарын ерекше қадірлейтіндердің қатарынан болып шықты. Бірі – алдағы шілде айында 30 жасқа толса, екінші кейіпкерімізді жарықтық анасы тамыздың дәл он сегізінде толғатып, дүниеге балпанақтай ұл ғана емес, Шекара қызметінің кіл маңызды тапсырмаларын орындайтын сайыпқырандарының бірін әкеліпті…
Сөйтіп, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Шекара қызметін құру туралы Жарлығы шыққан ақжарма күні туған Руслан есімді азаматпен сұхбатымыз осылай аяқ астынан өрбіген еді.
Десек те, алдымен кезекті шекарашы офицерге берсек. Өйткені, өзінің Шекара қызметінен бірнеше апта «үлкендігі» бар, оның үстіне жер жәннаты Жетісудың дәл шекараға апаратын күре жолының сол жағында тұрған ауылдан. Өзінің атауы да осал емес. «Қазақстан» деп аталады…
Хош, сонымен.

Шекараға салған ізі бар…

…Шынымды айтсам, осынау жүзі ақ-сары келген офицермен департаменттің ұзын дәлізінде жиі кездесіп қалып жүретінбіз. Бірақ, бір-бірімізді танымасақ та, бір ғимараттың ішінде жүргенімізді місе тұтып, амандасудың мезіретін жасаудан әріге бармаппыз. Енді міне осы «олқылықтың» орнын толтырудың сәті түсіп отыр.
…Департаменттің аға офицері капитан Дәурен Жәнібековпен сұхбатымыз осылай өріліп еді.
Бір қызығы, Дәурен мен оқыған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі болып шықты. 2014 жылы еліміздегі шоқтығы биік оқу орнының экономика және бизнес факультетін бітіріпті.
«Мәссаған, біз басқан сүрлеумен жүрген екенсіз ғой», деп әзілдедік. Офицер күлімсіреді. «Солай болғаны да…», деді.
Осылайша, астарына ептеген шымшымасы бар әзіліміздің соңы салиқалы сұхбатқа ауыса берген.
…1992 жылдың 5 шілдесінде Алакөл ауданының орталығы саналатын Үшарал қаласынан небәрі үш-төрт шақырымдай жерде орналасқан Қазақстан ауылында туған Дәуреннің балалық балдәурені Достық қаласында өтсе керек.
Ал Достық – бұл қазақ-қытай мемлекеттік шекарасының бойында тұрған қала екені белгілі. Өзіне журналистік іссапармен талай жолымыз түсіп, көрші қытай елінің алыстан менмұндалаған Алашонькоу қаласына көз жібергеніміз бар. Демек, мұнда шекарашылардың шекара бөлімі мен бөлімшесі, тіпті шекаралық бақылау бөлімшесі болатыны заңдылық. Ендеше, Жоңғар Алатауының ашық қақпасы арқылы кезекпен соғатын Ебі мен Сайқан желдерінің долы мінездерін бала кезінен көріп өскен Дәуреннің шекарашылар туралы білмеуі мүмкін емес…
– Бір жағынан көзімді шекара аймағында ашып, жыл он екі ай желден көз ашпайтын қалада шекарашылардың қызметін көріп өскен соң да шығар, уақыт өте келе өзімді Шекара қызметінің сапында көргім келгені, — дейді капитан Д. Жәнібеков.
– Сөйтіп, офицер атандыңыз…
– Иә, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әскери кафедрасын бітіріп, «запастағы лейтенант» атағын алған болатынмын. Ал сіз айтқан Ебі мен Сайқан желдерінің мінезіне Алакөл өңірінің халқы ғана емес, осы жаққа қызмет бабымен ауысып барған шекарашылар да тез үйреніп кетеді. Өйткені, бірі жылы, екіншісі суық әкелетін қос жел сенің үйренбесіңе қоймайды…
Офицер дұрыс айтып тұр еді. Ебі мен Сайқанның тасты ұшырып әкетерлік күшін өз көзімізбен көріп қана қоймай, құтырына соққан желдің өтінде шекара бұзушының рөлін «сомдағанымыз» бар еді. Осыдан кейін қос желдің шекарашылар ғана емес, біздің де ұмытуымыз мүмкін емес болатын…
