Тапқыр бала

Рахметолла Райымқұловтың туғанына 110 жыл

 

Өткен замандардың бірінде қазақ халқын Ежен хан деген билеп тұрса керек. Ұлты, заты бөлек хан жаулап алған тұтас бір елге тырнағын батырып-ақ жіберген деседі. Көрсеткен қорлығы, зұлымдығы аз ба, көп пе, кім білсін әйтеуір, сол күндерден қалған әңгіме толып жатыр. Бұл әңгімеде солардың біреуін алға тартайық, әділдігін жұрт айтар.
Бір күні Ежен хан әлде еріккеннен бе немесе мейманасы толып тасығаннан ба, кім білсін, мынадай жарлық шығарыпты: қазақтың шексіз-шексіз кең даласында отын оттап, суын сулап жүрген айғырлары кісінемесін. Егер кісінесе күні қараң. Себебі, – депті ол жарлығында, – қазақтың сол алыстағы айғырлары кісінесе – менің мына қаладағы қорамда күтімде тұрған арғымақ биелерім елеңдейді. Олар елеңдесе-жайсыз қимылдаймын.
Ал биелер жайсыз қимыл жасаса, онда көңілі бұзылады да, құлын тастайды. Осыған сәйкес айтарым, – дейді хан, – бұдан бұлай бір қазақтың айғыры кісінесе бітті, сол адамның басы айдауда, малы талауда кетеді!
Мұны естіген көшпелі қазақ халқы қатты сасады. «Апырау, айғырларымызды қалай ақылға келтіре аламыз. Кісіней көрме дегеніміз құлақтарына кіре қояр ма екен? Хайуанның аты хайуан, қайсы бірінің аузына қақпақ боласың? Егер ессіз есерлердің бәрін шетінен қырып салсақ ше? Онда өсім қайдан келеді? Хан жарлығы бізді әйтеуір себеп тауып қайыршы ету ғой, сірә!»
Қалың қауым осылай аң-таң бола қайғырады.
– Не амал бар? – дейді ел болып.
– Жаушы жіберейік. Зарымызды ханға-жеткізейік!
– Не деп барамыз, не жауап айтамыз?
– Келісейік. Бір ауыз боп тілек айтайық!
Жер-жерден атқа отырған ел-елдің ақ сақал, көк сақал, қара сақал ділмарлары осы мәселені шешеміз деп бір жиналады, екі жиналады, үш жиналады. Қайта-қайта бас қосады, кеңеседі. Бірақ ханды тоқтатып, жарлығын өзгерте аларлық ешбір дәлелді сөз таппайды. Тоқтамсыз, шешімсіз тарай береді. Арада көп күндер өтеді. Халық әбден қалжырайды. Бойларын діріл билеп, ойларын қорқыныш үрей шырмайды. Енді қайтпек, қайда қашып құтылады? Дала күндегі күйісінен жаңылғандай. Қызығынан қалған жұрт дел-сал.
– Сұмдық-ай, Ежен ханға не амал? — дейді олар.
Азып, арыған ел өкілдері төртінші рет жиналып, кеңеспек боп бас құрай бастайды. Уәделі орда баяғы бір жер. Ойдан-қырдан келіп ат басын доғарғандар әр тайпа рудың ығай мен сығайлары, тілге тиек болар ойшылдар, ақыл иесі, жол бастар ардагер серкелері еді.
Ел баласыз бола ма? Өмір бар жерде өсу, өну болмай тұрар ма? Әлгі топ бас құрар жерде де балалар аз емес-ті. Солардың бірі он екі жасар Қалел деген бала еді. Ағаш ат мініп, ауыл сыртын азан-қазан етіп жүрген өз тобына қарап бір күні ол тіл қатты.
– Балалар, – деді жас ұлан ентіге дем алып, – Осы үлкендерге не болған? Мына ордаға, байқайсыздар ма, ел басшылары дүркін-дүркін жиналады да, тарайды. Келеді де, кетеді. Егіліп жетеді, езіліп қайтады. Міне, бүгін де және бас қосып жатыр.
Өз қатары ішінен бұл сұраққа жауап берген ешкім болмады. Қайта кейбіреулері ыржың-ыржың күліп, Қалелді мазақ етті.
– Қараңдар, мынау Қалелді? Өзі үлкендерше сөйлейді! – деп, Ырым дейтін талпақ танау, бадырақ көз қара бала мырс-мырс күлді.
– Сен бармасаң іс бітпес. Бар да ақыл айт!
Осылай кекеткен Ырым Қалелдің тақиясын басынан жұлып алып, анадай жерге лақтырып жіберді де, айғай салды.
– Тебіңдер, қане, тебіңдер тақиясын!
Балалар тақияны тебе қойған жоқ. Сілейіп үндемей қалған Қалелге бір бала тақияны қайтып әкеп берді.
Ыңғай осылай теріс сөйлеп, күші жеткенін басынып, кейде ұрып та алатын Ырымды балалардың көбі-ақ жек көретін. Сондай-ақ, кімге әлі жетпесе ол баланың ығынан шықпай, айтқанын екі етпей жүретінін де біледі. Бірақ, реті кеп қалғанда оны да орға итеріп тастап кете беретін әдеті және бар. Одан кейін: көрдің бе десең, көрмедім, білдің бе десең, білмедімнен бөтен жауапты одан естімейсің де.
– Бар, Қалел, тез жет? – деп Ырым және ыржыңдап аузын қисаңдатты.
– Барса несі бар, барамын, – деді Қалел Ырымға алара қарап. – Білгім келеді.
– Білгішті қараңдар, білгішті?
Қолын шошайта ыржалақтап күлген Ырымға Қалел енді қарамады. Балалардан бөлініп шыға берді. «Рас, – деді ол өзімен-өзі сөйлесіп. – Бұл жұрт тегін сабылып жүрген жоқ. Әйтеуір әлдеқандай ыңғайсыз бір жайт бар!»
Жас Қалел осылай ойлады. Барған сайын бұл ой оның көкейіне қонып, бойына сіңе берді. Кенет оған бір топ боп келе жатқан әрқилы жастағы адамдар кездесті. Бәрінің де мінгені салт ат. Қалел бұлардың алдынан шығып сәлем берді.
– Аталар, – деді ол содан кейін ізетпен иіле тіл қатып, – Көп болды ғой, тыныштарыңыз кетіп жүр. Жағдайсыз тиген бір іс бар сияқты. Неше рет жиналып, нәтижесіз тарадыңыздар? Сонша шешілмейтін не шаруа еді ол, естуіме болар ма екен?
Үлкендер біріне-бірі аң-таң бола қарасты. Әдеппен тіл безеп, жауап күткен жас ұланға назар аударысты. Сонда көп ішінен ақ сақалды бір қарт омыраулап, атын тебіне алға шықты да, сөйлеп кетті.
– Апыр-ау, тым жас екенсің, балам, – деді мейірлі жүзі бал-бұлдана жайнап. Қиядан ұшар жас қыранды бірден танығандай, – Тілім тасқа, сұғым суға, назарым нарға аусын, – деп ол аз-кем мүдірді. Содан кейін және сөзін жалғады, – Бәрі де сенен аулақ, періштем! Тірі бол. Аман өсіп ер жетсең әлі-ақ ел ырысы, қолға ұстар туы боларсың. Алдындағы ырысы, арқа тірер ұстыны атанарсың, қарғам. Ал қазір бұл іске кіріспей-ақ қой. Бұлдыр-бұлдыр заман туып тұр. Саған біз айтпайық, сен сұрама? – деді.
Қалел қарт алдына жақындай түсті де, екі қолын кеудесіне апарып тағзым ете мойнын иіп тұрды. Содан кейін кенет басын көтерді. Алмақ болған жауабын қайталады. Даусы жем тілеген қаршығадай саңқылдап шықты.
– Аталар! – деді ол бойын тік ұстап. Көздерінен от жалын ұшқыны жарқылдады. – Білгім келеді! Сонша қиналған себептеріңіз не? Айтыңыздар, мүмкін себім, көмегім тиер!
Әлгі қарттың жанарынан ыстық жас тарам-тарам боп ақты. Талай жылдар ізіндей айғыз-айғыз әжімді бет сайларынан төмен құйылған жас аппақ сақалға жетті де, оның әр талының үстінен сырғып барып түйе жүнінен тоқылған сары шекпеннің қайымалы жағасына тырс-тырс тамды. Қартты қоршап, оған бір, жас Қалелге бір қарап қалған көптің көңілдері де қобалжыды. Бірақ ешкім ләм-мим дей алмай тұрды. Сөзді тағы да дана қарттың өзі жалғастырды.
– Сарыауыз, темір қанат балапаным-ай, бұл бір қаншама ел басшылары шеше алмаған, амалын таппаған мәселе еді. Қисынын келтіре қоймасаң тауың шағылып, мұқалып қаласың-ау. Жетілмеген алмасым, жеміріліп, жүнжіп кетпесең жарар еді.
Қалел өршелене түсті. Қиыла сұрады. Ақ сақал, қара сақал басшылар өзара күбір-күбір тілдесіп, ақылдасты да, ақыр баланың тілегін орындап, хан жарлығының жайын айтып берді. Жас ұлан қуанып кетті.
Е, осы ғана ма? – деді ол жайдарылана сөйлеп, – Мәселенің бары, жоғы осы болса, қайғырмай-ақ қойыңыздар. Рұқсат етіңіздер, жарлық иесі ханға мен барып келейін?
– Ал онда оған не дейсің? – деп жамырай сұрады көп басшы.
Тек әлгі көсем қарт қана үндемеді. Ол Қалелдің сөйлеген сайын ашыла берген тұлғасына сүйсіне, сынай қарап тұрған. Әр қимылына көңілі толып-тасыған қарт баланың көпке қайырған жауабын да солай үнсіз тыңдамақ болды. Қалел сөйлеп кетті.
– Сіздер менің онда барып не айтып, не істерімді сұрамаңыздар. Бұл жағын өзім білемін, – деді ол.
Топталған жұрт аңтарылып қалды. Бәрі үнсіз тұрған қарт бетіне қарасты. Бірақ қарт сол үндемеген қалпы жүре берді. Бет алысы жұрт жиналар орда. Оның соңынан қалғандары да ілесті. Бастары төмен түсіп кеткен. Ордаға барған соң баланың тілегі көп талқысына қайта түсті. Дағдарған жұрт Қалелдің талабын қаншама орындағысы келгенімен, бөтен істері болмай, амалсыз сынды. Баланы шақыртып алысты да:
– Барам деуің рас па? – деп қайта сұрады.
– Рас, – деп жауап берді бала.
Осыдан бөтен ешнәрсеге жауап күтпеуін және ескертті. Лажы қалмаған жұрт жолың болсынын айтып, балаға рұқсат берді.
– Ендеше, — деді Қалел. – Менің сіздерге артар міндетім бар.
– Қане, есітейік? – деп манағы қарт балаға елжірей қарады.
Ол мынау: қасыма қырық желмая мінген, қолдарында мылтық бар қырық мерген жігіт ертіп беріңіздер. Өзіме де бір желмая, берен мылтық керек. Біз қырық бір адам болып ханға барамыз.
Бала тілегі толық орындалды. Сөйтіп Қалел жанына қырық мерген ертіп Ежен хан қаласына жүріп кетті. Жолда жігіттеріне былай деп ескертті.
– Жігіттер! – деді ол жүзі нұрлана. – Хан қаласына жеткенше ешнәрсе сұрамаңыздар. Амандық болса қалаға да кірерміз. Сонда мен сіздерге әмір беремін. Тек айтқанымды бұлжытпай орындайтын болыңыздар.
Сонымен, түйе мінген қырық бір адам хан шаһарына да кірді. Бұларды көрген қаланың иттері тұс-тұстан үріп шықты. Қалел жігіттерге:
– Иттердің кез-келгенін атып өлтіре беріңдер! – деп бұйырды.
Қырық мерген ап деп шыққан иттің бірін тірі қалдырған жоқ. Ит иелері бұл хабарды замат ханға жеткізді.
– Түйе мінген бейбастақ қазақтар қаланың жазықсыз иттерін шетінен қырып келеді! – деді олар. Хан қатты ашуланды.
– Ондай бетімен кеткендерді тез ұстаңдар да, алдыма әкеліңдер!
Жалаңдаған жендеттер Қалел бастаған мергендерді ұстап ап, хан алдына жеткізді.
Қаһарлы хан ашулана тіл қатты.
– Неткен тәртіпсіз жандар едіңдер! Сендерге біздің қала иттері не жазды? Қане, жауап беріңдер. Әйтпесе, шетіңнен сол қырылған иттер артынан жіберемін! – деп ақырды.
Осыдан кейін Қалел бала алға шықты.
– Алдияр тақсыр, ханеке! – деп ол сыпайы тіл қатып. – Біз елшіміз. Елшіге өлім бар ма еді!
Көзі қанталап ашу кернеп отырған Ежен сәл саябырсып, қаршадай балаға қарады.
– Ал тыңдайық. Не демексің сонда, айт жылдам! – деді қабағын қарс жапқан қалпы.
– Алдияр тақсыр, ханеке! – деп бала кеудесіне екі қолын қойып басын және иді. Сөйтті де, ханның бетіне тура қарап тұрып сөйлеп кетті. – Өткен жылы, ханеке, әкем маған қой бақтырды. Ен далада көп қойдың соңында мәз-мейрам боп жүрдім. Бірақ қуанышым көпке созылған жоқ. Қойыма қасқыр шапты. Біреу, емес, көп қасқыр тұс-тұстан лап берді де қойларымды жайратып салды. Жалғыз өзім шырылдап жан қоярға жер таппадым. Қойлар ғана емес, тіпті өз өміріме де қауіп төнді.
– Ия, бұл сандырағыңның сендер істеген қазіргі қылмысқа қандай қатысы бар? – деп ақырды хан.
Қырық жігіттің зәрелері қалмай жалтақтай бастады. Қалел бүлк еткен жоқ.
– Әңгіме сонда, тақсыр. Мен сасқанымнан әуелі не істерімді білмедім. Кенет ойыма ақыл ұялады. Айғай сап сіздің қаланың иттері мен бүкіл қырдағы ауыл иттерін көмекке шақырдым. Бірақ, сенесіз бе, хан тақсыр, бір де бір ит келіп ара түспеді. Қасқырлар қойымды қырға да, ойға да қуып қырып жүр. Тіпті тігерге тұяқ қалдырар емес. Ежен ханның тағы да қабағын қар жауып сала берді. Сол түксиген қалпы Қалелді мысқылдай гүр-гүр ете күлді. Оның бұл кескінін қуаттап жағымпазданған жендеттері хан ордасын жаңғырта қарқылдады. Қырық жігіттің және үрейі ұшып, көздері шарасынан шығардай алақтады. Тек Қалел ғана сасқан жоқ. Қайта ол бұрынғысынан гөрі ширатыла түсті.
– Сол кезде, тақсыр хан! – деді ол еркін сөйлеп. – Мен өзіме-өзім ант еттім. Егер осыдан жаным аман қалса болды, күллі қырдағы, одан соң осы сіздің қаладағы иттердің бірін қалдырмай қырмақ болдым. Міне, сондағы сертіме жету үшін әуелі ауыл иттерін құрттым. Ендігі кезек қала иттерінікі еді, көріп тұрсыз ғой, хан ием, шетінен жайратып салып жүргенімде, сіздің мына бір ай-шайды білмейтін аламан тасыр жігіттеріңіз істі аяқтатпай, тобымызды жазбай алып келді.
Жұрттың көзі енді Еженге ауды. Не дер екен, қайтер екен дегендей. Хан бұрынғысынан да қатуланды. Түсі өзгеріп, түтігіп кетті.
– Мен, – деді ол даусын соза, әр сөзіне салмақ сала нығырлап, – Ақымақта осы жарық дүниеде сенен өткен есер есуасты көрген емен. Қазағыңның сонау шетсіз-шексіз сары даласында қой бағып жүріп айғайлаған даусыңды, біздің қала иттері қайдан естісін. Басыңда ешбір ес, саңлау бар ма, жоқ па?!
– Бәсе десеңізші. Мынау көк мылжың нақұрыс қой өзі! – деп хан жендеттері де шу-шу етті.
