Өз заманының заңғары

Тәуелсіздігі тұғырлы, берекесі берік, бейбітшілігі баянды, болашағы жарқын қазақ елінің тарихи тұлғалары өте көп болған. Еліміз үшін, ұлан байтақ киелі жеріміз үшін еңбек еткен ел ағаларының еңбегі бізге үлгі! Мен өзім Абай атындағы білім шаңырағында оқып жүргендіктен ұлт қайраткерлерінің өлшеусіз еңбегі мен өмір жолына қызықпасам кім болғаным. Қазақ елінің гүлденіп, өркендеуіне ел басқарып тұрғанда қажырлы еңбек сіңірген тұлғалардың бірі ғана емес бірегейі Дінмұхамед Қонаев атамыз. Биылғы жылы қазақ халқының біртуар азаматы, қоғам қайраткері, қазақ халқының жанашыры Дінмұхамед атамыздың туғанына 110 жыл толып отыр.

Дінмұхамет Қонаев атамыз – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, техника ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі. Ол 1912 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қонаев ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші хатшысы қызметін атқарып, осыншама жыл қазақ халқының әлеуметтік жағдайын, мәдениеті пен ғылыми салаларының өркендеуіне айтулы үлес қосқан тарихи тұлға. Елі үшін ғұмырын арнаған тұлғаны қазақ халқының жақсы көруі, пір тұтуы таңғаларлық жайт емес. Тек қана қазақ халқы ғана емес, басқа елдердің азаматтары да «зор тұлға» деп бағасын берген. «Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым. Ол терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы»,- деп АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Эйзенхауэр де өз құрметін көрсеткен екен.
Дінмұхамед Қонаев есімі халық жадында ұлылықтың үлгісі ретінде мәңгі сақталары анық. Бүгінгі күндері Д.А. Қонаевтың есімі берілген көшелер, университеттер, колледждер, ауыл-қалалар да бар. Биыл бұрынғы Қапшағай қаласына Д. Қонаев есімі берілді. Атамыздың атқарған қызметі мен жемісті еңбегі елімізді талай табыс биігінен көрсете білді. Әр заманның өз заңғары, қайраткері, қолбасшысы, көш басшысы болады десек, Дінмұхамед атамыз да өз заманының заңғары. Бүгінгі ұрпақ ұлықтайтын, есімін ұмытпайтын, үлгі тұтып мақтанар қастерлі аталарының бірі десем артық айтқандық болмас. Қолыма қалам алып ұлтымыздың мақтан тұтар ұлына өлең жолдарын арнаған едім!
Дінмұхамед бабамыз,
Еңбегіне қараңыз!
Ел басқарған кезінде,
Тұлғалығы бәрі аңыз!

Елді өрге бастаған,
Қиындықтан қашпаған!
Құрмет тұтады атаны,
Алматыдай бас қалам!

Қасиетті бесігі,
Елге арналған шешімі!
Жүректерде сақталар,
Дінмұхамед есімі!

Халық үшін туғансың,
Ұмытылмас тұлғамсың!
Білімді ұрпақ адамнан,
Бүгінгі ұрпақ үлгі алсын!
Осынау жауқазын жырымды ел ағасына арнау мен үшін үлкен мақтаныш! Заманының заңғар ұлын құрметтеу бүгінгі ұрпақ парызы! Елі мақтаған ер есімі ел есінде мәңгілікке сақталар! Дінмұхамедтей тұлғаны тудырған топырақтан елімізді көркейтер ел ағалары өсіп-өне берсін демекпін!

Бейсеков Арслан
СҚО, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының 7«б» сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