Талғамы биік қаламгер

Ғабит Махмұтұлы МҮСІРЕПОВ (1902-1985 жж.) – қазақтың әйгілі классик жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек ері. Қазақстанның халық жазушысы, Абай және Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.

Ғ. Мүсірепов — Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған. Жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебінде, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітірген. 1918 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Кеңес өкіметінің жұмысына орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет атқарған.
1923-26 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында оқыған. 1928-1933 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы, 1934-1938 жылдары «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің редакторы болса, 1938-1955 жылдары бірыңғай шығармашылық жұмыстармен айналысқан.
1956-1957 жылдары – «Ара» журналының бас редакторы, 1957-1985 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1958 жылдан КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет салалары бойынша Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитетінің мүшесі болған.

Ғ. Мүсіреповтің шығармалары:«Оянған өлке», «Жат қолында», «Қазақ солдаты», «Ұлпан», «Кездеспей кеткен бір бейне».

Рухы берік аналар
Жазушының әдебиетке деген құштарлығы, алғашқы қалам тартуы рабфақта оқып жүрген жылдары басталады. Сол кездері С. Сейфуллинмен танысып, ұмытылмас әсер-ұлағат алады. Алғашқы шығармаларының бірі – «Тулаған толқында» (1927) повесі бірден әдеби қауымның назарын аударады. Бұдан кейін «Қос шалқар» (1928) әңгімесі де жазушының көркем сөз қадірін бағалаудағы өзіндік ерекшелігін көрсеткен туынды болды.
Ғ.Мүсіреповті орыс әдебиетінің классик жазушысы М.Горькийдің шығармашылық мектебі қатты тебірентеді. «Шұғыла» мен «Талпақ танау» — Мүсірепов шығармашылығының алғашқы кезеңін қорытып, көркемдіктің жаңа белесін бастаған қазақ әңгімесінің табысына айналады. Мүсіреповтің Аналары бүкіл қазақ әйелінің ерлігін, рухани биіктігін көрсеткен тұтас бейнеге айналады. Ақлима, Қалия, Нағима, Наталья бейнелері ел рухының сарқылмас күшін паш етіп, адамгершілікті қастерлейді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғын ала ол өзінің тұлғалы туындысы «Қазақ солдаты» романын жазған. Роман тың тақырыбымен, образдарының көркем бейнеленуімен, сюжет құру шеберлігімен, тартымды тамаша тілімен таңдаулы қазақ романдарының қатарына қосылады. Бұдан кейін ол араға біраз уақыт салып барып, өзінің ең ірі салалы да салиқалы шығармасы «Оянған өлке» романын жариялайды. Қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы саналған осы романынан кейін жазушы қайтадан шағын жанрға ойысады.

Шығармаларын қарындашпен жазған
Мүсірепов өзінің барлық кітаптарын араб қарпімен және үшкірлеп шығарылған қарындашпен жазатын. Сондықтан да еңбектерінің мәтіні машинканың үстіне таза күйінде келетін. Заңғар жазушыларымыз М.Әуезов және С.Мұқановқа қарағанда ол көп жазған жоқ. Жазғаны – төрт роман мен әңгімелер, пьесалар мен әдеби мақалалар. Содан да болар, «Оянған өлкесінің» бірінші кітабын 1953 жылы жазса, екіншісін тек 30 жылдан кейін барып жарыққа шығарады, есесіне, шығармашылық шеберлік жағынан бұл еңбектер кіршіксіз еді. 1968 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін ол Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанады. Араға бес-алты жыл салып барып, прозадағы соңғы елеулі туындыларының бірі «Ұлпан» повесін жариялайды. Сонау отызыншы жылдарда-ақ үлкен драматург екенін танытып, «Қыз Жібек» операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Амангелді», «Ақан сері — Ақтоқты», «Болашаққа аманат», «Қыпшақ қыз Аппақ», «Қайран Майра» драмалық шығармаларын жазған.
Сценариін Б.Майлин, В.Ивановпен бірігіп жазған «Амангелді» (1938) қазақ кино өнерінің баспалдағы саналса, «Махаббат туралы дастан», «Қыз Жібек» (1970) фильмдері қазақ кино өнерінің алтын қорынан орын алған классикалық туындылар.
Дайындаған: К. ОРАЗБЕКұлы.

Жазушының даналық сөздерінен:
• Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.
• Тіл – аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз.
• Еліміздің ұйытқысы – әдет-ғұрпымыз.
• Тіл салақ сөйлегеннен бұзылады.
• Есті сөзді естігісі келмеген адам саңырауға тең.
• Білу мен істей білу – екі нәрсе.
• Көркем айтылған ой— ұлы, ойландыра алған сұлулық— ұлы.
• Өзі таза адам өзгеге күйе жаға алмайды.
• Шала білім, шалағай мәдениет бір құлатпай қоймайды.
• Данышпандықты танып білген де – данышпандық.

ПІКІР ЖАЗУ