ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗДАН – ӨМІРЛІК МҰРАТҚА
Биыл еліміз Алашорда үкіметінің ғасырлық тойын еске алуда. Сол үкімет құрылған Екінші Жалпықазақ съезіне 21 жасар қайраткер Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгерұлы да қатысқаны – тарихи шындық. Айдарымыздың бүгінгі қонағы — Қошке Кемеңгерұлының шөбересі, ғалым Қайырбек КЕМЕҢГЕР.
Жазушы, драматург, журналист, лингвист, тарихшы, аудармашы, Алаш қозғалысының белді мүшесі Қошке Кемеңгерұлы небәрі 41 жыл ғана өмір сүрді. Оның ішінде соңғы 7 жылы абақтыда, қуғын-сүргінде, айдауда өтті.
Ашығып үш күн болды жаттым төзіп,
Жатырмын жас өмірден күдер үзіп.
Жан жарым, жандай көрген үш құлыным,
Қаласың әлдекімге көзің сүзіп,-
деп тебіренеді ол абақтыдан жазған өлең хатында. Қошке атамыз бен Гүлсім әжеміз Зайра, Нарманбет, Сәуле есімді үш перзент сүйді. Әкем Ризабек – Нарманбеттің баласы. Сонда мен – Қошкеге шөбере болып келемін. Алайда өзім кішкентайымнан Нарманбеттің бауырында өсіп, атамның Алашқа қатысты ақиқатын, әкесі туралы естелігін, әулеттің қилы тағдыры жайындағы әңгімесін, қуғын-сүргін жылдардағы қасіретін, неше мәрте ажалдан қалғанын, аштық пен соғыс тауқыметін, «халық жауының отбасы» деген ауыр кінә шындығын жас күнімнен санама сіңіріп жетілдім. Соның бәрі кейін Алашты зерттеуге, Қошке Кемеңгерұлының өмірі мен шығармашылығын тануға себеп болды. Гүлсім әжеміз қайтыс болғанда он екі жасқа шыққан бозбала болатынмын. Әжеміздің Қошке атамыз туралы айтқан әсерлі әңгімесі, Мағжанның өлеңдерін әндетіп отырғаны да есімде сақталды.
Осылайша, Алаш тақырыбына деген қызығушылық мектепте жүрген кезімнен оянған болатын. Жетінші сынып оқып жүрген шағымда Алматыдан біздің үйге Шәкәрім, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлының кітаптары жетті. Қазақ әдебиетінен сабақ беретін Нарманбет атам ол кітаптарды оқуымның керектігін, өлеңдерін жаттағанымды, ақталған қаламгерлер Қошке атаммен бірге жүргендігін айтты. Сол кезден атамның тәрбиесімен Мағжанның отты өлеңін жаттап, Алаш мұрасын тани бастадым. Ал үйіміздің төрінде Қошке Кемеңгерұлының суреті ілулі тұратын және ескі кітаптары, сарғайған фотосуреттері сақталған еді. Соның бәрі Алаш мұрасын тануға себеп болды.
Мен өзім 1977 жылы Омбы облысының Шарбақкөл ауданындағы Жанан атты ауылда дүниеге келдім. Аулымдағы Томар орта мектебін, кейін Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолымды Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасында ізденуші-стажер ретінде бастадым. Алаш мұрасын тану мақсатымен Омбы қаласының архивінде біраз уақыт жұмыс істеп, тарихи-танымдық мақалалар, бірқатар кітаптар жаздым. Осы күні Еуразия ұлттық университетінде студенттерге қазақ әдебиеті бойынша дәріс оқимын және Алаш мұрасын зерттеу ісімен айналысамын.
Алашты тану, Алаш аманатына адал болу – перзенттік парыз әрі өмірлік мұратым деп білемін.
Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті