Рухы биік дала шамшырағы

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлы дала ұрпақтарының ұлттық тілде сауатын ашып, ғылым-білімді өз тілінде оқытуына күш жұмсаған ұлы тұлға!
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының қарсаңында қазақ елін елең еткізіп, көптен күткен ұлы тұлғамыздың дара жолы кең далаға тартылған көркем шығарма өмірге келді. Болмыс бейнесі, сол заманның тіршілігі, өмір тағылымдары бейнеленген алты бөлімнен тұратын «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты телехикая «Qazaqstan» телеарнасында көрермен назарына ұсынылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен түсірілген аталмыш телехикаяның режиссері Мұрат Есжан. Сценарийін Мұрат Есжан мен Ұларбек Нұрғалым жазса, көркемдік кеңесшісі ғалым Ұшқын Сайдырахман. Режиссердің сериалды түсірудегі мақсаты – ұлт ұстазының биік тұлғасын, сынбас рухын көрерменге жеткізу, осы рух арқылы көрермен жүрегіне сәуле беру.

Фильмде ең алдымен көрермендердің назары Ахмет атамыздың рөліне түседі. Айтқанынан қайтпайтын, қайсар мінез, бірбеткейлік, қажымас жігерге ие болған кейіпкерді Байғали Есенәлиев ерекше сомдады. Ал ұлт ұстазының жанын түсінген, асыл жары Бәдрисафа Мұхамедсадыққызын Майя Веронская сәтті ойнап шыққан дер едім. Міржақып Дулатұлын Бақыт Қажыбаев, Әліби Жангелдинді Азат Сейітметов, Әлихан Бөкейхановтың рөліндегі Бауыржан Қаптағай өздерінің міндеттерін аса сәтті орындаған десек, қателесе қоймаспыз. Артылған жүк ауыр болғанымен, таңдалған актерлер лайықты екендігіне көз жеткіземіз.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлтының болмысын терең таныған ғалым. Халқының барша мұң-мұқтажын, мақсат-мұратын, кемел келешегін терең зерделеген және оған жетудің жолдарын да жақсы білген. Меніңше, Ахаңның ерен еңбегін ерекше бағалауымыз керек, себебі, ұлт қажеттілігін өтеуге арналған көркем шығармаларын жинақтап, халықтың сол тұстағы әлеуметтік-қоғамдық ахуалына терең үңіліп, соған лайық тақырыптардағы шығармаларды баспа беттеріне ешкімнен жасқанбай ұсына білді, әрі дархан далада тұңғыш рет қазақтың айнасы болған «Қазақ» деген атаумен газет шығарды. Кино желісінен Алаштың ұлттық мінбері болған «Қазақ» газетінің атауында екі түрлі мағына бар екендегіне көз жеткіземіз. Біріншіден, тарыдай шашылып жүрген қазақ халқын бір ортаға топтастыру болса, екіншіден, сол кезеңге дейін қырғыз аталып келген қазақтың төл атын қайта оралту. Ағартушы бұл жөнінде: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық» — дейді. Осындай келелі де өзекті мәселелерді көтеру барысында Ахаң бастаған бір топ зиялы қауым өкілдерінің бастарына төңген қауіп-қатер мен қиындықтары деректі фильмде айқын көрініс тапқан.
Фильмде Ахаңның қуанышын бөлісіп, қиындыққа қарсы тұруға көмектесіп, демеу болған достарының саны саусақпен санарлық. Алихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, шәкірттері Ғазымбек пен Қаппас, Тунгеншин. Бірі сенімді серігіне айналса, бірі іштей Ахаңды әшкере қылумен болды. Құрылған топтың ішіндегі барлық іс-әрекеттерін түгелдей баяндап, биліктен бақыт табам деп ойлаған Тунгеншин болатұғын. «Даңқ кімнің күліп тұрса басында, сатқындық та бұғып жүрмек қасында» — деп Мұхтар Шаханов айтқандай, Байтұрсынұлының алдында Тунгеншиннің айыбы ашылып, кінәсін мойындағанымен, замандастары кешпеді. Уақыт Тунгеншин үшін ауыр жаза дайындап тұрған еді.
