ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АКАДЕМИЯСЫ: 2600 баланың талантын шыңдап отыр

Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданында 2017 жылы ашылған Шығармашылық академиясы бүгінде балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, жас өрендердің талантын шыңдап, шығармашылық тұрғыда дамуына септігін тигізіп отыр.

Жалпы аумағы 11700 шаршы метр болатын еңселі ғимарат бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген болатын.

Бүгінде академия шығармашыл жастардың ордасына айналды. Мұнда оқушылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Қосымша білім беру бағыты бойынша академияда 8 бөлім жұмыс істейді. Әр бөлімде 6-7 үйірмеден бар, жалпы саны 50 үйірмеде 2600 оқушы өздерінің сүйікті ісімен айналысып, толыққанды меңгеруге тырысып жүр.

– Балалардың жеткен әрбір жетістігі –ұстаз еңбегінің нәтижесі. 2021-2022 оқу жылында халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық байқауларға жалпы саны 700-дің үстінде бала қатысып, бас жүлде (Гран при), І, ІІ, ІІІ жүлделі орындарға ие болды. Қазіргі күні академияда 128 педагог әр баланың бойындағы даралық ерекшеліктерін анықтап, шығармашылық дамуымен айналысып, олардың биіктен көріну жолында әр бөлім бойынша білікті мамандар талмай еңбектенуде,- дейді академия басшысы Алмас Сүлеймен.

Академиядағы «Би әлемі» бөлімі бойынша 5 үйірме жұмыс жасайды. Олар–«Gulnar» Халықтық би ансамблі, «Еңлік» үлгілі би ансамблі, «ЕңлікKids», «Самғау» балет студиясы және «Deep body bend» заманауи жастар биі. Кішкентай бишілерге ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР құрметті азаматы, «Үздік ұстаз» төсбелгісінің иегері, 30 жылдық еңбек өтілі бар, біліктілігі жоғары санатты педагог – Гүлнар Байдильдинова жетекшілік етеді.Бишілер көптеген сайыстардың жеңімпаздары.

Шығармашылық академиясындағы балалардың креативтілігі, техникалық қиялын, логикасы  мен алгоритмдік, жан-жақты ойлай білуін дамыта түсетін, бірнеше пәнді бір арнаға тоғыстыратын робототехника-математика, физика, информатика, билология заңдылықтарын білуді қажет етеді. «IT технология. Робототехника» үйірмесінің оқушылары түрлі ашық алаң жарыстарына қатысып, нәтижесінде жүлделі орындардан көрініп, жеңімпаздар Алғыс хат, дипломдармен марапатталды. Қосымша білім беру педагогы, үйірме жетекшісі Валерий Когай балалардың жан-жақты дамуы үшін аянбай тер төгуде. Сонымен қатар «DisneyDream» кемеүлгілеуүйірмесінің тәрбиеленушілері кеменің әр түрлі құрылымын анықтап, сызбаларды оқып түсінуді үйренеді. Балалар әр түрлі класты кемелердің құрылымын, теңіз кемесі терминологиясы негіздерін, конструкторлық және еңбек дағдыларына қажетті білім алады. Және «Форсаж» автоүлгілеу, Технотория қол қозғалысын дамыту, «Ғылыми зерттеу шеберханасы», «4D School» сәулет және дизайн шеберханасы балалардың дамуына зор ықпал етеді.

–Сонымен қатар академияда 60 орындық планетарий жұмыс жасайды. Ғарыш –шексіз кеңістік. Бұлттардың арғы жағындағы басқа әлемнің ғажайып, сырлы тіршілігін көзбен көру үшін Шығармашылық академиясында алғаш рет планетарий түні өтті. Біздің заманымызға дейінгі тіршіліктің пайда болуы, жойылып кетіп, қайта гүлдеуі, оған планетаның әсері барлығы дерлік үлкен экраннан көрсетілді. Дүниетаным, білім кеңейту, рухани демалыс үшін аталмыш шараға қала тұрғындары, қонақтары келіп көрді. Болашақта түрлі тақырыптардағы документалды фильмдер, балаларға арналған мультфильмдер көрсету жоспарлануда,- дейді академия басшысы.

Академиядағы балалар жақсы көретін тағы бір үйірме –«FashionQueen» бөлімі.

