Сапарға жетелеген бесік-арба

20bet_f11Асхаттың мамасы дүниеге тәп-тәтті қыз әкелді. Сол кішкентай қуыршақтай қызбен бірге үйдің іші абыр-сабырға толды. Үйдің «еркесі» атанған Асхаттың құлағына жас сәбидің іңгәлаған дауысы алғашқыда түрпідей тисе де, шыдады. «Кішкентайдың бауы берік болсынмен» үйдің табалдырығын аттайтындар көбейді. Осындай көңілді отырыста шырқалған әннен шырт ұйқыда жатқан Асхат бірнеше мәрте оянды да. Кішкен-тайынан бір мезгіл көзінен таса етпейтін анасы сәбидің оны-мұнысын сатып әкелу үшін әкесін дүкенге жұмсады. Әкесі ұлын ертіп алады. Онысы анасының көңілінен шығуы үшін не нәрсе болса да, екеуі ақылдасып алу. Екеуі қызыл шақа сәбиге жаялық таңдаса, енді бірде сәби жататын кереует сатып алды. Асхаттың қарындасы Анар бес-алты айлығында жиі қозғалатынды шығарып, бара-бара қолды-аяққа тұрмайтын болып алды. Жан-жағына байыппен қарап, қызылды-жасылды түстерді таңдана тамашалайтын кішкентайға ата-анасы бесік-арба (коляска) аламыз деп шешкен-ді.
Асхатқа әкесі: «Ал, ұлым, ертең кішкентай қарындасыңа бесік-арба алуға базарға барамыз, жақсылап ұйықта. Ертең аяғым шаршады, үйге кетеміз деген қыңқылыңды естімейтін болайын», — деп ескертті. Түнде Асхаттың ұйқысы келмей, ертеңгі баратын базарға ойша саяхат жасады. Ұшқыр қиялы аспанға жетелеген ол тәтті ұйқы құшағына ене берді…
20bet_f111…Олар «Мега», «Балалар әлемі», «Ботақан», «Солнышко», «Сарыарқа» сауда үйлерінде болып, әшекейленген кереует, жазға арналған, қысқа арналған бесік-арба, сәби тамақтанатын үстел (ұзартылып-қысқартылатын) т.б. жас сәбилерге арналған бұйымдарды қарап жүр екен. Қызылды-жасылды ойыншықтарға толы дүкеннен оған ұнағаны өзін-өзі басқаратын машиналар мен жанып-өшіп, от шашатын автоматтар. Олар бесік-арбаның үлкенін сатып алды. Бесік-арба алыс арақашықтықтан өзін-өзі басқару тетікшемен жүреді екен. Анарды бесік-арбаның ішіне жатқызып, Асхат тетікшені қолына алды. Оның түймелерін оңды-солды басып, арбаның алға, артқа қарай жүретінін қызықтап әлек. Арба керемет ұнады. Бір кезде ол Анарды бесік-арбаға отырғызып алып, Астана-Павлодар тас жолына түсіп зуылдады. Оның түсінігінше бұл серуен қарындасына да қатты ұнайтын секілді. Орыс пешімен орманда зуылдаған Емеля секілді, олар жаңа арбамен Астана, Қарағанды, Жезқазған қалаларына сапар шекті. Үлкен тас жолда «Тойота», «Ниссан Максима», «Ауди-100», «БМВ», «Мазда», «Фолькс-ваген» сынды шетел көліктерімен бірге қалыспай, бұлар да заулап келеді. Асхаттың міндеті – үлкен жүк машиналары мен шетелдік көліктердің арасымен қарындасына қауіп-қатер төндірмей өту. Тас жолда бесік-арбаны алғаш көрген көлік жүргізушілері оған таңырқай қарап, бастарын шайқап қояды. Өзінің әкесімен жасты адамдармен тас жолда жарысып жүргеніне мәз. Мәз болғаны былай тұрсын, сыныптастарына мақтанатыны есіне түскенде, тұла бойын шаттық буы керней жөнелді.
Ерейментаудан шыққан ағалы-қарындасты екеуі Астанаға қас-қағым сәтте жетіп, атасы мен әжесінің үйінің алдында келіп тоқтады. Олар Асхаттың бетінен шөпілдете сүйіп, жаңа көлікке көрімдік беріп, бесік-арбаның астын тәтті кәмпит, тоқаш, бауырсақтарға толтырып жатыр. Ата-әжесіне уақыты жоғын, шаруасының шұғыл екенін айтып, мұнда көп кідірмеді. Астанадағы «Бәйтерек», «Тәуелсіздік» сарайы, «Бейбітшілік пен Келісім сарайын», Есіл өзенінің сол жағалауларынан аспанмен таласа бой көтеріп жатқан зәулім үйлерді тамашалап, аты-шулы «Думан» ойын-сауық орталығының қызығына тоймай, бірнеше сағат жүріп қалыпты. Қалтасындағы ақша таусылғанда, ат басын Жезқазғанға бұрды. Қарағанды, Жезқазған қалаларындағы ағайын-туысқандарына кіріп шығуды да ұмытпады. Олар Асхаттың жолды тауып келгеніне таңданып, бесік-арбаға көрімдік беріп, қалтасын ақшамен және толтырды. Бар ағайын-туысқандарына сәлем беріп болғасын, ол арбаның басын ауылға бұрды. Ендігі мақсаты – алған керемет әсерлерін сыныптастары мен достарына жеткізіп, қалтадағы бума-бума ақшамен «Миллениум», «Акула», «Аркада», «Матрица» клубтарына барып, компьютер ойындарынан бас алмай ойнау.
…Анардың шырылдаған дауысы Асхаттың түсін үзіп жіберді. Шырт ұйқысынан оянған ол керемет түстің шырмауынан біразға дейін шыға алмады.
Перизат ӘМІР, журналист.
Астана қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