Суицид – тығырықтан шығар жол емес
Суицид – бұл өте күрделі және көптеген себептерден туындайтын құбылыс. Ата-ана өз баласына сауатты көмек көрсету жолдарын білсе өз-өзіне алдын алу мүмкіндігі жоғары. Соңғы кездері суицидтің жасарып бара жатқандығы — адамды қынжылтатын жағдай. Қазақстанда өткен жылы өз-өзіне қол жұмсағандардың жалпы саны 3,4% өскен екен. Бұл ретте жасөспірімдер арасындағы суицид саны артып отыр. Қазақстанда 169 кәмелетке толмаған жеткіншек қайтыс болған, олардың 27,8%-ы 5 пен 14 жас аралығындағы балалар, 72,2%-ы 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Нақ осы жас санатында аяқталған суицид санының белсенді өсуі байқалады. 5 пен 18 жас аралығындағы қазақстандықтардың өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері бір жылда 17,8%-ға өскен. Суицид – психологиялық құбылыс. Оны түсіну үшін өзіне қол жұмсаған баланың рухани жағдайын түсіну керек. Психологиялық тұрғыдан санасы әлі пісіп жетілмеген жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсау арқылы «өз мәселемді шешемін, бұл мен үшін қиындықтардан, дағдарыстардан шығудың жолы» деп ойлайтындығын ескерсек, суицидті кездейсоқ әрекет ретінде санауға болмайды. Өз-өзіне қол жұмсау, әсіресе, өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер арасында белең алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулері нәтижесіне сүйенсек, өзін-өзі өлтіру жөнінен Қазақстан үшінші орынға, Орталық Азия елдері бойынша бірінші орында тұр екен.
Осыған сәйкес, жалпы әлемде әрбір 40 секунд сайын, елімізде әр сағат сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайты анықталды. Өмір болған соң адамның ішкі жан дүниесінде үлкен күйзелістер болмай тұрмайды. Осындай қауіпті кезеңдерде олардың жан дүниесін түсініп, адамды тығырықтан шығар жол сілтейтін жақыны болуы керек-ақ. Бұлай дейтініміз, бүгіндері көптеген ата-ана күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, баласында қандай проблемалардың туындағанын, көңіл күйі қандай екендігін білмейді, оған арнайы уақыт бөле алмайды, тіпті бас ауыртпайтындары да кезігеді. Осындайда балалар ішкі күйзелісін ешкімге айта алмай, булығып, тығырықтан шығар жол таба алмай, онымен тек өзі ғана арпалысады. Ақыры осындай өкінішті жайтқа әкеп соғады. Суицидтік мінез-құлықта қауіп-қатерді меңзейтін әртүрлі белгілер бар. Суицидтік мінез-құлықта жиі кездесетін белгілер: көңіл-күй, депрессия, агрессивтілік, өз-өзімен болу және т.б. Жеткіншектердің эмоционалдық мінез-құлқындағы өзгерістер мен суицидтік қауіп-қатерді ерте анықтауға бақылау дағдысы ықпал етеді. Дағдарысқа ұшыраған жеткіншектердің мінез-құлқы, көңіл-күйі, сыныптастарымен және достарымен қарым-қатынасы, қызығушылықтары және т.б. өзгере бастайды.
Әр баланың мінезі жүре қалыптасады. Психолог, әлеуметтік педагог және оқушы арасында сенім қалыптастыру;
Оқушы отбасымен тығыз байланыста болу;
Баланың балалық шағын қорғау үдерістерін іске қосу;
Оқушыға жеке көмек беру (құпия түрде);
Бірінші кезекте күнделікті қарым-қаты-настағы жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, ішкі жандүниесін түсінуі қажет. Жасөспірімдердің суицидке бейімділігінің себебін анықтау, тіпті солай деп жорудың өзі қиынға түседі. Бұл көбіне балалардың мінез-құлқының тұрақсыздығына да, сондай-ақ анықтау және балаға жәй ғана назар аударудың өзінің жоқтығына байланысты болады. Бұл жастағы балалар ересектер қатарына да жатпайды, бірақ олар бала болғысы да келмейді. Сондықтан оларға ересек адамның тығыз байланысы мен өзара терең түсіністігі қажет.
Жастардың өзіне-өзі қол жұмсауының себептері:
Депрессиялық көңіл күй. Жеткіншектің жанының жараланғыштығы, психикалық ауруларға шалдығуы.
Отбасындағы шиеленіскен қарым-қатынастар.
Оқудағы қиындықтар (мұғаліммен ортақ тіл табыса алмауы да әсерін тигізеді).
Адамдармен қарым-қатынасындағы сәтсіздіктер, жақын адамынан айырылу.
Қоғамдық орындардағы эмоционалдық, психикалық көңіл күйге назар аудармай, ауыр дөрекі сөздермен кемсіту, ар-ождан, намысқа тию.
Дене бітімінде физиологиялық кемшіліктер (адамның өзіне-өзі көңілі толмауы).
«Қиын» жасөспірімдер: ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, мүгедек балалар, физиологиялық және психикалық даму кемістігі бар балалар, зорлық-зомбылық көрген балалар.
Өзін-өзі бағалауы төмен балалар: тез ренжігіш, депрессияға жеңіл түсетін балалар.
Көріп отырғанымыздай, суицидтік жағдайлар әртүрлі әлеуметтік жағдайлардан, дұрыс қарым-қатынас болмағандықтан орын алатыны белгілі болды. Сондықтан психологтар осындай қауіпті балалармен, олардың ата-аналарымен де жекелей жұмыс жүргізуі тиіс.
Жасөспірімдердің өз-өзіне
қол жұмсауы жөніндегі
мәселе бойынша
ата-аналарға кеңес:
1. Отбасындағы үлкендер арасындағы ұрыс-керіске балаларды араластырмау.