Онда «Клуб Ok» тоқу және макраме, «Golden hands» «Akadem florist» студиялары мен «Defile» сән мектебі мен «Сымбат» пішу және тігу шеберханасы жұмыс істейді.

«АRT» медиа бөлімінде «Балалар және жасөспірімдер театры» үйірмесі, «Шешендік өнер», «Дебат», «Дүл-дүл» жас ақындар студиялары балалардың сөздік қорын дамытып, өз ойын ашық, еркін жеткізе білу мақсатында түрлі тақырыптарды қозғай отыра сабақтар өткізіліп, сайыстарда білімін шыңдайды.

Ән-күй, жыр-терме – халық мұрасы, сарқылмас қазынасы. Шығармашылық академиясында балалардың музыкалық қабілетін дамыту мақсатында түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Скрипка,фортепиано, домбыра, қобыз, баян, флейта, гитара, дәстүрлі ән кластары мен вокал студиялары өз нәтижелерін беріп келеді. Балалар түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, талай додалы жарыстарда топ жарып жүр. Ал спорт бөлімінде спорттық, көркемдік гимнастика, шахмат, тоғызқұмалақ, таэквандо, үстел теннисі үйірмелері жұмыс істейді. Салауатты өмір салтын ұстануда балаларға түрлі сайыстар ұйымдастырылып, жарыстарға қатысуға мүмкіндіктер беріліп отыр.

Сырлы әлемнің түрлі әрін қаламына бағындырып, өз ойын кіршіксіз ақ қағазға түсіре білу де тамаша өнер. Сурет өнері – күрделі әрі шексіз ұғым. «Өнер» қыш шеберханасы, «7Бояу» бейнелеу өнері студиясы мен «Көркемдік шеберханасы» жас суретшілерді әдемі туындылар салуға баулып отыр.

Барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеу, балаларды айыратын кедергілерді жою, ата-аналарын белсенділікке шақыру, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау көрсету, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқыту бойынша инклюзивті білім беру Шығармашылық академиясында бірнеше бағытта жүргізіледі. Қазіргі күні ерекше білім алып жатқан 13 оқушы бар. Олар «Балалар және жасөспірімдер» театры, Вокал, Изо студиясы, спорттық гимнастика, домбыра, қазақ тілі, «Deep body bend» заманауи жастар биі, «Fashion Queen» бірлестігі «Тұмар» сәндік-қолданбалы өнер студиясына, Fablab робототехника, шахмат үйірмелеріне қатысады.ПсихологБотагөз Мергенбаева диагностикалық бағыт,                                                                                                    түзету-дамыту бағыты, кеңес беру (ата-аналар, үйірме мұғалімдері), әлеуметтік бейімдеубағыттары бойыншажұмыстаржүргізіп, балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді.Нәтижесінде баламен жұмыстың бағыттары айқындалып, бала дамуындағы ауытқулардың алдын алу үшінбірнеше психологиялық диагностика жұмыстары жүргізіледі. Оқушылардың танымдық қабілеттерін анықтай отырып музыка, ойын, саз балшық, монтессори, арт терапиялары жүргізіледі.

Академияда жазғы демалыс алаңы да жұмыс істейді. Биыл 152 бала жазғы демалыс алаңында болған. Бірлескен қызметтің мақсаты – оқу мен тәрбие саласындағы өзара қарым-қатынас, оқытушылар мен оқушылар арасындағы шығармашылық, рухани-адамгершілік байланысты нығайту, мәдени ағартушылық бағыттағы іс-әрекеттерді өзара байыту.

–Осы орайда академия қаламыздағы көптеген жалпы білім беретін орта мектептерімен, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығымен, «КазРоботикс» қазақстандық білім беру және спорттық робототехника Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігімен, «А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.Жылма жыл уақыт талабына сай оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін оқытудың жаңа ақпараттық технологиясын пайдалана отырып, елінің ертеңі болар азаматтарды тәрбиелеу, қабілеттерін ашу қосымша білім беру педагогтарының бағдарлы түрде  ұйымдастыру жұмыстары көзделіп отыр,- дейді академия басшысы.

 

Мейрамгүл Сатаева, Ақтөбедегі арнаулы тілшіміз

ПІКІР ЖАЗУ