Сиқырлы балық

Арман деген бала болады. Бірде ол балық аулауға барыпты. Қармағын бірінші рет суға салғанда оның қармағына ештеңе түспейді. Екінші рет салады, бірақ тағы да ештеңе ұстамайды. Үшінші рет ол қармағын суға салғанда кенеттен оның қармағына алтын балық түседі. Арман алтын балықты үйге әкеліп, құмыраға салады. Содан ол балыққа қалаған арман-тілектерін айта бастайды:
– Балық, балық, мен математиканы жетік меңгергім келеді.
Алтын балық:
– Жарайды, Арман, сен енді математиканы жетік меңгерген боласың.
Сол сәттен бастап Арман математикадан сыныптағы ең алғыр балалардың бірі атанады. Бірер күн өткен соң Арман балыққа тағы бір бұйымтайын айтады. Ол:
– Балық, балық, мен ағылшын тілін үйренгім келеді. Алтын балық:
– Жақсы, Арман, сен енді ағылшын тілін білетін боласың.
Бала содан үшінші тілегін айтты:
– Балық, балық, мен ғалым болғым келеді.
Бірақ бұл жолы балық ештеңе айтпастан судың ішіне жоғалып кетеді. Тек осы кезде су астынан: «Егер өзің еңбектеніп оқу оқып, білім нәрімен сусындамасаң, сен ғалым бола алмайсың» деген сөздер естілді. Арман сонда ғана өмірді сиқырмен емес, еңбекпен байланыстыру керек екендігін түсінді.

Нұрсая ИБАДУЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