Талапты бала – Нұрсұлтан
Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы Абай атындағы гимназия мектебінің 4 «в» сынып оқушысы Абылайханұлы Нұрсұлтан жайлы өз замандас, қатарластарына жазуды жөн санадық.
Нұрсұлтан 10 жаста, көп балалы отбасынан шыққан, кішкене кезінен өнерге қатты қызығып, өскенде әнші, актер болуды армандайтын. Сол арманның жетегінде ата-анасы қолдау көрсетіп келеді. Алматы қаласына апарып актёрлық сыныпқа қатыстырды. «Звездная фабрика» атты актерлық мектебінде қабылеттерін жетілдірді. Соның арқасында Нұрсұлтан көп нәрсе үйренді, шеберлігін дамытып, сабақ алды.
Қазіргі таңда Алматы қаласында орналасқан «Big Frame Production» ЖШС арқылы «Күлдір-Бүлдір» тележобасына қатысып, бірнеше рет НТК телеарнасында қойылым көрсетті. Енді «Күлдір-Бүлдір» тележобасынында басты рөлде ойнауға дайындық жасау барысында. Нұрсұлтан мейірімді, салмақты болып өсті, үйде ата-анасына көп көмектеседі, ал мектепте тәртіпті, балалармен жақсы тіл табыса біледі. Сынып жетекшісінің бағыттауымен талай жарыстарға қатысып, жүлделі орын алып жүр.
3-сыныпта республикалық өнер байқау-жарысына қатысып, мәнерлеп оқудан 2-орын иеленген, ал биыл мектеп көлемінде Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай өлең жаттаудан 2-орын алды. Сабақ үлгерімі жақсы болып, үнемі ұстаздарының мақтауына ие болып келеді. Үйде ата-анасы үнемі баласына ақылын айтып, тәрбие беріп отырады. Әке-шешесі Нұрсұлтанның білімді, иманды, мейірімді, Отанына, қоғамға жарамды, елге пайдалы азамат, тұлға болып өсуін тілейді. Нұрсұлтан бос кезінде кітап оқуды және спортпен айналысуды жақсы көреді, арасында түрлі курсқа, үйірмелерге қатысады. Уақытты бос өткізбеуге тырысады.
Бастауышты аяқтап жатқан Нұрсұлтан сынып жетек-шісі Көжебаева Асем Жанатқызын ерекше құрметтейді.
Біз журналымыздың оқырманы Абылайханұлы Нұрсұлтанның алдағы уақытта да жетістіктерге жете беруін тілейміз.
Саят Қамшыгер