Шағалалы шаһар

Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін Түркістан облысына қарасты Шардара ауданы о бастан-ақ, кесене мен ескерткіштерге бай еді. Әр ескерткіш тұнған тарих һәм қызығы тарқамайтын аңыз. Сырдың бойындағы бұл шаһардың тарихтан ойып алған орны болмаса да, «Шардара» атауының өзі «төрт қақпа» деген терең мағынаны үстейді. Расында, Яксарт, Сейхун деп аталған Сырдария аңғарында темір дәуірінен бастап жерімізде алғаш ірге қалаған сақ тайпалары, одан кейін Түрік қағанаты мекендегенін білеміз. Әлі де теңіз бетіне шыға қоймаған осынау тарихтың бір парасы жақында мәлім болды.

Достар, тарих сабағындағы «келіншектас» атауы бәріңе таныс қой. Анығында оның тарихи және ғылыми атауы «балбал тас». Міне, сендер оқыған, бәріміз де суретіне телміріп қарап отыратын балбал тас Сыр бойындағы Шардара ауданынан табылды. Бұл аудан егіншілікке маманданған. Егіншілікпен айналысатын Төребековтер әулеті ақпан айында жаңбырдан кейін бұрын байқамаған төбешік жерді байқайды. Алғашында мән бермеген олар егістік жұмыстары аяқталғаннан кейін, төбешікке қайта ат ізін салады. Осыдан кейін, көненің көзі балбал тасты тапқандарын айтып отыр. Бүгінде, жәдігерді тапқан жер иесі балбал тасты өз орнына қойып, қоршау жасатты.
Тарих тұңғиығында жатқан бұл маңға елімізге белгілі археолог, тарихшы Зейнолла Самашев та келді. Балбал тасты мұқият қараған тарихшының болжамы бойынша жәдігер VІ-Х ғасырларға тән. Себебі, балбал таста жауынгердің бас киімі анық бейнеленген. Демек, балбалтас қолбасшының немесе батырдың басына қойылса керек.
З.Самашев: «бұл маңға зерттеу жұмыстары жүргізілетін болса, тарихтың тағы бір бетіне куә боларымыз анық» дейді. Ал, жәдігерді тапқан жер иесі суқоймаға жақын бұл жерді мәдени орын ретінде тезірек мемлекет қарамағына алынуын қалайтындарын жеткізді.


Осыдан төрт жыл бұрын Түркістан облысындағы Созақ ауданынан да екі бірдей балбал тас табылған болатын. Енді міне, оңтүстіктегі тағы бір шаһардан көненің көзі табылды. Сафари туризмі қолға алынбақ Шардара ауданы осындай тарихи мәдени ескерткіштерімен де көпшілік назарын аударары сөзсіз. Тарихсыз бүгін де, болашақ та жоқ. Ал тарихымызды зерттеп-зерделеу, мақтан тұту-біздің парызымыз. Мүмкін, осындай сырға толы аймақтарды зерттейтін тарихшы сен боларсың?

Жазира Бекболатова

ПІКІР ЖАЗУ