Тәтті сәбіз

Бақыт МҰСТАФИН (1937-2006)
Жазушы, публицист Бақыт Мұстафиннің есімі облысымызға ғана емес, республикаға да кеңінен танымал. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан «Жәлел Қизатов» деген очеркі, 1976 жылы «Қазақстан» баспасынан «Жайнаған жер» деп аталатын очерктер жинағы, 1977 жылы «Жалын» баспасынан «Құрманғали Сұрағанов» деген очеркі, 1978 жылы «Қазақстан» баспасынан «Адам көркі-еңбек», 1979 жылы «Қайнар» баспасынан «Диқан жолы», 1979 жылы «Жалын» баспасынан балаларға арналған «Тәтті сәбіз» әңгімелер жинағы, 1997 жылы Петропавл қаласында «Досыңды шақыр» әңгімелер жинағы,1985 жылы «Қайнар» баспасынан «Далам – дәулет ордасы», Петропавл қаласында 2005 жылы «Таза көңіл», 2007 жылы «Сарыала күзді сағыну» атты кітаптары жарық көрді. Бақыт Мұстафин артына мол әдеби мұра қалдырған жазушы.

 

Көктем туып, жер қыза үйдің іргесіндегі бақшаға Береке мен папасы қияр, сәбіз, қызанақ отырғызған еді. Көп кешікпей бәрінен бұрын сәбіздің жас сабағы күлтелене қылтиып келе жатты. Қатар-қатарда жыпыр-жыпыр етіп тіпті әдемі көрінеді.
Қуанып кеткен Береке тағат таппай әлгі сәбіздің сабағынан күніне бірнеше рет алақанымен сипап қояды.
- Балам-ау, сәбіз сипа-ғанға өсе ме? – деп бір күні күтпеген сұрақ қойды. Береке ойланып қалды. Сонда барып папасы:
- Сипалап қол тигізе берсең, түбі босап қалады. Одан да сен күн сайын су құй, арам шөбін жұл, - деді. Содан соң-ақ Береке бақшадағы сәбіздерін дамылсыз күтумен болды. Ойнап кеткен жерінен қайырылып оралып, кішкене шелегімен у тасып жүрді. Достарына мақтанатынды.
- Сенің сәбізің ең тәтті сәбіз, соңыра өскен соң көрерсің, - деді бірде папасы.
- Оны қайдан білесің, папа? Тұқымы жақсы ма? – деп бала қызыға түсіп дамылсыз сұрай береді. Папасы айтқандай-ақ, сәбіз өсіп, толысып келе жатқанда Береке бір түбін жұлып алып, жуып жеп көрді.
- Тәтті ме екен? – деді папасы.
- Қант қосқан сияқты, - деді сүйсінген Береке. – Папа, ең тәтті сәбіз болатынын қайдан білдің?
- Ісіңнен. – Бала таңырқай түсті. – Сен оны сумен ғана емес, еңбекпен де суарған едің. Тәттілігі содан ғой. – Береке сәбізін достарына көрсетпек болып жүгіре жөнелді.

ПІКІР ЖАЗУ