«SANA CARDS» – балалардың ақылды көмекшісі

     «SANA CARDS» AR (толықтырылған кеңістік) технологиясы көмегімен жасаған отандық өнім — «Жануар», «Бақша» атты 4D карталары балалардың ой-өрісінің дамуына айрықша үлес қосады. Картаға телефоныңыздың камерасын жақындатсаңыз болды, AR технологияларының көмегімен жануарлар, көкөністер мен жемістер «тіріліп», яғни, олардың 3D модельдері мен дауыстары карта үстіне пайда болып, олар жайлы пайдалы ақпаратты үш тілде біле аласыз. Нұрсұлтан Әжімұратов бастаған жас мамандар балалардың қызығушылығын ұлттық құндылықтарға бұру мақсатымен интеллектуалды әрі танымдық мақсаттағы карталарды ұсынуда. Ал жақында «АLIPPE 4D» әліпбиін жарыққа шығармақ. Бұл әліпби әріп тануға енді қадам басқан әр бүлдіршінге таптырмас көмек болары сөзсіз. Жас та болса өзінің дарынымен көпшілікке үлгі болып, балалардың технологияға деген ынтасын арттырып жүрген Нұрсұлтан Әжімұратовпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Нұрсұлтан мырза, ең алдымен «SANA academy» компаниясының қандай мақсатта құрылғанын айтып өтсеңіз.
─ Білім беру – бұл пайдалы әрі қызықты жұмыс. Бастапқыда группаласым Азамат Төлегенов деген жігітпен IT курс ашуды қолға алдық. Кейін ағылшын тілі, музыка курстарын аштық. Төрт-бес саланы бірге алып жүру өте қиын болды. Сол себепті біз тек балаларға арналған IT курс жобасын қолға алдық. 2017 жылы «SANA academy» компаниясын аштық. Көп адам IT курстардың негізгі бағытын түсіне бермейді. Курстың мақсаты – балаларды кішкентайынан цифрлы жүйеге, IТ технологияға баулу.


Бұл жүйе кодтаудан тұрады. Негізі бағдарламалық код жазу балаларға мүлдем қызық емес. Робототехникадағы негізгі принцип – балаға код жазуды үйрету. Балалардың өздігінен код жазуы қиын. Ал робот жасау әлдеқайда қызықтырақ. Роботтың қозғалысының астарында кішігірім код болады. Оны басқаша қимылдату үшін басқа код жазуың керек. Балаға роботты қозғалту қызық болғаннан кейін, код жазуға қызыға кіріседі. Бізде балалар 2D, 3D ойын құрастыра алады. Бала алдында қозғалысқа келіп тұрған дүниені одан ары дамытып, жаңа дүние ойлап тапқысы келіп тұрады. Код жазуды осылайша үйренеді. Біздің қазір 100-ден аса оқушымыз IT курс бойынша білім алып жатыр.
– Неге академияның атын «SANA» деп атадыңыздар?


─ Біздің мақсатымыз – балаларға IT сана қалыптастыру. Кішкентайынан бастап осы салаға деген қызығушылықтарын арттыру. IT саласы да шығармашылық жұмыс. Біз түрлі ортадағы жастармен танысып, идея алмастық. Командада бүкіл жасақ бар, программист, 3D модельер, аниматор жігіттер. Неге бірігіп өз дүниемізді жасамасқа деп шештік. Осылайша 4D карталарды жасап көруге бел будық. Бұл жерде Бақытжан Шабдукаримов, Нұрбек Молдағалиев деген жігітердің орасан зор еңбегін айта кету керек.