…Осылайша, алдымен ҰҚК Шекара қызметінің қазіргі Техниканы және қару-жарақ жөндеу басқармасына құжат тапсырған Дәурен 2018 жылы жолдамамен батыстағы Ақтөбе қаласында орналасқан әскери бөлімге жіберілетіні туралы бұйрық шығады.
– Ақтөбе… Офицердің аузынан шыққан әрбір сөзді қойын кітапшамызға жортақтатып жазып жатқан біз еріксіз тоқтай қалдық.
– Шынымды айтсам, алғашында мен де сіз секілді таңғалдым. Сөйтсем, шекарашы болу – бұл сені қайда жібереді, сонда қызмет атқаруды білдіреді екен. Осылайша, жанұямды алып, «Ақтөбе қайдасың?» деп тартып кеттім.
– Қала қалай қарсы алды? Жалпы, сізге Ақтөбенің келбеті, өмірі ұнады ма?
– Білесіз бе, қала маған да жанұяма да бірден ұнады. Негізі, Ақтөбе — менің көзіме байсалды, жайлы қала болып көрінді. Сосын бір байқағаным, жергілікті халық қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанады екен…
Ал шекара мен шекарашылар туралы айтар болсам… Мен қазіргі Ақтөбе облысы бойынша департаментінде қызмет атқарған кезімде әсіресе шекара бөлімшелерінің басшыларынан көп нәрсені үйрендім. Оның ішінде төзімділік пен шыдамдылықты.
Қалай айтсам екен, шекараға жасаған іссапарларымнан кейін мен ел шебінің адамдарын қатты құрметтейтін болдым… Иығына шен таққан офицер атанып қана қоймай, шекараның барлық ауыртпалығын көтере білуге үйреткені үшін. Өйткені, сол сапарларымда мен олармен бірге ел шебіне шығып, шекара нарядының құрамында аз қызмет атқарғам жоқ. Сосын да ондаған шақырымды жаяу жүріп өтудің қандай болатынын мен өз басымнан білемін. Ақпан айында мені Алматы қаласына ауыстырды.
– Капитан мырза, сіздің ел шебіне арнаған саналы ғұмырыңыз енді басталып келеді. Осыған қарамастан, сіздің шекара мен шекарашының өмірі туралы білеріңіз мол, жинаған тәжірибеңіз де аз емес. Бір сөзбен, шекараға салған ізіңіз бар. Енді мынаны айтыңызшы, сіз ғой, дүниеге Шекара қызметі құрылған жылы келдіңіз. Әрине, дәл құрылған күні емес, бірер апта «үлкендігіңіз» бар… Десек те, «Шекара қызметімен түйдей құрдас» деп, толық айтуға болады. Ендеше, сол «түйдей құрдастығыныз» туралы не айтар едіңіз?
– Мақтанамын! Тағдырдың жазуымен, дәл Шекара қызметінің құрылған жылы туғаны, шекара аймағында, бәрінен де желдің өтінде тұрған Достық қаласында өскенімді мақтан тұтамын.
Тағы да айтарым, мен кез келген уақытта шекараға аттанып, қызметімді жалғастыруға дайынмын! Өйткені, Ақтөбе секілді қызметі қауырт қана емес, ауыр саналатын әскери ұжымнан кейін маған ел шебінің кез келген нүктесінде қызмет атқару қиын болудан қалған… Айтпақшы, жанұям – жан жарым Құралай да дәл осылай ойлайды деген ойдамын. Ал ұлдарым Ералы, Әмірлер Алматы қаласында туып, Ақтөбе қаласында өсті. Сондықтан олар да шекарашы әкелерінің гарнизоннан-гарнизонға көшіп жүретін өміріне түсіністікпен қарайтынына сенімдімін. Әрине, өскен соң…
Иә, офицер тамаша айтты. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, шекара аймағында ғана емес, Шекара қызметінің құрылған жылы туған жас жігіт уақыты келіп, бәрібір шекарашы атанды. Осының өзі де көп нәрсені аңғартып тұрса керек.

