Шыныңды айтып құтыл


Құрметті жас достар! Бүгін біз шыншыл болу туралы айтамыз. Шыншыл болу — шындықты айту, ақиқатты жасырмау. Оның қарама-қарсы мағынасы — өтірік айту, жасырып қалу, артық сөз қосып жіберу. Бұл екеуінің ара-жігін өздерің де жақсы білесіңдер. Адам шындықты айтқанда ешқашан ұтылмайды. Өзіңе қауіп келтіретінін біле тұра, шындықты айту — нағыз адамдықтың, шынайы мұсылманның қасиеті. Шындықты айтуда туысқандық, жақындық, достық, ақша, билік деген түсініктер жүрмейді. Сен айтқан ақиқаттан бауырың түрмеге түсер болса да, одан тайсалмау керек. Қазақта «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген керемет мақал бар. Қасиетті Құран Кәрімнің аяттары да осы жолды мықты ұстануды бұйырады.
Біз қай кезде шынымызды айтпай, өтірікпен көлгірсіп құтыламыз? Көбіне, қорыққанда. Қымбат телефнды сындырып алып, әке-шешем ұрсады деп қорыққанда, «ұрлап кетті» деп жалған айта салуымыз мүмкін. Жүрегінде иманы бар, құдайдың көріп тұратынын сезінетін адам қолымен жасағанын мойнымен көтеріп, шынын айтудан қорықпауы керек. Мәселе — қымбат телефонның сынғаны емес, бұдан кейін осындай жағдай туып жатса, әрдайым өтірік айтып құтылу әдеті пайда болады. Телефонның жаңасын алуға болады. Ал, бірақ өтірікті қайтара алмайсың.
Өтірік айтқан адам пәледен уақытша құтылуы мүмкін, ал басқа адамдар зиянын шегіп жатады. Керек болды деп біреудің ақшасын жымқырған оқушы өтірік айтып
құтылады, ал тергеуші басқа оқушыларды тергей бастайды. Мұндайда жүрегі таза адамдардың көңіліне қайғының табы орнайды. Өтірік сөз қар секілді нәрсе, оны дөңгелектеген сайын үлкейе береді, үлкейе береді. Жұрттың бәріне бір күн масқара боласың да қаласың.
Шындықты айтатын адамның әрдайым жүрегі тыныш болады. Ешкімнің алдында ұялып қуыстанбайды. Өткенін ойлағанда «осындай бір өтірік айтып едім» деп қиналмайды. Ондай адамның достары да, бауырлары да соған ұқсап, шыншылдық қасиетті бойларына дарытады.
Ақиқатқа жақын жанды Алланың өзі жақсы көріп, «Шыншылдар, өтірік айтпайтындар» деген тізімге есімін жазып тіркеп қояды. Ал, жалғанға жақын жанды періштелерге дейін ұнатпайды. Оның есімі «Өтірікшілер» деген тізімге жазылып қойылады. Қайсысымыз бұл соңғы тізімде болғымыз келеді дейсің? Бәріміз де шыншылдардың қатарында тұрғанымыз абзал. Ендеше, қазірден бастап әрбір айтар сөзімізді абайлау керек. Тіпті ұсақ өтіріктің өзінен қашық болу керек, себебі ұсақ тастар жиналып, үлкен тас құрайтынын білеміз.
Осы мақаланы оқып, «бүгіннен бастап тек шындықты айтамын» деп шештің. Кейбір достарың бұл мінезіңді ұнатпай «ашықауыз», «сатқын» деп мазақтауы мүмкін. Бұл уақытша ғана болатын нәрсе. Жаман достар өзі-ақ сенен алшақтайды немесе саған қарай бейімделіп, өтірік айтудан қашатын болады.
«Шын сөйле. Сонда ештеңені есте сақтап жүруге мәжбүр болмайсың» деген екен бір жазушы. Кімге не деп өтірік айтып едім, қашан ұсталып қалар екенмін деп жүретіндерден өткен бейшара бар ма?!
«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Өтірік айтып, артынан шындық ашылып, ұялғаннан гөрі, ақиқатын айтып, жауапкершілікті қабылдап алғанға не жетсін.

Мирас Кесебаев

ПІКІР ЖАЗУ