«Сәттің» сәтті концерттері
Шымкенттік «СӘТ» триосы өнер сүйер қауымға таныла бастады. Азат Әбілдаев, Сапарбай Алтыбай мен Тұрар Тұрмысов Шымкент қаласындағы «Үміт» мектеп-интернатында білім алады. Балалардың бойындағы ерекше қасиетті байқап, оны әрі қарай дамытуға үлес қосқан музыка пәнінің мұғалімі, топтың қазіргі музыкалық жетекшісі Тамара Шілдерханова.
Балалардың өнерге құштарлығы керемет. Әнді лезде жаттап алады. Дауыстары ерекше, таза. Басында сәл қысылатын еді, қазір ашылып келеді. Азатымыз еті тірі, сәл еркелеу. Тұрар баламыз момындау. Сапарбай салмақты. Үшеуінің де арманы бір – ән айту. Сахнаға шыққан сайын шаттанады. Бұлар тума талант иелері, – дейді Тамара Шілдерханова.
Продюсер Нұржан Қожабековтың қолдауымен жас ұландар үлкен сахнада өнер көрсетуде. Алғашқы әндері – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Көнеміз ғой…» әні бойынша бейнеклип түсіріледі. Әнді өмірлеріне серік еткен жеткіншектер аз ғана уақыт ішінде халықаралық, республикалық байқауларда топ жарды. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Кастальский ключ» атты балалардың халықаралық фестиваліне қатысқан «СӘТ»триосы «Туған жер» деген әнді орындап, бас жүлдені қанжығаға байлайды. Әнді билеп айтуға үйреніп жүрген Азат, Сапарбай мен Тұрардың талаптары таудай. Оларға ең алғаш сенім артқан адам, топтың музыкалық жетекшісі балаларға бар білгенін ымдап түсіндіреді. Өрендер сахнаға шыққанда көрермендер қол соғып, қошамет көрсетеді. Бұл марапат олардың әнді жандүниесімен орындауға жетелейді.
– Біз ән айтқанды өте ұнатамыз. Сахнаға шыққанда бойымызға қанат біткендей болады. Көп әншілерді білеміз. «Мұзарт» тобындағы ағаларымызбен танысқымыз келеді. Олардың барлық әндерін жатқа білеміз, – дейді бір ауыздан Азат, Сапарбай және Тұрар. Тек сахнада ән айтуға бел буған балалардың болашағынан үлкен үміт күтеді.
– Алғашында Шымкентке келіп концерт қойған көптеген белгілі әншілер бізге жатырқай сенімсіздік білдірумен болды . Ал қазір концерттеріне өздері шақырады. Енді біз оларға таңдап баратын болдық. 5 әніміз бар. Себебі бейнеклипке түсіру ұзақ уақытқа созылады. Олар басқа әншілер секілді тәулігіне 12 сағат жұмыс істей алмайды ғой. Денсаулықтары шыдамайды. Сондықтан біз бейнеклипті асықпай, айлап түсіреміз. Бүгінде әлемде трио болған мұндай топ жоқ. «СӘТ» тарихта аты қалар бірегей топ боларына сенемін, – дейді топ продюсері Нұржан Қожабеков.
Жақында әнші балалар Тараз қаласында түсіріліп жатқан режиссер Руслан Байтөлешовтың «Тағдыр» атты фильмінде өздерін сәтті сомдап шықты. Олар ашық-жарқын мінезімен түсіру тобын баурап алған көрінеді. Бұл жас талант иелерінің тағы бір белестен көрінуі. Алда талай асулар бар.
Мира МҮСІЛІМ.
Шымкент қаласы.
Редакциядан: Талабы таудай кішкентай бауырларымызға сәттілік тілей отырып, өнер биігіне өрлей беріңдер дейміз.