«Менің төл мерекем – шекарашыларға ортақ…»

…Жас жігіттің сымша тартылған сымбатты тұлғасына соншалықты жараса қалған әскери формасы да біздің әріптесіміздің қайда қызмет атқаратынынан белгі беріп тұр еді. Дегенмен, дәл қазір бұл маңызды емес болатын.
Маңыздысы сол, келісімшарт қызметінің аға сержанты Руслан Қасымов ҰҚК Шекара қызметінің дәл құрылған күні дүниеге келген. Жоғарыда жазғанымыздай, 1992 жылдың 18 тамызында. Сондықтан, Руслан атаулы күні екі мерекені қатар тойлайды. Өзінің және өзі секілді шекарашылардың төл мерекесін.
Осы жерде сәл үзіліс. Балалар, сендер мықтысыңдар, сабақты жақсы оқисыңдар. Тәртіптісіңдер! Мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласасыңдар. Сондай сәтте арқаланып тұрған сендердің ешқандай қиындықтан қорықпайтындарыңа, алдарыңнан кездескен кедергіні бұзып-жарып өте беретіндеріңе әбден сенімдімін! Ал біздің екінші шекарашымыз кіл маңызды тапсырмаларды орындайтын арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сапында қызмет атқарады.
…Өзі дүние есігін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Қаратұрық ауылында ашыпты. Жанұядағы екі ұлдың үлкені. 2010 жылы әскер қатарына алынған ол өзінің азаматтық борышын ҚР ІІМ Ұлттық ұланының еліміздің оңтүстіктегі республикалық маңызы бар шым қалада (Шымкентте) орналасқан әскери бөлімінде өтеген.
Ұлттық ұлан. Осыны естуіміз мұң екен, елең ете қалдық. Өйткені, Руслан 1995 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан 17 сарбаз қызмет атқарған әскери бөлімді айтып тұр еді. Шекарашылар сапына алынбас бұрын Ұлттық ұланның төл басылымы «Қалқан» газетінде жұмыс істегенімізде аталған әскери бөлімде журналистік іссапармен болғанымыз тағы бар…
Иә, қайран ерлер жат елдің аумағында көз жұмғанда Руслан небәрі үш жаста болатын…
– Мәссаған, керек болса?! Сен айтқан әскери бөлімді жақсы білемін ғой. Тіпті бір жолы өзінде болғаным да бар. Дұрысы, журналистік сапармен. Ал мұнда қызмет атқаратындар қала тәртібін қадағалайтын еді…
Капитан Д.Жәнібеков секілді Руслан да күлімсіреді.
– Дәл солай! Қателескен жоқсыз. Мен қызмет атқарған әскери бөлім қаладағы ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, қаланың тыныштығын қамтамасыз ететін…
– Руслан, олай болса, мынаны айтшы, сен қала көшелерінде қызмет атқару кезінде өзің қатысқан ерекше оқиғалар болды ма?
– Әрине. Тіпті бір жолы қала көшедерінің бірінде жоғалған екі-жасар баланы тауып, анасына тапсырғанымыз бар… Тағы бірде тұрғын үйлердің көзден таса жерлерінде анаша шегіп тұрған жасөспірімдерді құрықтадық. Әйтеуір, осыған ұқсас оқиғалар көп болатын.
– Жарайсың! Шуы мол қаланың тыныштығын сақтауға өзіңнің үлесіңді аз қоспағаның байқалады. Енді мынаны айтшы, шекараға келуіңе не түрткі болды?
Руслан ойланып қалды. Сосын:
– Не түрткі болды дейсіз бе? Расын айтқанда, мен әскери киімге бала кезімнен «бей-жай» қараған жоқпын. Білмеймін, әйтеуір үстіне әскери форма кигендер мені өздеріне магнитше тартып тұратын… Қысқасы, ұнайтын. Ақыры, әскерден оралған соң бірден шекарашылардың Алматы қаласындағы Қарасай шекара отрядына барып, құжаттарымды тапсырдым.
Қарап тұрсақ, ағымдағы жылдың 18 тамызында орда бұзар жасқа толатын шекарашы Шекара қызметінің тарихына жазылған талай оқиғаны өз басынан кешіріп, тамаша командирлердің қол астында қызмет атқарыпты.
– Мен шекарашы атанған кезімде небәрі 20 жаста болатынмын. Содан бері арадан 10 жыл өте шықты. Артыма көз салып қарасам, туған елімнің шекарасын күзету ісіне аз еңбек сіңірмеген секілдімін… Ең бастысы, арманым орындалып, Отан қорғаушы атандым. Енді қалғаны, шекарашыар сапында адал қызмет атқару…
Осы жерге келгенде Руслан бізге айтар ойын жинақтап алғысы келгендей сәл үнсіз қалды. Содан кейін:
– Мен әдемі сөздер айта білмеймін. Сонда да тырысып көрейін… Биыл шекарашылар Шекара қызметінің 30 жылдық мерекесін тойлайды. Мен 30 жасқа толамын. Дәл тарихи күні дүниеге келу маңдайыма жазылған екен, «егізімнің» атына сызат түсірмеу жолында өзімнің барлық күш-жігерімді жұмсайтын боламын. Ал менің төл мерекемнің барша шекарашыларға ортақ екені мені ерекше көңіл-күйге бөлейді.
Иә, «Таудай талабы барға тосқауыл жоқ», — деген міне осы!

Міне, балалар! Бізде өздерің үлгі тұтатын шекарашы ағаларың – өз Отанының нағыз патриоттары қызмет атқарады. Болашақта, сендерді де солардың қатарынан көргіміз келеді. Ендеше, өздерің сүйіп оқитын «Мөлдір бұлақ» журналының келесі санына кадеттер – болашақтарын әскери өмірмен тығыз байланыстырғысы келетін шекарашылардың жас бостарымен таныстыратын боламыз!

 

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ПІКІР ЖАЗУ