2. Өз балаларыңызға өмірге деген талпынысын, мақсатын құруға көмектесу.
3. Қиыншылықтарды жеңуге көмектесу.
4. Жасөспірімдердің талпынысына, өмірді бастауына жәрдем ету.
5. Ешқандай жағдайда, қол күшін пайдаланып жаза қолданбау.
6. Өз балаларыңызды жақсы көріп, көбірек көңіл бөлу.
7. Баланың құқығы мен міндетін дұрыс құрастыру: үйде, мектепте, көшеде. Бұл жерде тек қатыгездік емес, түсіністік керек.
8. Егер балаңыз тату, түсіністікте өмір сүрсін десеңіз, оның кемшіліктерін бетіне айта бермеңіз, кінәламаңыз. Сіз баланың суицидке жақындығын байқап қалсаңыз, ашық сөйлесуге тырысыңыз.
Алайда өзі бастамайынша ол тақырыпқа сәйкес сұрақ бермеңіз. Балаңызды не мазалап жүр, жалғызсырап немесе өзін бақытсыз сезініп жүрген жоқ па, тығырыққа тірелгендей сезімде емес пе, өзін ешкімге керексізбін немесе қарыздармын деп ойламай ма, достары кім, неге қызығушылық танытады деген сұрақтарға жауап алуға тырысыңыз. Тығырықтан жол тауып, яғни баламен ашық сөйлесу керек. Бала өзін мазалаған жайттарды ашық айта алса, суицид туралы ойдан да арыла алады. Баланың бұл әрекетіндегі мақсат не және себебі қандай екендігін ұғынуға тырысу қажет. Суицидтік әрекет көбінесе, жасөспірімнің сабақ үлгермеушілігі, оған ынтасының төмендеуі, ересектермен қарым-қатынасының шектелуі, сезім тұрақсыздығынан байқалады. Тәрбиедегі ақаулық, дене жазасының басымдылығы, балада эмоциялық тұрақсыздықтың дамуына, эмоциялық қимыл-қозғалыс деңгейінің жоғарылауына әкелетіні жиі кездеседі. Ата-аналардың тым қаталдығы, олардың өз беделдерін басты орынға қоюы немесе балаға шектен тыс қамқорлық жасау – жасөспірімге кері әсерін тигізеді. Жасөспірімдер арасында суицидтік әрекетті алдын алу, диагностикалық, коррекциялық, психопрофилактикалық жұмыс-тарын жүргізіп, адамның өмірін сақтап қалу – психологтардың ең басты міндеті.
Өзіне-өзі қол жұмсаушылықтың алдын алу үшін ата-аналар, мұғалімдер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер, салауатты өмір салтын қалыптастырушы мамандар, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыс атқару керек. Яғни ең алдымен алдын алу жұмыстары жасалу қажет.
Жасөспірімдер мен жастар арасында осы тақырыпта дәрістер, әңгімелесулер, сұхбаттасулар, кеңес беру, сұрақ-жауап сияқты жұмыстардың көбірек жүргізілгені дұрыс. Өзіне-өзі қол жұмсауға баратын адамдар көбінесе ішкі жан күйзелісін басынан кешіреді немесе қатты стресс жағдайында болады, сонымен қатар психикалық ауруларымен, көңіл-күй бұзылыстарымен, әсіресе депрессиямен зардап шегеді және болашақ өмір қызықтырмайтын болып келеді. Жастар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау мәселесін зерттегенде анықталған: тұтастай алғанда көп жағдайларды жасөспірімдер ата-аналарының, мұ-ғалімдердің назарын өз мәселерлеріне аудару мақсатында өзіне-өзі қол жұмсауға шешім қабылдайтыны және осындай келеңсіз түрде үлкендердің селқостығы, парықсыздық, арсыздық және қатыгездігіне қарсылықтарын білдіреді. Мұндай қадамға көбінесе тұйық, жаны жараланғыш, жалғыздық сезімнен, өзінің керексіздігінен стреске берілгіш және өмірден түңілген жасөспірімдер барады. Қиын өмірлік жағдайда уақытында көрсетілген психологиялық көмек, мейіріммен жа-салынған қолдау қайғылы жағдайдан жасөспірімді аман алып қалған болар еді…
Ата-ана, ұстаз әр баланы керемет рухани күш иесі деп қарап, оның шетсіз шексіздікті үйренсем деген ұмтылысына уақытында көңіл бөліп, демеу жасасақ, қуаттандырсақ жүрегі нұрға толы, жан-жағына шуағын шашып тұрған мейірімді, адамгершілігі мол, үнемі талпынып тұратын, өз елін, жерін, тілін, отбасын, жалпы өмірді сүйетін, еңбекқор, адал адам тәрбиелеп шығарымыз сөзсіз. Жасөспірімдерге өмірді бағалауға тек махаббат, түсіністік және қолдау көрсету көмектеседі.
Жасөспірімдерді қатерлі қадамнан тек өзін тыңдайтын, түсіністікпен қарайтын адаммен сөйлесу мүмкіндігі ғана құтқара алады. Оның ойына мүмкін әлі келе қоймаған басқа шешім туралы ойлануды сұраңыз. Сіз ол адамның жан-жарасын білдіретін сөздерін, мейлі ол уайым, қайғы, кінә, қорқыныш немесе ашу-ыза болсын, тыңдай білсеңіз, оған баға жетпес көмек бергеніңіз. Тіпті кейде жай ғана үндемей онымен бірге отырсаңыз да, бұл сіздің оған деген қамқорлық қатынасыңыздың, оның тағдырына немқұрайлы қарамайтыныңыздың дәлелі бола алады.
Г.Тұрлыбекова, «Мөлдір бұлақ»