ТАЛАБЫҢА НҰР ЖАУСЫН, ИСМАЙЫЛ!
Дана халқымызда «Бұлақ көрсең көзін аш», «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген қанатты сөз бар. Ата-баба дәстүріне сай тумысынан талантты, жас дарынды балаларды әрдайым қолдап, өнер жолына қанатын жайып, еркін самғауына ақ батасын беріп, сәттілік тілеу баршаның ортақ міндеті.
Қасиетті Маңғыстаудың Абыл, Нұрым, Қашаған сынды жүйрік бабаларының соңынан талантты ұрпақтары өсіп келе жатқаны көңілге қуаныш нұрын себелейді. Барша қазағын бауырына баса «Әр қазақ менің жалғызым» деп бір ауыз сөзімен есімі тарихқа енген арынды ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Адай ағамыздың немересі Исмайыл Нұржанұлы Адай кішкентай ғана болса да өңіріміздің өнер саласында айтарлықтай жеңіске жетіп, талантын ұштап келеді.
Ақтау қаласындағы Саламат Мұқашев атындағы №16 орта мектебінің 4 сыныбында оқитын Исмайыл бүгінде Абыл Тарақұлы атындағы өнер мектебінің «фортепиано» бойынша 2-ші сыныбында өнердің қыр-сырын үйреніп, білімін шыңдауда.
— Біздің Исмайылдан болашақта күтер үмітіміз мол. Ол бүгінде өнерге деген қызығушылығы арқасында көптеген байқаулар мен жарыстарда бақ сынап, үздіктер қатарынан көрініп келеді. Жалпы біздің мектепте білім алушы жасөспірім ұл-қыздарымыздың бәрі де болайын деп тұрған кішкентай өнер иелері. Әрқайсысынан күтеріміз мол. Шәкіртім Исмайылдың жолы ашық болып, талабы таси берсін, — дейді өнердегі алғашқы ұстазы, «фортепиано» сыныбының жетекшісі Ажар Ескендірова.
Кішкентай ғана өнер иесі Адай Исмайыл 2019 жылы Алматы қаласында өткен «Мәңгілік ел алыптары» атты республикалық рухани-патриоттық байқауында айрықша өнері мен дарынды қабілеті және рухани өркендеу жолындағы еңбегі үшін бас жүлде иеленсе, Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдығына орай «Жеті Өнер» ІV халықаралық шығармашылық фестиваль-конкурсында 1 орында лауреат атанды. Сондай-ақ, Атырау қаласында өткен VІІ республикалық қашықтықтан өткізілген «Жадыра, жас дарын» фестиваль-конкурсында үздіктер қатарында «гран при» жеңіп алды.
Иә, ата-бабамыз «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген мақалы сөзсіз дәл айтылғандай. Барша алты алашты аузына қаратқан от ауызды, орақ тілді ақын Сабыр Адайдың немересі Исмайыл да атасының жолын жаңғыртып, өнер жолындағы сапары сәтті болғай дейміз.
Талабыңа нұр жаусын, Исмайыл!
Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ,
Ақтау қаласы.