Сол-ақ екен, қырық жігіттің әлдері бітті. Буындары дірілдеп, бойларынан жылу кете бастады. Бәрінің көз алдарына дар ағашы елестеді. Олар мойындарына түскен қыл арқан, қынабынан суырылып жарқ-жұрқ еткен қайқы бел қара қылышты көрді. Үрейлері қалмаған жігіттер теңселіп кетті. Замат күн-күнкіреп, аспанда алай-дүлей найзағай ойнап шыға келді. Жер асты-үстіне аударылып, теңселіп тұрғандай боп барады.
Бірақ жас ұлан Қалел сонда да сасқан жоқ. Оған керегі ханның соңғы сөздері еді. Қайта қайсарлана шарқ аспанға шығып алған қырандай түрлене түсті. Бұлтты тіліп, найзағайды сырып жүрген дауылпаздай қаһарға мінді.
– Тақсыр ханым, солай ма еді? Мен білмеген екенмін ғой, – деп өршелене сөйлеп, сақылдай күлді. – Ендеше хан басыңызбен менің мына бір сұрағыма жауап беріңізші?
– Қандай сұрақ? – деп ақырды хан. Жұдырықтай баланың барған сайын айла асырып, хан сарайын билеп бара жатқанына іші удай ашып, қызғана да қызыға сұрады.
– Егер сіздің сақ құлақ иттеріңіз менің сонау далада шыққан құлындағы даусымды естімесе, онда амалым жоқ. Жауабыңызға көндім, жеңілдім. Бірақ, осы бір сөз айналасында тағы бір шешер дау жатыр. Ол біздің әлгі өзіңіз айтқан ұшы-қиыры жоқтай кең жазира далада жүріп кісінеген айғырлардың даусы сіздің қораңызда күтімде тұрған арғымақ биелерге қалай жетті екен? Сіз осы мәселені ақылға салып көрдіңізбе?
Шатынап, терісіне сыймай тасыған Ежен хан сұлқ түсті. Екпінінен қайтып, ойланып қалды. Өзінің жарлығы есіне түсті. Сол күйде ол біразға дейін үнсіз отырып, ақыры былай деп жауап қайырды.
– Жеңдің бала. Сен ұттың, мен ұтылдым. Тағы да нең бар, не сұрайсың, тілегіңді айт та, қалағаныңды ал!
Аспан айығып, жер түлеп сала берді. Қырық жігіттің көздері жайнап, көңілдеріне өмір қызығы қайта ұялады. Гүл шешектей құлпыра түскен Қалел енді көңіліңдегі елшілік сөзіне көшті.
– Бірінші тілегім, – деді ол ханға қарай тағы да бір қадам жақындай түсіп. – Қазақтың айғыры жайлы шығарған жарлығыңның күшін жой?
Хан ойланбай-ақ жауап кайырды.
– Жойдым!
– Екінші тілегім, – деп, Қалел хан жүзіне тең құрбыдай еркін қарады. – Халқымның ішкі билігін өзіме бер? Хан бұған да қарсы келмеді.
– Жарайды, айтқаның болсын! Бірақ, еліңнің билігін ғана емес, хан еттім. Сендей баласы бар ел неден кем боп отыруға тиісті еді! Ақылды бала – тапқыр, ал тапқыр бала – бақытты деген осы. Тек әшейін сымпиған сырты, сыланған бойы бар да ойы жоқ; жылтыраған жүзі бар да – жөні жоқ; ақпа құлақ – алаңғасар, жалқау, кежір, өзім, ғанамын дейтін өр кеуде баладан не күтеді жұрт? О да бір, екі аяқты аң да бір… – деп, қатал хан толғана, тебірене ұзақ сөйлеп кетті. Оның жүрек түкпірінен жалынша атып шыққан киелі сөздерін басқалар түгілі, шаш ал десе бас алған жендеттер де ұйып тыңдап, терең ой түбіне сүңгігендей мүлгіп тұрды.
Тапқыр бала Қалел сол сапарда еліне Қалел хан атанып қайтты.

Рахметолла РАЙЫМҚҰЛОВ

ПІКІР ЖАЗУ