Татар халық жұмбақтары
Ақылдыға айттым –
Ойлады да білді;
Ақымаққа айттым –
Тыңдады да күлді.
(Жұмбақ)
Таразыға тартылмас,
Базарларда сатылмас.
(Ақыл)
Бір байлық бар – жанбайды,
Ұры да ұрлай алмайды,
Не жоғалып қалмайды.
(Білім)
Ақысыз кіресің,
Қазына жиып шығасың.
(Мектеп)
Тілі жоқ, өзі түсіндіреді.
(Кітап)
Кішкентай ғана сандыққа бүкіл дүние сыйған.
(Кітап)
Жаны жоқ, өзі қырық түрлі тіл біледі.
(Қалам)
Өзі оқи алмаса да, ғұмыр бойы жазады.
(Қалам)
Қағаз бетін қарайтады,
Дүние жүзін ағартады.
(Қалам)
Өзі бір қарыс,
Тілі мың қарыс.
(Қалам)
Қара қырда ақ қоян шабады.
(Қара тақта, ақ бор)
Бір шығарып жіберсең, қанша шақырсаң да кері қайтпайды.
(Сөз)
Теңізі бар, суы жоқ,
Қаласы бар, халқы жоқ,
Орманы бар, талы жоқ.
(Карта)
Шаһарлары жұртсыз,
Теңіздері сусыз.
(Географиялық карта)
Ол болса күндіз болады,
Ол болмаса, түн болады.
(Күн)
Бір қойшы мың саулық бағады.
(Ай, жұлдыздар)
Атасы мен анасы бар,
Неше жүз мың баласы бар.
(Күн, Ай, жұлдыздар)
Аймен бірге келеді,
Күнмен бірге кетеді.
Алтын басты,
Күміс шашты,
Көзі жасты.
(Жұлдыздар)
Міне жатыр гауһар тас,
Алмақшы едім, жоқ болды.
(Қар)
Мамық төсегім,
Жерге төседім.
(Қар)
Басы тауда, аяғы теңізде.
(Бұлақ)
Айтқаныңды өзіңе қайтарады.
(Жаңғырық)
Атам келді сағынып,
Аппақ тонын жамылып.
(Қыс)
Жаз келсе, киінеді,
Қыс келсе, шешінеді.
(Ағаш)
Қайшысыз кескен,
Жіпсіз тіккен.
(Жапырақ)
Көктемде өмірге келеді,
Ал күзде сарғайып өледі.
(Жапырақ)
Ұрмай, соқпай, жылатар.
(Қалақай)
Ала шапан киінген,
Мал сойғанға сүйінген,
Қанды көрсе жүгірген.
(Сауысқан)
Қырда қара қазаным қайнайды.
(Құмырсқаның илеуі)
Төртеу оның аяғы,
Төбесінде құлағы.
Елден елге жеткізер
Тастан қатты тұяғы.
(Ат)
Сақалы бар,
Ақылы жоқ.
(Теке)
Мұрты бар, сақалы жоқ,
Тоны бар, шапаны жоқ.
Табылып қажеті үйден,
Алысқа сапары жоқ.
(Мысық)
Өзі шар секілді,
Іші қан секілді,
Дәмі бал секілді.
(Қарбыз)
Татар тілінен аударған — ақын, аудармашы Байбота Қошым-Ноғай