Роберт Оппенгеймер — бейбітшілікті бұзушы

Роберт өзін осылай атауды жөн көрген, себебі соның ашуымен пайда болған атом бомбасы Жапонияның Хиросима және Нагасаки қаласына тасталған сәтте жүз мыңдаған адамның жанын бірден қиды. Ал миллиондаған адамның тұқым қуалайтын мутациялық ауруға ұшырауына себеп болды. Бұл оқиға 1945 жылы 6 және 9 тамызда болатын. Осы жайттан кейін ар азабы ішін жегідей жеп, ізінен ерген әлем ғалымдарын мұндай қырып-жоятын қару жасамауға шақырды. Ғылымда Роберт тек атом бомбасын ғана ашумен танымал болған жоқ, сонымен қатар әлем жүйесіндегі қара құрдымдарды да тауып кетті.
Роберт бала кезден вундеркинд қабілетін көрсетті: ерте бастан жазуды, оқуды, сызуды үйреніп, мектепке бармай тұрып-ақ әдебиет, тарих, ғылым және өнер саласымен айналысты. Оның әке-шешесі еврей отбасынан шыққан, ұлдарының ғылымға деген құлшынысын қолдап, үйіне үлкен кітапхана орнатты. Сосын оны Нью-Йорктің ең үздік мектебіне оқуға берді. Мектепте ол өзін жан-жақты қырынан танытты: грек тілін меңгеріп алды, Үндістанның ескі санскрит тілін үйренді, математика, медицинамен шұғылданды.
Кейіннен Гарвард университетіне оқуға түсіп, оны бар-жоғы үш жылда бітірді.
Роберт өзі секілді атақты ғалымдармен бірігіп жұмыс істеді. Оның ішінде Эрнест Резерфорд, Макс Борн бар. Геттингген университетінде зертханада жұмыс істеп, кванттық теорияның бір бөлігін құрап шықты.
25 жасында ғылым докторы атанған Роберт АҚШ-тың және еуропаның мен деген мықты жоғарғы оқу орындарында дәріс жүргізе бастады. Алайда студенттер оның теориясын түсіне алмады. Қарапайым адамдар үлкен ақыл иесінің ойын қайдан ұқсын?
1939 жылы фашистік Германия атом бомбасын дайындап жатыр деген қауесет тарайды. Оның теориясын білгендіктен, Эйнштейн, Роберт және басқа да ғалымдар АҚШ президенті Франклин Рузвельтке хат жазып, адамзатқа туатын қауіптің шетін түсіндірді. АҚШ билігі оны керісінше пайдаланып, бұл ғалымдарға өздерінің атом бомбасын жасауды тапсырды. Бұл жоба «Манхэттен жобасы» деп аталған, оның ғылыми басшысы Роберттің өзі болды.
Бомба 1945 жылы дайын болды. Бірақ бұл уақытта соғыстың бітіп қалған сәті. Бомбаны не істеу керек, қайда барып тастау, жару керек? Фашистік Германия от пен күлге оранып жатқан. Тек Жапония әлі де жеңілгенін мойындамай, қарсылық көрсетіп жатқан. АҚШ-тың жаңа президенті Гарри Трумэн бомбаны Жапонияға тастап, біріншіден өзінің күшін, қырын КСРО-ға көрсеткісі келді, екіншіден бомбаны сынап көргісі келді. Қанша адам өледі екен? Қандай ауру пайда болады? Қанша көлемді жойып жіберуге болады? Міне, осындай тәкаппарлық сезіммен бейбіт халық орналасқан екі қалаға бомба тасталды. Бомба тасталған нүктеде ауа температурасы миллион градустан жоғары болғандықтан, сол жердегі адамдар күл болмақ түгіл, молекула мен атомдарға ыдырап кеткен. Бомбаның жан түршігерлік нәтижесін баяндаған кезде, Трумэн шампан ашып, ғалымдарды құттықтаған. Тарихта осындай адамдар да болған.
Осыдан кейін ғой Роберттің бармағын шайнап өкінгені. «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай, бір адамның ғылыми жаңалығының кесірінен Жапонияда әлі күнге атомның радиациясына ұшыраған, мутациялық аурулармен ауыратын адамдар тіптен көп. Ұрпақтан ұрпаққа ауру беріле береді.
Роберт өмірінің соңында көп шылым шекті. Мүмкін соның әсері, әлде басқа ма, көп өтпей ажал қуып жетті. Соңында «атом бомбасының атасы», «бейбітшілікті бұзушы» деген лақап аттары ғана қалды.

Кесебаев Мирас

ПІКІР ЖАЗУ