Өзін «Қыр баласы» деп таныстырған «Ұлт көсемі» Әлихан Бөкейханов образы да фильмде ерекше көрініс табады. Кинодан қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп ақтық демі қалғанша еліне адал қызмет еткен қоғам қайраткерінің Ахметпен достығы қыруар істің басын ашып алуына септігін тигізетіндігін байқаймыз.
Әлихан мен Ахмет сынды Ұлт көсемдерін аға тұтқан Міржақып Дулатов қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелерді өткір жазып, қарымды қаламы, көксемсер сөзі, жалынды ұрандары арқылы қазақты рухтандырып, басты кейіпкерге демеу беріп отырды. Бақыт Қажыбаев Міржақып образын сомдауда дүрбелең кезеңнің қиын сәттерін шебер орындап, көрерменді өзіне тәнті етті.
Серилда Ахаңның басты тірегі әрі тілеушісі болған жары — Бадрисафа. Ахаңды «Төрем» деп қадір тұтып, осындай ұлы тұлғаның жары болу үшін өзінің тілі мен дінін, ұлтын қайырып қойып, өз есімін бүркеніш атпен атап, адал жар бола білгендігі кино желісінде айқын көрініс табады. Ұлт көсемін ұлықтай білген, қазақ елін жоғарғы деңгейде құрметтеген Бадрисафа анамыздың тарих беттерінде мәңгі қалуына әбден лайықты деп білемін.
Кино желісіндегі өзіндік орны бар кейіпкерлердің бірі Саңғытов образы. Қатал, сұсты, қатыгез көрінген тергеушінің арғы жағында мейірім шуағының ашылуына Ахаңның ұлтжандылығы мен отаншылдығы әсер етеді. Сол сезім адами қасиеттің ешқашан жоқ болып кетпейтіндігін көрсетіп тұрғандай-ақ. Жек көріп отырған адамыңа бір сәт сенің де ішің жылып қалатыны сөзсіз.
Сериалдың соңғы бөлімінде Ұлт ұстазы қазақ әліпбиінің қайталанбас үлгісін жасап, бір топ зиялы қауымға ұсынды және оны аумалы-төкпелі заманда барша қазақ елі өзінің төл жазуы ретінде қабылдай алды. Ол араб әліпбиіне негізделген. Өйткені араб әліпбиінде қазақтың тарихы, бірнеше жүзжылдықтарға созылған жазу мәдениеті, діні мен ділі тұр еді. Соны қорғау үшін бар мүмкіндігін жұмсап, жанкештілікпен еңбек етті.
Қазақтың оқу-білімсіз көсегесі көгермейтінін кешегі күнге дейінгі барша қазақ зиялы топтары жазса да, мәселеге жүйелі түрде қарап, нақты жүзеге асыру мақсатында білек сыбанып кіріскен Ахмет Байтұрсынұлы екенін ешкім жоққа шығармайды. «Ұлт ұстазы» деген атағының өзі атқарған жұмысына сол кезде берілген баға.
Ахмет Байтұрсынұлының есімі енді мәңгілік өшпестей болып қауышуы – ұлтының асқан бақыты деп білемін. Қазақ үшін қабырғасы қайысып, тек еркіндікке ғана емес, білімнің, мәдениеттің тәуелсіздігіне ұмтылған тұлға туралы көрсетілген тұңғыш туынды жас ұрпақтың санасында мәңгі жасайды. Қазақстанның бүгінгі тәуелсіз, еркін, бейбіт ел болып өмір сүруіне септігін тигізген қайталанбас тұлғаны ешқашан ұмытпаймыз!

Несіпбаев Али Бағдатұлы, жас тілші,
Алматы облысы, Қарасай ауданы,
Шамалған ауылындағы
орта мектептің
11 «б» сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