Бұл дүние мектепке дейінгі балалардың таным көкжиегін арттыру үшін жасалды және қазіргі күн санап дамып келе жатқан бағдарламалық технология қолданылды. Бұрынғы телефондар карталарды қозғалтып көруге мүмкіндік бермейтін. Қазіргі гаджеттердың сипаттамасы өте мықты, мүмкіндіктері мол. Алғашқы карталарда «Жануарларды» жасап шығардық. Жануарлар әлемі балаларға өте қызық. Олардың өзіне тән анимациясы, өзіне тән даусы бар. Қазіргі қаланың балаларының жануарларды күнде көретін мүмкіндіктері жоқ. Сол үшін олар жануарлар бағына жиі барғысы келеді. Ал көбінде ондай мүмкіндік болмауы мүмкін. Бала әрбір жануардың қалай қозғалатынын, қандай дауыс шығаратынын біліп өседі. Алғашында карталарды 2000 данамен жасап шығардық. Екі күнде сатылып кетті. Кейіннен дизайны мен сапасын тағы жақсартып 10000 дана жасадық. Көпшілікке ұнады. Біздің өнім 70 пайыз білім беру, 30 пайыз ойын-сауықтық үлгіде жасалды. Ата-аналарға ұнағаны – үш тілде ақпараттың берілуі. Көзімен көрмеген жануарларын картадан тірідей көргендей әсерде болады.
–«ÁLIPPE 4D» жайлы айтып өтсеңіз? Басқа әліпбилерден қандай айырмашылығы, артықшылығы бар?


– Қазіргі уақытты әліппе жасап жатырмыз. Қызықты анимацияларды қосу арқылы балалар әріптерді қиналмай тез үйреніп кетуі үшін, әріптерден сөздерді, сөздерден сөйлемдерді құрап үйрену үшін жеңіл әрі жылдам үйренуге жағдай жасағымыз келеді. Қазір бәріне қызық сала – мультипликация. Біздің нарықта сапалы дүниелер аз. Біздің ойымыз – сапалы әрі берері мол, ішінде өзіндік құндылықтары бар дүние жасау. Адамгершілікті және рухани құндылықтарды балалардың бойына сіңіру үшін жақсы жобаларды дүниеге әкелгіміз келеді.
– Қазіргі күні балалардың қолынан телефонды көп көреміз. Бұл қаншалықты зиян?


– Ата-ана баланың қолына гаджетті амалсыз береді. Пайдасынан зияны көп. Телефоннан қазір бала өзінің қалағанын көреді. Сол себепті біз баланың телефоннан пайдалы дүниені көруге ұмтылғанын қалаймыз. Қазіргі балалардың қаһармандары «Өрмекші адам», «Темір адам» т.б Ақпарат құралдары санаға қатты әсер етеді. Балаларды қазір тек қана қиял-ғажайып дүниелермен қызықтыра аласың. Шетелдік мультфильмдердің кейіпкерлері шынайы өмірде жоқ. Балалар тек соған қызығып алданып өсіп келе жатыр. Бұл өте қиын. Себебі олар ертең адамның бойындағы ең жақсы қасиеттерді көре алмайды. Өмірде жоқ кейіпкерлерді көріп өскен бала өзінің әкесін не ағасын үлгі етпейді. Оның үлгі алатыны басқа. Ал біз қалай өстік? Біз кезінде батырлар жырын оқып өстік. Иә, ол жерде де қиял-ғажайып бар. Бірақ ол шындыққа жанасатын. Сол батырдың бойындағы қасиетті бойымызға сіңіріп өстік. Ертегідегі батырлардың қайсысын алсаңыз да күшті, ержүрек, ақылды, елі мен жерін жаудан қорғайтын, әлсізге қамқор, намысын қалқан қылатын азамат болатын. Сол секілді шыншыл, әділ, ержүрек, қайтпас қайсар болуға ұмтылатын едік. Мысалға Ер Төстіктің ағасын іздеуі, бауырмалдылығы, әкесіне деген құрметі, мұның бәрінде тәрбиенің негізі жатыр. Ол қанша жерден қиял-ғажайып ертегі десек те, баланың есінде жоғарыдағы айтқан қасиеттер қалатын. Біздің ойымыз – медиа арқылы жолын тауып қазіргі заманға сай, осы заманның «тілімен», тарихи тұлғаларды тірілту, тарихи құндылықтарды жаңғырту.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан КАРИПОВ

ПІКІР ЖАЗУ