Сиқыршылар әлемінде

fon_05betАс үйде өзінің немерелерімен бірге тақиялы қария отырған. Бүкіл кешкен ғұмыры қарияның бетінде әжім болып өз ізін  қалдырғандай. Немерелері қариядан көз алмай, оның әрбір қимылын бағып қалған.
– Ал, шырақтарым! – деп көздерінің нұры сөнген қария күлімсіреді.
– Мен бүгін сендерге бір ертегі айтып беремін. Ол ертегі – сиқыршы патша жайында.
– Ата, сиқыршылар жақсы ма, әлде жаман ба? – деді немерелері.
– Сиқыршылардың зұлымдары да болады. Бірақ бұл ертегі  адамдарға жақсылық жасайтын, жамандыққа қарсы тұратын сиқыршылар жайында. Ал енді бастайын…
Баяғы бір заманда сиқыршылар әлемінде бір Арыс деген патша өмір сүріпті. Арыс патшаның үйленетін уақыты келіп, ол жар іздеуге аттанады. Әдетте сиқыршылар жарды перілердің қыздарынан алушы еді. Себебі, сиқыршы мен пері үйленгенде ғана туылған бала сиқыршы бола алатын. Перілердің қыздары қарапайым адамдардың қыздарынан ақылдырақ болатын. Алайда Арыс патшаға ешбір перінің қызы ұнамаған еді. Жаздың бір әдемі кешінде Арыс патша бақты аралап жүріп, бір бойжеткен қызды байқап қалады. Өзінің сарайына жеткен соң, Арыс патша сол бір қарапайым қызды ұмыта алмай, күні-түні ойлайды. Патша бүкіл уәзірлерін жинап алып, сол бір қызға ғашық болғандығын айтады. Уәзірлері үндемейді, бірақ жүздерінде мұң пайда болады. Бұған дейін Ешбір сиқыршы, тіпті сиқыршылардың патшасы да адамның қызына үйленіп көрмеген еді. Қыздың аты Мариям болатын. Марияммен көрші үйде Айбар деген жігіт тұратын. Ол жігіт мүлдем жалқау, бұзақы еді. Әрқашанда Айбардың жұмысын оның інілері мен әпкелері істейтін. Ал, Айбар Мариямға өте қатты ғашық еді. Уәзірлер соны біліп қойып, патшалары Арыс Мариямға  үйленбеу үшін, Мариямды Айбарға сиқырлы сусын ішкізу арқылы қоспақшы болады. Халық жаз айында  жыл мезгілінің ең ұзақ күндеріне арнап мереке жасайтын. Сол мерекеде уәзірлер Айбармен  кездесіп, оған сиқырлы сусын береді. Осындай қараңғы түнде оларды ешкім естімейді де, көрмейді деп ойлаған еді. Алайда қалың талдың арасында адасып жүрген бір бала олардың бұл әрекеттерін байқап қалады. Кезінде ол баланың ата-анасын зұлым сиқыршыдан Арыс қорғап қалған еді. Содан бала Арыс патшаға барып, барлық мән-жәйді түсіндіреді. Қатты ашуға булыққан Арыс патша барлық уәзірлерін шақыртады.
– Ал, уәзірлерім! Сендердің сиқыршылар әлемін сақтап қалуға тырысқандарыңды мен түсінемін. Алайда махаббатқа қарсы тұрып, айлакерлікке барғандарың дұрыс емес. Бұл жолы мен сендерді кешіремін. Бірақ екінші рет тағы жасырын жаман әрекет жасасаңдар, сиқыршылар әлемінен қуылып, зұлым сиқыршылар қатарына қосыласыңдар! – деп патша уәзірлеріне ескертті.
Уәзірлері қатты қысылды. Сарайдан
шығысымен Мариямды тауып алып, барлық мән-жәйді түсіндіріп, кешірім
сұрайды. Мариям Арысқа ең алғаш көргеннен-ақ  ғашық болған еді. Уәзір-лері Мариямды сарайға жеткізіп, Арыс екеуінің үйлену тойын тойлайды.
Ал енді, балаларым, ұйқыға жатыңдар!
                                     Дина  ӘЛІМБЕТОВА,
ҚазҰУ-дің  физика  факультетінің
V-курс студенті.

ПІКІР ЖАЗУ