Тәтті таң
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев елімізге белгілі қаламгер. Ол Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Бабатай ауылында дүниеге келген.
1983 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Осы жылдан бері Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінде қызмет істеп келеді. Ертай Ашықбаевтың «Қос мең», «Жақсы баға», «Ұя», «Ашық сабақ», «Ғашықтар мектебі», «Қаңтардағы құс», «Қобыландының қонысы», «Шырақ пен шуақ» атты жеке жинақтары жарық көрді.
«Қос мең» жыр жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы сыйлығының лауреаты болды. Қазақстан Журналистер одағының Төлеубай Ыдырысов атындағы сыйлығының лауреаты.
Ертай Ашықбаевтың тағы бір ерекшелігі — балалар әдебиетіне қомақты үлес қосқандығы. Оның бірқатар өлеңі мектеп оқулығына енген. «Жалын» баспасы ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдердің үздік шығармаларына арналған республикалық жабық бәйгеде төрт рет (1982, 1986, 1991, 1994) жүлдегер атанды.
Ақынның балаларға арнаоған бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.
Менің ұйқым
Тыныш дала,
үй,
бәрі,
Мен —
алаңсыз күшті ермін.
Менің ұйқым —
жинағы
түрлі-түрлі түстердің.
Мәз боламын,
күлемін,
Жоқ реніш,
өкпе де.
Желден озып жүремін,
Көтерілем көкке де.
Сосын жерге қонамын,
Кезігеді бар таныс.
Қобыланды боламын,
Болып жүрем Алпамыс.
Сауытымды шешемін,
Балпаң-балпаң басамын.
Көк теңізді кешемін,
Көп таулардан асамын.
Қыран болып шүйілем,
Торғай болып сайраймын.
Түс көремін жиі мен,
Жадыраймын,
жайнаймын.
Гүл боп өсем еркелеп,
Күннің нұрын жинаймын.
…Оянар ем ертерек,
Түстерімді қимаймын.
Сағат
Жинап жұмсақ қанатын,
Кетіп қапты қара түн.
Шырт ұйқыны бұзды енді
Шырылдауық сағатым.
Ерте оянып алатын,
О, мазасыз сағатым!
Темір тілің тозды ма,
Таусылды ма тағатың?
Мектебің жоқ баратын,
Бестігің жоқ алатын.
…Оянасың неге ерте,
О, сағатым,
сағатым?!
Таң сәрі
Алтынға боянып,
Келіп тұр таң сәрі.
Қанша рет оянып,
Қалғимыз қанша әлі?!
Сәулемен суарып,
Келіп тұр таң сәрі.
Қанша рет қуанып,
Жылаймыз қанша әлі?!
(Түн-ана шаршады,
Ай да жоқ көктегі.)
…Үйге кір,
таң сәрі,
Әйнектен өт бері!
Дене шынықтыру
«Кел, балалар, оқылық!» —
Қайталанар бүгін мың.
…Кереуетте отырып,
Иілдім де,
бүгілдім.
Әдетімше өзімнің
Кілтін таптым құлпымның:
Керілмедім,
созылдым,
Сергідім де,
сілкіндім.
Жалқаулыққа жекірдім,
Мен сөзіме берікпін:
Қимылдадым,
секірдім,
Тынысымды кеңіттім.
О, жарадым,
жарадым,
Шынықтырдым денемді.
Мектебіме барамын,
Сергек болып мен енді.
Су шүмегі
Сол жақты бұрасам,
Жылы су ағады.
Оң жақты бұрасам,
Суық су ағады.
Жылы су ағады,
Жаныма жағады.
Суық су ағады,
Түршігем шамалы.
Мен ұлмын қайратты,
Елемен мұндайды.
Жылы су —
жайнатты,
Суық су —
шыңдайды.
Ас-дәм
Келмесе егер сабақта,
Шыбықтай боп майысқың,
Мән берген жөн тамаққа.
Мен де,
міне,
шай іштім.
Апам айтар әңгіме:
«Жақсы бала —
тоқ бала».
Бәлішім де бар,
міне,
Жедім аздап ботқа да.
Аман жетті асқар таң,
Таңды осылай бастадым.
Рахмет,
дастарқан,
Азаймасын ас-дәмің!
Ұқыптылық туралы ұғым
Әдепті істер —
үйренерім,
Ұят —
мінсіз бола алмаған.
Түгел менің түймелерім,
Үзілмеген,
жоғалмаған.
Тәте сөзін құрметтеймін,
Мен тыңдамай,
кім тыңдайды?!
Шалбарымды кірлетпеймін,
Қалталары жыртылмайды.
Салақтарды жақтырмаймын,
Ұнатарым —
сәнді нұсқа.
Шешінгенде лақтырмаймын
Көйлегімді әр бұрышқа.
Шаң-тозаңды шақырмаймын,
Жолатпаймын үйіме мін.
Құм-топырақ сапырмаймын,
Мұнтаздай боп киінемін.
Жұрт салақты жаратпайды.
…Қарағандар маған мына,
Мектебімді мадақтайды,
Мадақтайды анамды да.
Әйбат әдет
Ретім жоқ «Қап!» дер менің,
Білім оты —
тұтатқаным.
Жиналыңдар,
дәптерлерім,
Жиналыңдар,
кітаптарым.
Істерім бар талаптанған,
Қалай болмақ үлгерімім?
Баға әкелем сабақтардан,
Қалып қойма, күнделігім.
Әдетінен жаңылмасын,
Дайын тұрсын автоқалам.
Қалып қойма,
қарындашым,
…Өкпелерің жоқ па маған?
Осы әдеттен жаңылмайық,
Түгелденіп аттанайық.
Бірге алғыс қабылдайық,
Ылғи бірге шаттанайық.
Есік алды
Шықтым есік алдына,
Ойға қиял толып бір.
Желкілдеп тұр тал мына,
Гүлге сәуле қонып тұр.
Көріп тұрсыз,
міне,
сіз,
Бұл есікке жоқ тыным.
Өзіңіз де білесіз —
Тұрғындардың көптігін.
Сәлем бердім тосылмай —
Шықты,
міне,
көрші ағай.
Болсақ біз де осындай,
Тез ересек болсақ-ай!
Кім мұнымды «қате» дер?!
Досым,
жылдам өте бер.
Іркілмесін тәтелер,
Бөгелмесін көкелер.
Таңғы тірлік осы енді,
Бәрі кетті асығып.
Жолдарына төселді
Күн шуағы шашылып.
Құстар көкте тербелді,
Неге мен сырт қалайын?
…Асығайын мен де енді,
Мектебіме барайын.
Ертай Ашықбаев,
Ақтөбе облысы