Тәрбие – тал бесіктен
Міне, уақыт зымырап, күн артынан күн өтіп, ай артынан ай өтіп, көзінің қарашығы, атасының тұңғыш немересі алғаш мектеп табалдырығын аттамақ. Бұл әулет үшін үлкен қуаныш. Оқушылардың бірі мектептегі алғашқы күнін тағатсыздана күтіп, мәз-мейрам болса, енді бірі қатты толқитыны анық. Жаңа оқу жылында ата-аналар балаларын жетектеп, абыр-сабыр болып мектепке алып барады. Әсел асығып мектепке жиналды. Киініп айнаның алдына келіп, өзін тәртіпке келтіре бастады. Содан соң қуанышы қойнына сыймай, сөмкесін асынып, сыртқа шыққысы келгенде, атасы:
– Құлыншағым, асықпа, әлі уақыт бар. Атаң саған батасын бермеді ғой, – деп тоқтатты.
– Келін, шәйің дайын ба?
– Шәй дайын болды, келіңіздер.
– Жүр қызым, анаңның шәйі дайын екен.
– Пах шіркін, дастарханды жайнатып қойыпсың ғой!
– Бауырсақтан ыстықтай ауыз тиіңіз, мен шәй құя берейін. Қандай шәй ішесіз? Сүтпен бе?
– Мен сүтпен шай ішемін.
– Қазір. Міне, бал бар. Қарақаттың тосабынан алыңыз, ауылдан беріп жіберген еді. Өте дәмді.
– Рақмет, келін, шынымен де, дәмі тіл үйіреді екен.
– Әулетіміздің кішкентайын мектеп табалдырығын аттаған қуанышты күнімен құттықтаймын. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шық», сабағыңды жақсы оқы. Әсел қызымның өмір жолы ашық, болашағы жарқын болсын! Еліне елеулі, халқына қалаулы болып өссін, – деп атасы батасын берді.
– Әумин, айтқаныңыз келсін!
– Ата, тағы шәй ішесіз бе?
– Жо-жоқ, рақмет Қызым!
Шайың қызыл болсын,
Ғұмырың ұзын болсын.
Несібең таса берсін,
Дұшпаның қаша берсін,
Құдайым ұзақ ғұмыр жаза берсін!
– Әумин ата!!
– Әсел, ботам, сен қандай мектепке барасың?
– Ата мен «Пушкиннің 13 мектебіне» барамын.
– Қателеспесем №13 мектепке барасыңғой, айтпақшы ол орыс мектебі емес пе?
– Иә, дұрыс айтасыз, орыс мектебі, – деді, келіні.
– Орыс мектебі? Бұл не болғаны? Осы орыс мектебінде не бар соншалықты? Түсінбеймін. Қазақ мектебі одан кем бе? Не болса да, қазақ баласы қазақ мектебінде оқығаны дұрыс қой. Баланы орыс сыныбына беру, оған қарсы жасалған үлкен қылмыс, – деп, атасы бұл жағдайға наразылығын танытты.
– Ата-ана ешқашан баласына жамандық тілемейді ғой ата. Біз баламыздың жақсы білім алғанын қалаймыз. Баламыз орыс тілін білмесе, ертең қиналады. Орыс тілін білу – заман талабы емес пе? Кеңес заманынан бері қазақ тілінің мәртебесінің өзгергені шамалы. Орыс тілі әлі үстем. Қоршаған адамдардың барлығы орысша сөйлейді. Сондай-ақ, орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдер әлдеқайда білімді.
– Қазақ мектептерінде білім сапасы төмен деген жалған пікір, дақпырт қана. Ескі санадан арылып, қазақ мектептеріне жаңаша көзқараспен қарайтын уақыт жетті. Қазақ тілінде оқытатын мектептердің білімі орыс тілінде оқытатын мектептерден еш айырмашылығы жоқ. Балалар қазақ мектебінде оқи отыра, халықаралық, республикалық олимпиадаларға, ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орын алып жүр ғой.
– Баламыз орысша білмесе, далада қалмайды, – деп анасы сөзін жалғастырды.
– Бала орыс тілінде сайрап жүргенімен, ұлттық тәлім-тәрбиемізден алыстайды, білім алар, бірақ тәрбиесі не болмақ? – деп атасы басын шайқап-шайқап қойды, – Бұл мені қатты қынжылтады. Баланы орыс мектебіне бердің бе, бітті, ол бала қайтып қазақ болмайды. Өле-өлгенше орыс тілінің, орыс мәдениетінің мүддесін көздеп өтетін болады.
Атасы біраз ойланып, ақырында сөзін жалғастырды:
– Қазақ елінің болашағын тек қазақ тілімен ғана байланыстыруға болады. Әр қазақстандық елге, жерге деген зор махаббатын сөзбен емес, іспен көрсетуге тиіс. Тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір тұрғыны осылай ойласа, бәлкім, аралас мектептер мен тіл мәселесі туындамас та еді.
Ата мен апа бір көзқараста, ұл мен келін екінші көзқараста. Төртеуінің арасындағы немереде таңдау жоқ. Сонымен немере қайсы мектепке барады? Ертең кім болады?…
Тәрбие – тал бесіктен басталады. Жаңа өсіп келе жатқан жас буынға әр кез, қай жерде болмасын өзінің ұлттық қазынасы ана тіліне деген құрметі жоғары болуы керек екенін дәріптеу керек. Тіл – ұлттың жаны. Тілі жойылған елдің келешегі болмайды. Тіл – біздің байлығымыз, ұлттық құндылығымыз. Тіліміздің мәртебесін көтеру біздің қолымызда!
Кумарова Мейірім, Астана қаласы,
№57 орта мектептің 11 сынып оқушысы