Сабын кірді ашады…

Сабын – тілімізге арабтың «сабун» деген сөзінен енген кірме сөз. Сілтінің, сақардың және майдың қосындысынан жасалған, суда еритін кір жууға арналған кесек немесе қоймалжың сұйық зат.  Бүгінде сабынның сан түрлі атаулары бар.
Сабын өндірісі бұдан 6000 жыл бұрын жүзеге асқанын археолог-ғалымдар дәлелдеп отыр. Сабынның адам баласына ертеден белгілі екендігі  туралы Рим дәрігері Гален шығармаларында  жазылған. Оны көп мөлшерде өндіру ХІХ ғасырда сода тәсілі табылғаннан кейін жедел өркендеді.
Орта ғасырларда сабын өндіру жөнінен Марсель портты қаласының аты шықты. Ресейде сабын І Петр дәуірінде пайда болып, ХІХ ғасырдың ортасына дейін ақсүйектерге ғана белгілі болды. Қазақ арасында сабын сөзі одан әлдеқайда ертерек пайда болғанын мына мысалдардан аңғаруға болады. Мәселен, Бұқар жырау (1668-1791 жж) өлеңдерінде мынандай жолдар бар екен:
Қара қойдың терісін,
Сабындап жусаң ағармас…
Одан кейінірек Шал ақын Құлекеұлы (1748-1818 жж) былай депті:
Сабының сақар болды дені келін,
Көрмедің шыбын құрлы мені келін…
Жинаған: Гүлдана ДЕМЕУҒАЛИЕВА.

ПІКІР ЖАЗУ