ТӘРБИЕ –ТАЛ БЕСІКТЕН

          Күн санап құбылып отырған мына алмағайып заманда жаһандану үрдісіне жұтылып кетпей, өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтап қалу, бүгінгі ұрпақтың санасына ұлттық тәрбие мен төл мәдениетіміздің дәнін егіп, терең білім беру мектеп қабырғасынан бастау алады десек артық айтқандық емес. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөзін ескеретін болсақ, Тәуелсіздігіміз бен елдігіміздің тұтқасын ұстайтын, мемлекетіміздің дамуын алға жетелейтін келешек ұрпақ – бүгінгі біз тәрбиелеп жүрген мектеп оқушылары екенін естен шығармауымыз керек. Қазіргі таңда білім беру парагдимасы өзгеріп, білім берудің мазмұны жаңарды, білім беруге деген жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды. Білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер  түрлі бастамалар мен түрлендірулерге кеңінен жол аша отырып, тәрбие мен білім беру ісін жоғары деңгейге көтеруді қажет етеді.

Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Үштерек ауылында орналасқан білім ордасы 2017 жылы ашылып, білім алушыларды құшақ жая қарсы алған болатын.Білімберудің маңызды шарты – оқу үрдісін жаңарта отырып,оқушылардың қызығушылығын арттыру,шығармашылық қабілеттерін дамыту, зерттеушілік  іс-әрекеттерін жоспарлау, олардың өздігінен білім алуға құштарлығын жетілдіру,қол жеткізген табыстарды бағалай отырып,ойы ұшқыр, шығармашылық қабілеті жоғары, өмірге икемді,жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру. Мектеп оқушыларының бойына білім мен тәрбиені қатарсіңірген ұстаздарымыздың еңбегі жемісті болып, оқушыларымыз әртүрлі байқаулардан жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтқанда, бастауыш сыныптар арасында аудандық «ALTYN SAQA» олимпиадасында 4-сынып оқушысы Серік Исатай 2-орынды, 3-сынып оқушысы Абдулла Әмина 2-орынды иеленді. Жалпы білім беретін мектептерге арналған «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында 1-сынып оқушысы Олжабай Інжу 1-орынға ие болып, «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқудан ІІ Халықаралық өнер байқауына қатысып, өз өнерімен дараланып, бас жүлдені қанжығасына байлаған Тәңірберген Нұрислам Республикалық «Жас Дарын» дарынды балалар орталығының «2022 – балалар жылы» аясында ұйымдастырған «ЕРКІН ЕЛДІҢ ҰЛАНЫМЫН» атты байқауында өз өнерімен көзге түскен болатын.

2022 оқу жылында 7-сынып оқушысы Жақсылық Жанерке «Зерде» ғылыми жоба байқауының аудандық кезеңінде химия пәні бойынша «Судың құпия сырлары» атты тақырыпта жоба қорғап жүлделі 1-орын алып, облыстық кезеңге өтті. Дәл осы байқаудан 6-сынып оқушысы Утегенов Дарабек қазақ тілі пәні бойынша «Чаттағы сөйлеу мәдениеті» атты ғылыми жобасын қорғап 2-орынға ие болды. Сонымен қатар, жуырда өткен «Жарқын Болашақ» олимпиадасының аудандық кезеңінде 8-сынып оқушысы Утегенова Дильноза «Жас қаламгер» номинациясы бойынша бас жүлде алса, 7-сынып оқушысыУтеген Бақдәулет «IQANAT» олимпиадасында облыстық кезеңнен өтіп, Республикалық кезеңге жолдама алды.

Мектебімізде ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, айтыс өнерін асқақтатып жүрген оқушылар да бар. Солардың бірі Республикалық ақындар айтысының жүлдегері, талантты жас ақын, 11-сынып оқушысы Жұмабек Ерасыл осы жылдың ақпан айында ұлтымыздың дара тұлғасы, қазақтың біртуар азаматы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың құрметіне арналған «Дана халықтың дара перзенті» атты облыстық жас ақындар байқауының «Жыр мүшайрасы» номинациясына қатысып, жүлделі 1-орынға ие болды.

