Суицид — қатерлі дерт
Жуырда Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен жиында суицид пен буллингтің алдын алу мәселелері талқыланды.
Жиынға білім, денсаулық сақтау, ішкі саясат, дін істері, жастар саясаты басқармаларының басшылары, сондай-ақ құқыққорғау органдарының өкілдері, қала және аудан әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде балаларды буллингтен қорғау жолдары және тұрғындар арасында өзіне-өзі қол жұмсауды тоқтату мәселесі қаралды.
Жаһандағы ең өткір проблемалардың бірі – суицид. Бұл дерт жастар арасында белең алып, көпті алаңдатып отыр. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аймақта суицид кеселі өршіген. Оның ішінде кәмелет жасқа толмағандар арасында. Жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауының жалпы себебі қорқыту екені айтылды. Биыл сәуір айында Ақтөбеде 17 жастағы бойжеткен көп қабатты үйдің шатырынан секіріп көз жұмған. Қайғылы оқиға қала шетіндегі ықшам аудандардың бірінде болды. Қыздың биіктен секіргенін көпшілік көрген. Тіпті бейнебақылау камерасына да түсіп қалыпты. Жерге құлап бара жатқанда сол маңнан өтіп бара жатқан оқушы бала да бұл сұмдықты көрген. Өмірден баз кешкен бойжеткен колледждердің бірінің студенті.
Облыс әкімі Асхат Шахаров барлық мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен бірлескен кешенді алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Аталған мәселе өңір басшысының жіті бақылауында.
«Негізгі жұмыс балаларға қауіпсіз және жайлы жағдай жасауға бағытталуы керек. Ешбір бала құрбыларының немесе ересектердің қысымын көрмеуі керек, қорқытуларға жол берілмеуі тиіс. Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық деректері көбейіп барады. Балаларды құрбылары ұрып-соғу жағдайлары тіркелуде. Буллингті тоқтату үшін барлық мекемелер бірлесе отырып, бақылау және алдын алу шараларын күшейту керек», – деді облыс әкімі.
Жиында жауапты тұлғаларға суицидтік мінез-құлық көрсететін тұлғалармен жұмыс жүргізу, психологиялық қолдау көрсету және дер кезінде анықтау жұмыстарын жандандыру, әлеуметтік желілер арқылы қауіп-қатерді анықтауға бақылауды күшейту және жасөспірімдерге қолдау көрсететін «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығын қаржыландыру мәселесін шешу тапсырылды.
Ақтөбе облысының прокуратурасы облыста суицид жасау себептерін талдап, суицидтің алдын алу шараларын қабылдау қажеттігін белгіледі. Көпқабатты үйлерден секіру арқылы жасалған суицидтер қоғамда ерекше резонанс тудырып, жұртты аяғынан тік тұрғызады. Былтырғы жылы осындай 5 факт анықталған. Облыс прокуратурасы жергілікті атқарушы органның атына суицидтің алдын алу жөнінде шаралар қабылдау туралы хат жолдаған.
Оның ішінде:
— суицидтер жиі жасалатын орындарға мониторинг жүргізіп, олардың алдын алу бойынша шаралар қабылдау мысалы, («Ақтөбе-Ажары» тұрғын үй кешенінде балкондарының ашық учаскелеріне қоршаулар орнату);
— люктерге құлыптар орнату арқылы көп қабатты үйлердің шатырларына кіруді шектеу бойынша кондоминиум төрағалары және мүлік иелерінің бірлестігі басқарушыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
— тиісті салалардың мамандарын тарта отырып, суицидтің алдын алу жөніндегі ведомствоаралық топты құрып, суицидтің әрбір фактісін зерттеу, бұдан әрі ұқсас фактілердің алдын алу жөніндегі тетіктерді әзірлей отырып, себептерді айқындау, оның ішінде халықаралық тәжірибені зерделеу және оны енгізу туралы хат жолдаған.
Зерттеулерге сәйкес, суицид туралы ойлайтын адамдардың өмір мен өлімге қатысты екіұшты сезімдерін сезінуі және олардың азаптарынан жеңілдік іздеуі сирек емес. Адам мұндай әрекетті осы сәттің әсерінен жасай алады және бірнеше күннен кейін өмір сүргісі келген кезде өледі. Адамға психологиялық қолдау көрсету арқылы суицидтің алдын алуға болады. Өз-өзіне қол жұмсамақ болған, бірақ аман қалған адамдарды тексеру барысында олардың көпшілігі кейіннен өлімнен құтылуға қуанышты екендігі атап өтілді.
Суицидке бейімділігі бар көптеген адамдар психикалық аурумен ауырмайды, ал психикалық ауытқулармен өмір сүретін көптеген адамдар өз өмірін жоғалтқысы келмейді. Суицидке толы дағдарыстық жағдайларда өткір психологиялық стрестің, созылмалы ауырсынудың, зорлық-зомбылық тәжірибесінің, сондай-ақ әртүрлі әлеуметтік факторлардың болуы сияқты бірқатар себептік және ілеспе факторларды ескеру қажет.
Суицидтік мінез-құлықтың қарапайым түсіндірмесі жоқ. Бұл ешқашан жалғыз факторға немесе оқиғаға байланысты емес. Адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін факторлар өте көп және күрделі. Суицидтік мінез-құлықтың себептерін түсінуге тырысқанда физикалық және психикалық денсаулық жағдайын, өмірдегі стрестік оқиғаларды, сондай-ақ әлеуметтік және мәдени факторларды ескеру қажет.