Шөп қорада газет оқитынмын
Адамның жүзіне күлкі үйіретін қайран балалық
шақ… Ең қызық, ең ыстық, ең таза кездер ғой. Мен 5 сыныптан бастап «Қазақстан пионері» га-зетіне «жас тілші» атандым. Жас тілші болған соң бәрінен хабардар болуың керек. Ол кезде түстен кейін пошташы апай келеді, сол кісіні сыртта күтіп
жүремін. Келген кезінде газетті ала салып, шөп қораға кіріп кетемін. Бояудың иісі аңқыған басылымның бір әрпін қалдырмай оқып, бірақ шығамын. Себебі, үйге кірсем сіңлім таласады. Содан келесі жылында анаммен келісіп, газеттің екі данасына жазылдық, сіңлім екеуіміз таласпайтын болдық.
Газет-журналдардың барлық түріне жазылыңыздар деп аға-әпкелеріме, анама бөліп беретінмін. «Сіз Мә-
дениет және тұрмысқа» жазыласыз, сіз «Қазақстан әйелдеріне» жазылыңыз», — деп бір жылға жаздыртып, келген сол газет-журналдарды шашау шығармай жинап, тігіндісін жасайтынмын.
Кітапханадағы сияқты сөрелерге қатарластырып жинап қоятынмын. Қолыма артық тиын түссе кітап дүкеніне жүгіремін, сөйтіп біраз кітап жинадым. Біреулер біздің үйден оқуға кітап алса, арнайы «менің жеке кітапханам» деген журналға жазып, тіркеп қоятынмын. Сол кітап қайтып орнына келгенше күтіп, алаңдап жүретін едім. Оқушы кезімнен кітапханашы болуды жаным қалайтын.
Кішкене кезімде бір үйдің есігінің алдында шаң-тозаң болып, күнге сарғайып кеткен «Ботагөз» деген кітапты көріп, көңіл-күйім қатты түсіп кетіп еді. Ол кітапты үй иелерінен сұрап алып кеттім.