Тарихи-мәдени мұра – баға жетпес қазына

Мәдениет саласының маңызды басты міндеттерінің бірі Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын және отандық мәдениетін халықтың тарихи тағдырының куәгері, оның дамуының негізі, адамзат өркениетінің құрамдас бөлігі ретінде дәріптеу болып табылады. Астанада мемлекеттік тізімге енген 46 республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіштер, 37 тарихи-мәдени құндылығы анықталған және болашақта ескерткіш­тер қатарын толықтыратын нысан, 12 архео­логиялық ескерткіш бар.

Есіл өзені маңындағы сақ тайпаларының ру басшыларын жерлеу нысандарының біріне жататын Көктал қорымы (б.д.д.VII-III ғғ.), ерте темір ғасырының кезеңіндегі қорғанға ұқсастық байқатқан Талдыкөл қорғаны (б.д.д. V-ІV ғғ.), осы аймақты мекендеген бірнеше этнос топтарының Орал маңындағы савромат-сармат әлемімен байланыс­тарын айқындайтын Күйгенжар қорымы (б.д.д. І мыңжылдықтың соңы), Сарқырама өзенінің жанында орын тепкен Сарқырама қорымы (ерте ортағасыр), екі қорған үйіндісінен құралған Шұбар қорымы (ерте ортағасыр), 1200 жыл бұрын VІІІ ғасырда пайда болып, ХVІ-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген Бозоқ қалашығы. Қазақстан археологиясының атасы, марқұм К.Ақышевтың басшылығымен басталған зерттеу жұмыстары қалашықта 1999 жылдан жүріп келеді. Ресей, Татарстан, Қазақстанның жетекші ғалым-медиевистерінің сараптамалық қорытындысымен материалдары Еуразиялық ғылыми археологиялық кеңістікке енген Бозоқ қалашығы Қазақстан астанасының қазіргі аумағын игеру үрдісінің көне түркі дәуірінде басталғанын айқындайды.  Қала құрылысы және сәулет өнері ескерт­кіш­терінің қатарында – қыз және ер балаларға ар­налған екі ағаш үйден құралған бұрынғы Мұсылман мектебі, (ХІХ ғ. басы), Акмолинск қаласындағы қазақ көпесі Б.Қосшығұловтың қаражатына тұрғызылған Мұсылман жастарына арналған Б.Қос­шығұловтың мектебі, (ХІХ -ХХ ғ. басы), Акмолинск қаласындағы көпес Нұрмұхамед Забировтың қаражатына салынған (қазақтар оны «татар» немесе «жасыл мешіт» деп атаған) бүгінде сақталып қаған Жасыл мешіттің қоршауы (1895 ж), құрылысы алғашқы орнында 1854-1856 жж. жүргізілген, кейінірек 1900 жылы қазіргі орнына көшірілген, ағаштан салынған Константин-Елена шіркеуі, Ресейлік Николай атындағы Бас обсерваторияның тапсырмасымен Екатеринбург обсерваториясы салған, бүгінгі күнге дейін бастапқы мақсатында пайдаланылып отырған Метеостанция үйі (1914-1916 жж) және өзге де нысандар назар аударады.

Ал берірек келер болсақ, тың және тыңайған жерлерді игеру тарихымен тығыз байланысты Тың игерушілер сарайы (1963 ж), 1954 жылы алғашқы тың игерушілер келген вокзал, Ордерлі жүйенің классикалық тәсілімен салынған Теміржолшылар сарайы (1954 ж), Пионерлер үйі (1958ж) қала тарихының жылнамасындай көрініс береді. Бұлардан басқа, Кеңес дәуірінің 40-50 жылдары сәулет өнеріне тән эклектикалық бағытта салынған «Есіл» қонақүйінің ғимараты (1958-60 жж), Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіне арнайы салынған үш қабатты Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің ғимараты (ХХ ғ. 50-ші жж.) тарихи және мәдени ескерткіш ретінде назарда тұр.

1994 жылы С.Сейфуллиннің жүз жылдық тойының құрметіне, музейінің алдында жаңа ескерткіші ашылды. 1995 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығына, соғыстан оралмаған жауынгерлерді есте сақтау мақсатында Жеңіс даңғылында Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне ескерткіш тұрғызылды. Осылай, тәуелсіз жаңа заманның жаңа ескерткіштерінің астанадағы шеруі басталып кетті. Астанамыз Ақмолаға көшіп келгеннен кейін, 1998 жылы Арт центр «Номад» қоғамдық қорының президенті М.А.Мансұровтың ұйымдастыруымен Қазақстан мен Германия қалаларынан халықаралық симпозиумға қатысқан 20-дан астам мүсінші Астанаға өздерінің жұмыстарын сыйға тартты. Бұл мүсіндік жұмыстар – «Балық», «Есіл-Іле-Рейн», «Таңба-Тас», «Шаман», «Барыс», «Ата баба елітетін күй», «Аңшы», «Қыпшақ», «Бесік», «Адам ізі», «Шаһар қақпасы», «Ұмай», «Буйвол», «Балбал», «Ана мен бала», «Жұлдызшоқ», «Шабыт», «Диірмен», «Періште», «Бота» атауларымен тарихқа үңіле түсуге мүмкіндік береді. Әрі қызғылықты және жұмбақ формаларымен тұтас бір тас мүсіндер саябағын құрады. Бүгінде осы саябақты «Конгресс-холл» ғимаратының жанынан тамашалап көруге болады.

«Астана-Бәйтерек» монументі 2002 жылы тұрғызылды. Одан екі жыл бұрын, 2000 жылы Астанада Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамы Ауғанстанда қаза болған 761 жауынгердің есімі қашалып, мәңгілікке жазылған мемориал орнатты. 2006 жылы «Чернобыль апатының құрбандарына» қара түсті шытынап кеткен тастан, ортасында құрыштан жасалған атом символы орнатылған ұмытылмас белгі тұрғызылды. Абайдың, Қанжығалы Бөгенбай батырдың, Құрманғазының, Жамбылдың, Әлия Молдағұлованың, Бауыржан Момышұлының ескерткіштері өзге де көптеген монументтер мен кешендер қала қонақтарының назарын аударуда. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би монументі (2001ж.), Кенесары хан ескерткіші (2001ж.), «Отан қорғаушылар» мемориалдық кешені (2001ж.), «Астана-Бәйтерек» монументалдық құрылысы (2002 ж.), «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды-мұражай кешені (2007ж.), «Қазақ елі» монументалдық кешені (2008ж.), «Атамекен» мемориалдық кешені (2009ж.), Қазақ хандығын құрған ­Керей және Жәнібек хандардың монументтік-мүсіндік композициясы ( 2010ж.), «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасы (2011 ж.), «Әзірет Сұлтан» мешіті (2012ж.), «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» (2012ж.), И.В.Панфилов монументі (2015 ж.), Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың (2015ж.) ескерткіші ашылды. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала Елі» монументі. 25 қырлы аспанға ұмтылған ақ мәрмәр 70 метрлік стела ел Тәуелсіздігін символдармен асқақтатып тұр. Астанада «Атамекен», «Астана-Бәйтерек»,  «Қазақ Елі», «Мәңгілік Ел» Салтанатты қақпасы, «Ұлы Дала Елі» монументі» ескерткіштері Тәуелсіз Қазақ Елінің символдары санатында техникалық бірегейліктерімен бірге тарихи, саяси-қоғамдық, көркемдік маңыздылығымен ерекше рөл атқарып келеді.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

ПІКІР ЖАЗУ