ШЕБЕРГЕ ШЕКАРА ЖОҚ

Біздің кішкене кезімізде арнайы фотосалондарға барып суретке түсетінбіз. Немесе, фотографты үйге шақырып дайындалып түсетінбіз. Кейде паркте қыдырып жүріп, ондағы арнайы адамдар арқылы түсеміз. Соңғы кезде қол телефонның жаппай жалпыласуына байланысты кез-келген жерде түсуге болады. Бірақ, түсірушінің қолындағы телефонның сапасына байланысты, оның талғамына байланысты, түсіру техникасына, шығармашылық қиялына қарай түскен суреттер әр алуан болып жатады.

Қазақта, «Ешкі сойсаңда, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Әркімнің қолында фотоапарат болғанымен бәрі бірдей сауатты емес. Қалай болса, солай «шыртылдатып» жатады. Сондықтанда сурет түсірудің «қасапшылары» кәсіптік фотографтар деуге тура келеді. Сурет түсіру үлкен өнер. Жоғары талғам, көркемдік ойлаудың биігі. Фотограф ең әуелі кәсіптік білім алған адам, жан дүниесі тұнып тұрған жасампаздық, тапқырлық. Көркемдік эстетикасы жоғары, сұлулыққа жаны құмар, ішкі түйсігі терең адам ғана фотограф болады. Ол физика мен оптика ғылымынан хабары бар, жарықтың ерекшеліктерін жақсы меңгерген болу керек. Сонда ғана оның жұмысы өнімді, түсірген суреттері құнды болып шығады. Мұндай адамдардың жұмысын мың сан суреттің ішінен бірден танисың. Міне, сондай құпиясы мол, мазмұны терең өнерді игерген жанның бірі Фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлы.
Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ, 1982-жылы Тәңіртау бөктерінде дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының түлегі. Еңбек жолын 2008-жылы «Алматы Ақшамы» газетінен бастаған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Фотожурналистер арасында өткен байқау бойынша Рахымбай Ханалы атындағы сыйлықтың иегері. Францияның Люмер мұражайында, АҚШ-тың Ню Йорк қаласында фото суреттері көрмеге қойылған. Республикалық және Халықаралық фотобайқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы.


«Қазан Ат», «Бүркіт» деп аталатын үш тілде басылған фотоальбомға суреттері енген. «Мектеп» баспасынан шығатын оқулықтардың ішінде С.Қызайбекұлының суреттері молынан берілген. «Ақиқат» журналы, «Жас Алаш» газеті, «NEGE.KZ» порталында қызмет етті. «National Geographic Qazaqstan» халықаралық журналының жобаларына қатынасқан. Журналымыздың мұқабасындағы сурет оның таңдаулы жұмыстарының бірі.

Қуаныш Даут, Алматы қаласы, Түріксіб ауданы, 162-мектептің 11-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