Жұмабек Ерасылдың өлеңдерін туған жер, тәуелсіздік тақырыбындағы өлеңдер мен арнау өлеңдер деп үш топқа жіктеуге болады. Оның «Ұлы Дала ұландары», «Мәңгілік Ел», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты т.б. елдік мұратты көксеген патриоттық өлеңдері мен ақын Есенқұл Жақыпбекке, Дінмұхаммед Қонаевқа, Жамбыл Жабаевқа арнаған өлеңдері енген жыр жинағы жарық көрген болатын.

Сәуір айында мектебімізде Ерасылдың өзінің жеке шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында жас ақынның туған жер, Тәуелсіздік т.б тақырыптардағы өлеңдері жатқа оқылып, көрермендерді тәнті етті. Кеш соңы сұхбатқа ұласып,  оқушылар өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алып, өз әсерлерімен бөлісті.

Ақындық өнерді жанына серік еткен оқушылардың бірі ретінде9-сынып оқушысы Бауыржан Біржанды ерекше атап өтуімізге болады. Біржан ақындық жолға енді түсіп, осы жолда өзін-өзі енді қалыптастырып келе жатқан талантты оқушы. Ол облыс көлемінде кемелтанушы Бақтығали Айжігітовпен бірге ұйымдастырылған кездесуде Кемел Тоқаевқа арнаған «Қару мен қалам – қос қанат» атты арнау өлеңін оқып 3-орынға ие болды. Ол өзінің осы арнауына жазушы Кемел Тоқаевтың азаматтық келбеті мен шығармашылық мұрасын арқау етіп, оның қазақ әдебиетіндегі жаңа жанр детективтің негізін қалағанын тілге тиек етеді.

Мектебіміздің шығармашыл оқушыларының ішінде тек қана ақындар мен көркемсөз шеберлері ғана емес, қазақтың көнеден келе жатқан төл өнерікүйшілік өнерді меңгерген, қазақ күйлерін нақышына келтіріп, эстетикалық талғаммен орындайтын домбырашылар да бар. Сондай өнерлі оқушыларымыздың бірі – Бейбіт Нұрғиса. Ол Республикалық «Жас Дарын» дарынды балалар орталығы ұйымдастырған «Тәуелсіздік – Тәңірден келген тәтті сый» атты балалар байқауында «Аспапта өнер көрсету» аталымы бойынша үздік өнер көрсеткені үшін бас жүлдені жеңіп алған еді. Сонымен қатар «Жеті Өнер» ІІІ Халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестиваль-конкурсында көрсеткен айрықша өнері, дарынды қабілеті және рухани өркендеу жолындағы еңбегі үшін бас жүлдені иеленген жас өнерпаз мектептің әртүрлі іс-шараларында Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны», Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», «Аққу», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйлерін жоғары деңгейде орындап, көрермен көңілін эстетикалық әсерге бөлейді.

Мектебімізде білім бәйгесі мен өнер сайыстарында ғана емес, спорттық шараларда да топ жарып,аудан абыройын ту етіп, түрлі спорттық сайыстарда бақ сынапжүрген оқушылар да бар. Атап айтар болсақ, 9-сынып оқушылары Әбдікерім Зарина, Садуллаева Сулуым, Жұмабек Ақтілек «Асық ату» және «Бес асықтан» Алматы облысының чемпионатында жүлделі орынға ие болып, ауданымыздың абыройын асқақтатты.

Баланы жас кезінен өнер-білімге үйір қылу керек. Ерте кезден берілген тәрбие өз жемісін береді. Жоғарыда аталған оқушыларымыздың қай-қайсысы болса да, бет алған түзу жолдарынан адаспай, болашақта осы елдің дамуына тамшыдай болса да үлесін қосарына біздің зәредей күмәніміз жоқ. «Оқуға құштар мектеп» шарасының аясында мектеп оқушылары екі мәрте «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымымен кездесіп, ұлағатты, тағлымды бас қосу жасады. Балалардың шығармашылыққа деген қызығушылығы артып, кітап оқуға деген белсенділігі күшейе түсті.

Біз білімді, өнерлі, дарынды, шәкірттерімізді әрдайым мақтан тұтамыз!

 

Жұрын Рая Әкішханқызы,

Алматы облысы, Қарасай ауданы,

Үштерек  орта мектебінің  мектеп  директоры

 

 

ПІКІР ЖАЗУ