Сәуле (Қоғам қайраткері, ардақты ана, Сәуле Мешітбайқызына!)

Халықаралық, қоғамдық, саяси-танымдық «Qazaqstan dauiri» газетінің және балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» Сәуле Мешітбайқызын мерейлі 75 жасымен құттықтаймыз!
Сәуле Мешітбайқызы ұлттың жанашыры, мемлекеттік тіліміздің үздік нәсиқатшысы. Аналар мен балалар құқығын қорғаушы. Ардақты ана, аяулы әже, ақпарат ісінің үздігі. Ол «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы» медалінің, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хаты» сияқты көптеген марапаттардың иегері.

Құрметпен, «Мөлдір бұлақ» журналы

Мойынқұмның бір қызы мойымайтын,
Ісі де айқын, айтатын ойы да айқын.
Қайраткері қазақтың, ұлтым деген,
Сөзін естіп тыңдаушы тойынатын.

Сөзін естіп риза, ісін көріп,
Сүйінетін сыртынан түсінген жұрт.
Айшықталып бейнесі орнығатын,
Жүрегінде әркімнің мүсінделіп.

Талас пен Шу, арасы өз ұясы,
Онда Хантау, ордамыз Қозыбасы.
Қазақ хандық орнатқан әйгілі жер,
Сол мекенде туған ол сөз расы.

Киелі жұрт, құт мекен, кең керегем,
Мойынқұмда даңқымыз өрлеген ең.
Сондай жерде туған бір қазақ қызы,
Махаббатпен ер жеткен елім деген.

Жер дедіңіз, ұлтыма тіл дедіңіз.
Теңіз сынды телегей білгеніңіз.
Қазақ елін шиырлап араладың,
Шаршағанды ешқашан білмедіңіз.

Болғанымен бұқпалы жолы ары да,
Ізкескендей түсесіз сорабына.
Билікпенен әлсізге көпір болып,
Халық үнін жеткіздің жоғарыға,
Танып білдің тынысын замананың.
«Қазақстан дәуірін» дараладың.
Сәуле болып санаға жағылдың да, —
Бауырыңа баладың бар адамын.

Ақиқаттың үніне түрдің құлақ.
Болашаққа ағыздың «Мөлдір бұлақ».
Ақылыңды, еркіңді елдік үшін,
Тәуелсіздік жолына бердің бірақ!..

Отырмадың бір сәтте «малдас құрып».
Дана жолын келесің жалғастырып.
«Ел анасы» болуға лайықсың,
Жаратқаннан тілейміз бар жақсылық!..

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын,
ҚЖО-ның мүшесі

 

ПІКІР ЖАЗУ