«Отан! Отан! Бәрінен биік екен!»

Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отан!.. Бұл сөз әр адамның жүрегіне жылы жететін жағымды сөз, өйткені әр адамның туған жері өз Отаны өзіне жақын әрі ыстық болады. Отан – мен үшін ана да, әке де дер едім. Сүйікті Отанымызды озат оқуымызбен, үлгілі мінез-құлқымызбен, жақсы істерімізбен қуантуға тырысамыз. Еліміздің бейбітшілікте, ынтымақ-тастықта, тыныштықта өмір сүруін қалаймыз. Мен үшін Отан – жан сезім! Менің Отаным татулықта болсын деймін, Отаныма жанымның жылуын, жүрегімнің отын Мұқағали Мақатаев айтқандай сыйлауға дайынмын.
Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты батырларымыздың «Жерімізді қайтсек те жауға бер-мейміз» деген ұранмен қол бастап, жауынгерлеріміздің рухын көтергені, Отанына деген махаббатын оятқаны бәрімізге аян. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рух жеңіске алып келді.
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер.
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер, — деп, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бұл өлке нені көрмеді десеңізші! Ғасыр ағынымен қанды шайқасты да, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірді де, өзге мемлекеттердің үстемдік етіп, билік жүргізуін де, бірін-бірі жеуге дейін барған аштық заманды да, табиғаттың дүлей күшін де, бәрін-бәрін көрді!.. Келешек ұрпаққа жетуі үшін тасқа қашап, хатқа түсіріп, бәрін мәңгі өшпестей сақтап жазды. Қазақ халқының іргесі сөгіліп, бірлігі мен ынтымағы кетпеуі жолында дала заңгерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер тер төкті. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірлігі бекем елді жау алмайды» деген қазақ халқының мақалы да халқымыздың қашан да жұмыла бірлесіп ел тізгінін өзгеге бермегеніне дәлел бола алды. Тәуелсіздіктің бізге не бере алатынын түсінген асыл текті бабаларымыз оның жолында жан аямай күресіп бақты. «Осы кісілер тірі болғанда қалай болар еді?» деген сұрақ көкейімнен кеткен емес.
1991 жылы еліміздің басшысы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының жарқын беттері ашылды, егемен ел азаматтарының құқықтарын, мемлекет заңдарын анықтайтын Ата заңымыз қабылданды. Әлем елдері тізімінде жаңа мемлекеттің аты жазылды. Қаншама жылдар бойына тәуелсіздікті армандап келген ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды. Тәуелсіздік алуымыздың ар-қасында қаншама жыл бойы езгіге түскен ана тіліміз қайта жаңғырды.
Тәуелсіздік таңы атқанына міне, 30 жыл толып отыр, осы уақыт ішінде Қазақстан өзін күллі әлемге танытып үлгерді. Аз ғана мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Экономикасы дамып, халықтың жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Өзге елдермен арадағы қарым-қатынастар реттеліп, халықаралық саудаға шығуға мүмкіндік алды. Жастардың шет елдерде оқуға, сол жерде алған білімін Отанында қолдануға мүмкіндіктері пайда болды. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі күшейтілді. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғанда, осы дүние есігін ашқан әр қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейін өз қалауынша тіршілік ету бақыты пайда болды емес пе?! Сол бақытты жандардың бірі – менің де осындай мемлекетте тұруым маған жарқын болашақ сыйлап отыр. Ата-бабамыздан қанымен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейді. Осындай кең байтақ Қазақстанның азаматы болғаныма мақтанамын.

Асылханқызы Анель
Қызылорда облысы,
Қармақшы ауданы,
Төретам кенті
Т.Жүргенов атындағы
№80 мектеп-гимназиясының
6-сынып оқушысы

Жетекшісі: Тнымова Гульназ Казахбаевна
Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі

ПІКІР ЖАЗУ