Салт-дәстүр – ұлттық тәрбие негізі
Ұлттық салт-дәстүр – балаға рух беріп, оның ішкі-сыртқы келбетін өрнектеп көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Ғасырлар бойы қалыптасқан құндылығымыз бен мәдени мұрамыз арқылы халық әркез өзін-өзі тәрбиелеп отырады. Балалардың бойына халқымыздың рухани байлығын сіңіре отырып, ата дәстүрін танып білуге, ардақтауға, құрметтеп мақтан тұтуға тәрбиелеу – басты мақсатымыз. Осы орайда кітапханада ұрпақты қоғамға, отбасына бейімдеп, адамгершілікке, отансүйгіштікке, ержүректілікке, имандылыққа тәрбиелейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүр жайлы әдебиеттерді насихаттау барысында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
«Ата салтың – халықтық қалпың» тақырыбында көрме-викторина ұйымдастырылды. Кітап көрмесі оқырмандардың сұрақтарына орай құрастырылды. Алдымен «Оқырманды қызықтырған сұрақтар» атты құтыда салт-дәстүр бойынша орқырман сұраныстары жинақталды. Оларға жауап ретінде кітап көрмесіне әдебиеттер іріктелді. Олар «Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер», «Тұрмыс салт-дәстүрлері», «Әлеуметтік- мәдени салт-дәстүрлер» бөлімдеріне орналастырылды. Көрме-викторина әсіресе балалардың көңілінен шықты.
Балаларды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге және сыйластыққа баулуда берер тәрбиесі мол дәстүрдің бірі Көрісу мерекесі. Ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдардан бері аталып келе жатқан осы мерекеге орай «14 наурыз – Көрісу күні» тақырыбында мерекелік шара оздырылды. Шара көрісу мерекесінің мағынасын, барысын түсіндіріп, қасиетін сезіндіру мақсатында ұйымдастырылды. Шараға қатысқан балалар өз отбасыларындағы көрісу күнгі көріністерді әңгімелеп берді. Балаларға көрісу туралы мағлұматтар жазылған тәттілер салынып «Сый табақ» ұсынылды.
Уақыт өтіп, заман мен адам өзгерген сәтте бабалардан қалған ұлттық тағамдар жайлы мәліметтермен оқыр-манды қамтамасыз ету мақсатында «Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдар» тақырыбында альбом жасалды.
Салтымыз бен қоғамның тарихи дамуының сабақтастығын бұзбай, құндылықтарымызды сақтау үшін балаларға дәстүріміздің озық үлгілерін насихаттап отырсақ ұлттық тәрбиеміздің іргетасын бекіткеніміз болар еді.
Айнагүл Айсағалиева,
Қалалық №2 балалар кітапханасының меңгерушісі.
Орал қаласы