Саяхат адамның таным көкжиегін кеңейтеді

Динара БОЛАТ, жиһанкез, «Радио саяхат» бағдарламасының жүргізушісі

 

Арманыма сендім

– Динара апай, саяхаттауды бала кезден армандадыңыз ба?
– Менің балалық шағым ауылда өтті. Саяхаттау – бала кезгі арманым. Менің анам – география пәнінің мұғалімі. Үй мен мектептің арасында үнемі қолында карта, глобус ұстап жүретін. Ескірген карталарды жаз кезінде сарайдың қабырғаларына іліп қоятын. Сарайға кіріп, қартадағы елдердің астанасын, құрлықтар мен мұхиттардың аттарын қызығып жаттап жүретінмін. Сол кезде өскен соң, осы картадағы барлық елдерге саяхат жасап, міндетті түрде көремін деген мақсат болған. Өзімнің арманыма жететініміне іштей сендім.
– Неше жасыңызда саяхатқа шықтыңыз?
– Алғашқы саяхатыма 20 жастан асқанда шықтым. Ол кезде Қытайға саяхаттаймын деген оймен емес, денсаулығыма байланысты бардым. Ұзақ жол бойындағы көрікті жерлер мені саяхаттауға ұмтылдыра түсті. Кейін отбасымызбен алты жасар қызыма Рождество мерекесін көрсету үшін Еуропаға бардық. Мемлекеттердің арасында автобуспен жүруге болатынындығын көріп, келесі жылдан бастап белсенді түрде саяхаттауға бел будым.

Маған ұнаған елдер

– Қандай мемлекеттерде болдыңыз? Алған әсеріңізбен бөліссеңіз.
– Соңғы 3-4 жылда 18 мемлекетке саяхат жасадым. Оның ішінде ең алысы – Норвегия, Швеция, Финляндияны, Африкадағы Морокко елін көрдім. Индонезия, Малайзия, Сингапур секілді қымбат елдерде болдым. Ерекше әсер еткен, маған қатты ұнаған елдер – Индонезия, Үндістан, Италия. Жиі бара бергім келетін жер – Түркия мен Норвегия.
– Баланың дамуына саяхаттың әсері қандай?
– Саяхаттаудың баланың кез келген жасында да өзіндік әсері бар. Бала айналасын саяхаттап жүріп таниды. Сезімталдығы дамиды. Оқушы балаларды бірге ертіп шықсаңыз саяхаттау арқылы таным көкжиегі кеңейеді. Мектеп қабырғасында шетелді тек тарих пен география пәнінен білсе, көзбен көргенде оның санасының өсіп, ойлау мен зейінінің дамуына зор ықпалы бар.
– Жастарымыздың көбі шетелге шығуды, білім алып, жұмыс жасауды армандайды. Саяхаттың алғашқы қадамын қалай жоспарлаймыз?
– Ең бірінші өзіңіздің баратын мемлекетіңізді анықтап белгілеп алу керек. Ұшақ билетіне, қонақ үй, т.б кететін қаражатты шығарып, соған ақша жинау керек.
– Еліміздегі туризмді қайтсек дамытуға болады? Осы саланы дамытқысы келетін жас буынға қай мемлекеттерге саяхат жасауды ұсынар едіңіз?
– Еліміздегі туризмді дамытуды соған берілген қаражатты толық сол мақсатқа жұмсаудан бастау керек. Себебі бізде жол мәселесі өте нашар. Ішкі ұшып бару рейстері өте қымбат. Билеттердің бағасын арзандатқан жөн. Көлікпен, пойызбен бару үшін жағдай жасаған дұрыс. Сонда ғана кәсіпкерлер көрнекі, табиғаты керемет, еліміздің мақтан тұтар жерлерінде жақсы қонақүй, мейрамханалар ашып, көпшіліктің қызығушылығын арттыратын қолайлы сервисті жасайтын болады деген үміттемін. Ал жастар бұл саланы дамытамын десе, міндетті түрде туризмі өте жақсы дамыған елдерге саяхат жасап, солардың туризм саласындағы қызметімен, жетістіктерімен танысып қайтқаны дұрыс. Ол – Түркия, Индонезия, Тайланд секілді елдер. Тур фирмалар арқылы адамдар демалуға ұмтылатыны, соларға жақсы жағдай жасалатындығынан.

Ақша жетпесе қайтем?

– Көп адамдар ел көріп, жер танығысы келеді. Бірақ ақшаның жетпейтінін айтады. Саяхатқа көп қаржы шығындамай баруға бола ма?
– Саяхаттауға ақша жетпейді деу – сылтау. Кез келген арман-мақсат белгілі болса, оны орындауға амал табылады. Егер тіпті ақшам жоқ, қиналып жатырмын, бірақ саяхаттағым келеді деген адамдар қымбат емес көрші елдерден бастауына болады. Тіл білетін жастар болса, автостокпен жолға шығып, коучсорфингті пайдаланып, т.б амалдарды қарастырып, ақшасын үнемдеп, тіпті тегін саяхат жасауына болады.
– Саяхаттау үшін көп тіл білу маңызды ма?
– Саяхаттау үшін көп тіл білудің қажеті жоқ. Ең бастысы қай жерде де өтімді ағылшын тілін орташа деңгейде білсе болады. Дегенмен 18 елді көріп, толыққанды саяхат жасауға менің ағылшын тілін жетік білмеуім еш кедергі болған жоқ. Адамға ең бастысы – батырлық, пысықтық, сенімділік пен өз қалауыңыздағы мақсатыңызға жететіндей ниет керек.
– Болашақта тағы барғыңыз келетін елдер? Алға қойған мақсатыңыз.
– Алда барғым келетін елдер өте көп. Көп қаражатты қажет ететін, алыста орналасқан Жапония, Исландия, Африка елдеріне қызығушылығым жоғары. Мақсаттарымды бірте-бірте жүзеге асырам деген сенімдемін.
Мақсатым – әлемді тану. Барынша білімді болу. Өзіміздің қазақ жастарын шектелмей, саяхаттау арқылы ерекше ойлауды үйретіп, өмірді басқа қырынан көрсетіп, оларды осы өмірге шексіз ғашық ете түсу.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Гүлім ЕРКІНБЕК

ПІКІР ЖАЗУ